«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазына қаржысын игеру жайы қалай?

Қазына қаржысын игеру жайы қалай?
ашық дереккөз
Қазына қаржысын игеру жайы қалай?

Қолжетімді тұрғын үйге қолдау көп

Кеше облыс әкімі аппаратының кеңесінде облыс экономикасы үшін маңызды рөл атқаратын түйінді мәселелер қаралды. Алдымен Елбасыдан бастап, ел болып қолдау білдіріп жатқан қолжетімді баспана туралы әңгіме бұл жолы тағы қайталанды. Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев жасаған хабарламада негізінен облыс бойынша «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының іске асырылуы баяндалды. Жалпы, осы аталған бағдарлама бойынша облыста 2020 жылға дейін барлық қаржыландыру көздерінен 2805,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілу жоспарланып, ол мақсатқа бюджет есебінен 78,4 миллиард теңге жоспарланыпты. Дегенмен, бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында тұрғын үй алуға облыс бойынша 12 мыңнан аса адам кезекте тұрса, Тараз қаласы бойынша 8 мыңнан аса адам кезегін күтіп жүр. Қалғандары аудандарда кезекте. Ал, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға кезекке тұрғандар саны облыс бойынша 84 мың адамды құраса, оның 60 мыңнан астамы тараздықтар. Бұл тұрғын үй құрылысы саласында әлі де болса атқарылар жұмыс шаш- етектен екендігін көрсетеді. Дегенмен, «2012-2013 жылдары пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлердің динамикасына қарасақ, облыс әр кезеңде жоспарды 100 пайызға орындап отырған. 2014 жылы 256,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсыру жоспарланып, он айдың қорытындысы бойынша 218,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 103,0 пайызды құрап отыр», – дейді басқарма басшысы Р.Байтелиев. Пайдалануға беріліп жатқан үйлердің ішінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» үлесі аз. Бұл жөнінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аталған банктің облыстық филиалының директоры Қайрат Орынбаевқа банк талаптарына әлі де болса жеңілдіктер енгізу керектігін ұсынды. Себебі, көпшілік жамбылдықтың банкке ай сайынғы берешегі алатын жалақыларына ауыр тиіп жатқан көрінеді. «Мен кез-келген ұсыныстарыңызды қолдауға дайынмын» деген филиал директоры біздегі салынып жатқан үйлердің өзге аймақтармен салыстырғанда тым аз екендігін жасырмады. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент сынды қалаларда банкте тұрғындар кезекте тұрса, Тараздағы филиал көбіне бос тұрады екен.

Сонымен қатар, Рахманқұл Байтелиев Елбасының биылғы Жолдауына байланысты «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп жатқанын да атап өтті. Себебі бұл бағытқа Ұлттық қордан 2015-2016 жылдарға 180 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл жөнінде де қосымша ақпараттар беріп өткен облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне ендігі жерде ширақтық таныту керектігін баса айтты. Өйткені, бұл мол қаржы саладағы көптеген мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндік туғызып отыр.

Хабарламашы сөзінің соңында қайта-қайта бес қабатты үйлер тұрғыза бергенше өзге облыстар мен шетелдің тәжірибесіне сүйеніп, 7-11 қабатты зәулім үйлерді салудың да тиімділігіне тоқтала кетті. Одан бөлек, үйлердің сырт келбеттерінің де, түстерінің де біркелкі болып бара жатқанын еске салды. Бұл сын облыстың бас сәулетшісіне қарата айтылғаны анық еді. Өз кезегінде облыс басшысы да облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Ахметовті тұрғызды, тиісті тапсырмасын жүктеді. Осы мәселенің газетімізде жарияланған мақалада сөз болғанын айта кеткіміз келеді.

Инфрақұрылым қашан жанданады?

Инфрақұрылым демекші, Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында негізінен осы инфрақұрылым мәселесі көп қамтылған. Сан салалы болып келетін бұл салада да облыста аз тірлік атқарылып жатқан жоқ екен. Аппараттық кеңестегі осы екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиев хабарлады. Ол энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2015-2017 жылдар аралығында облыстың жергілікті энергетика нысандары құрылыстарын және елді мекендерді газбен жабдықтау жұмыстарын жүргізуге арналған жоспар әзірленгенін айтып өтті. Осы жоспар негізінде аталған мерзім аралығында жалпы сомасы 45,4 миллиард теңгеге 24 жоба іске асырылуы тиіс. Хабарлама барысында басқарма басшысы энергетика, газбен жабдықтау және коммуналдық саланың инфрақұрылымдары бойынша да жеке-жеке тоқталып өтті. Бұл саладағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Мәселен, Тараз қаласының кәріз суын тазалау жүйесінің бітпес «жыры» биыл онжылдығын атап өтпекші. Сонау 2005 жылы Елбасы мәселе етіп көтерген бұл жоба осы күнге дейін нақты бір шешімін таппаған. Тіпті, қолдан-қолға өткен бұл жобаның қазіргі әкімшісі, яғни жүзеге асырушысының кім екені де шатасып кеткен сияқты. Есесіне, Тараздың шайынды сулары жиналатын карталар қазір апат алдында тұр. Мұны біз газеттің өткен сандарында үлкен мәселе етіп көтерген болатынбыз. Облыс әкімі тиісті орынбасары мен басқарма басшысына осы бағытта тез арада атқа қонуды тапсырды. Ал бүкіл Қазақстан тамсанып жүрген «Тараз-Арена» спорт кешенінде де шешілмеген шаруа бар екен. Онда мамыр айынан бері жылыту жүйесінің пешін модульді пешке ауыстыру ісі тым қиындап кеткен көрінеді. «Аядай ғана пеш емес, әуежай салатын уақыт болды ғой» деп ашынған аймақ басшысы облыстың бас спортшысы Гамлет Қайнарбековке де тездетіп пеш орнатуды тапсырды. Басқарма басшысы келесі жылға уәде берді. Аймақты газдандыру ісінде де кейбір әкімдер ауданда неше елді мекенге газ кіргізгендерінен шатасып жатты. Әсіресе, Шуға Қордайдан жоғары қысымды газ құбыры тартылғанымен әлі күнге оның игілігін шулықтар толық көре алмай отырғаны қатты сынға алынды. Кәрім Нәсбекұлы аудан әкімінің бұл бағыттағы жұмысына көңілі толмайтындығын жасырмады. Инфрақұрылым мәселесінде де қала, аудан әкімдеріне облыс әкімі тарапынан берілген тапсырма аз болмады.

желтоқсандағы жарыс

Хабарламашы, облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаевтың мәліметінше, облыс бюджетінің 2014 жылдың 1 желтоқсанына орындалуы 98,3 пайызға қамтамасыз етіліпті. Яғни, бюджеттің орындалуы кірістер бойынша 187 миллиард 320,2 миллион теңге болса, нақтысы 184 миллиард 69,5 миллион теңге сомасын құраған. Сонымен қатар, меншікті кірістер түсімі де жоспардан кем түскен. Яғни, түсімдер 659,9 миллион теңгеге кем түсіп, жоспар 95,2 пайызға орындалған. Бюджеттік қаражаттардың игерілмеуінде де қынжылыс бар. Себебі, жоспар 95,8 пайызды құрап, 8 миллиард 59,9 миллион теңге сомасындағы бюджет қаражаттары игерілмей қалған. Қаржы басқармасы тарапынан қаражаттардың жыл қорытындысы бойынша болжамды игерілуі бойынша мәліметтердің жинақталғанын айтып өткен А.Қырықбаев биыл 1 миллиард теңгеден астам қаржының игерілмей қалу қаупі барын атап өтті. Өткен жылғы көрсеткіш 99,7 пайызға жеткен, биыл 99,5 пайыз шамасында болмақ. Дегенмен, облыс әкімінің алдында игерілмеген қаржылар бойынша жеке-жеке есеп берген Тараз қаласы мен аудан әкімдері, басқарма басшылары бюджет қаражатын шамалары келгенше толық игеруге уәде берді. Жауаптарында қаржы игеруде мүмкіндіктерінше жұмыс істеп жатқандарын айтты. Дегенмен, қазына тым жақын қалды. Уақыт болса күрмеуге келмейді. Осы күнге дейін игеріліп бітпеген қаражатты игеру жарысы басталып кеткендей көрінді бізге.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар