«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бас жүлде иесі – Күнтуған ата

Бас жүлде иесі – Күнтуған ата
ашық дереккөз
Бас жүлде иесі – Күнтуған ата
Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен және аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ықпалымен «Батаменен ел көгерер» тақырыбында аудандық ақсақалдар байқауы өтті. Байқау ауылдық окургтерден оза шауып, баталы сөзді пір тұтқан, сөздің қадірін жете білген 15 ақсақал қатысты. Байқауды облыстық билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабеков пен аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов ашып, шешен сөйлеп, жақсы бата беретін, көптің құрметіне бөленген ақсақалдарға аталған байқауда сәттілік тіледі. Байқау «Таныстыру», «Сұрақтарға жауап беру», «Мақал-мәтелдер айту», «Бата беру дәстүрі» тақырыптары бойынша өтті. Алдын ала айтатынымыз таныстырудан басқасы ЛЕД экрандағы ұяшықтардан ақсақалдар өздері таңдаған сандар бойынша түскен сұрақтарға жауап беріп отырды. Алғашқы таныстыру сәтінен бастап-ақ түймекенттік қария Күнтуған Ақназаров өзінің білімді, басқа қариялармен салыстырғанда өзін еркін ұстайтын, көп білетін азамат екендігін байқатты. Ардагер ұстаз, ақын ағамыздың өзін өлең жолдарымен таныстыруы да сәтті шықты. Екі сағаттан аса уақытқа созылған ақсақалдардың бата беру байқауы арасында аудандық мәдениет үйінің әншілерімен «Асыл әжелер» тобы бірнеше әндер айтып, байқауға қатысушы қариялардың да, көрермен қауымының да көңілін көтеріп отырды. Байқауға аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, ауданымыздың Құрметті азаматы Жұманғали Құмғанбаев басқарған ауданымызға танымал азаматтар қазылық етті. Оның қорытындысында белгілі ақын Қасқырбай Нарбатыр сөйлеп, байқаудың жоғарғы дәрежеде өткеніне тоқталып, оған қатысқан барлық қарияларға алғысын білдірді. Ал мұндай тәлім-тәрбиелік мәні бар іс- шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба берсе деген тілегін жеткізді. Байқау қорытындысы бойынша басқа қарияларға қарағанда мол ұпай жинаған Түймекент ауылынан келген 75 жастағы қария Күнтуған Ақназаров бас жүлдені жеңіп алып, облыстық ардагерлер байқауына қатысуға жолдаманы жеңіп алды. Ал Ақжар ауылынан келген Ертай Тазабеков бірінші, Абай ауылынан келген Сәрсенбай Қалқожаев екінші орынды иеленді. Екеуі де бірдей ұпай жинаған бурылдық Досқали Садықов пен диқандық Ерназар Монтыбаев жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті. Оларға байқауды ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал қалған барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар берілді.  

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

журналист.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар