Банктік қарыз шарттарында комиссиялардың толық тізбесін көрсету банктердің міндеті (жаңа комиссияларды енгізу бойынша шектеу)
- author «Ақ жол»
- 9 желтоқсан, 2014
- 204
Қаржы проблемасын шешудің бірден-бір амалы болып отырған несие біздің күнделікті өмірімізге тез арада кірігіп кетті және көбіміз несиені әртүрлі мақсатқа ойланбастан аламыз. Қайсыбір банктің несие өнімін таңдау кезінде, біз көбіне олардың тек пайыздық мөлшерлемесіне көңіл аударамыз. Алайда, несие алу және алынған несиені өтеу процесінде несиенің жалпы құнын ұлғайтатын көптеген қосымша төлемдердің несиенің пайыздарына қосылатынын біле бермейміз. Бұл өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындамағаны үшін төленетін айыппұл немесе өсімақы емес, бұл қабылданған міндеттемелерді орындауға қатысты банкке тиесілі комиссиялар болып табылады.
Банктік қызметтер үшін комиссиялар нақты цифрлармен көрсетіледі, мысалы, шотты жүргізу үшін айына 500 теңге немесе несие сомасының пайызы ретінде, шотты жүргізу үшін айына төленетін несие сомасының 0,5%-ы дегендей. Банктер несие беру кезінде қолма-қол ақша қаражаттарын алу үшін, несиені беру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша, өтінішті қарау, шотты жүргізу үшін және тағы да басқа комиссияларды белгілейді. Бұл ретте, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабының 1-тармағына сәйкес банктік қызметті көрсету үшін комиссиялар банктермен өздігінше белгіленеді. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 28 ақпандағы №18 қаулысымен (бұдан әрі - №18 қаулы) бекітілген Банктік қызметтерді көрсету және банктердің банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау ережесінің 10-тармағының 5) тармақшасына сәйкес банк банктік заем шартын жасасқанға дейін банктің пайдасына банктік заемды алуға және қамтамасыз етуге (өтеуге) байланысты комиссиялық ақылардың, тарифтердің және өзге де шығыстардың толық тізбесі мен мөлшерлерін клиентке ауызша түсіндіруі қажет. Клиент комиссиялардың тізбесімен және мөлшерлерімен келіскен жағдайда, бұл банктік қарыз шартында көрсетілуі тиіс. №18 қаулымен несие беруге байланысты алынатын комиссиялардың толық тізбесін және олардың мөлшерін көрсету бойынша банктердің міндеттемелері белгіленген. Банктерге банктік қарыз шартын жасасқаннан кейін комиссиялық сыйақылардың мөлшерін бір жақты ұлғайтуға және де бір жақты тәртіппен жаңа комиссиялардың түрлерін енгізуге тыйым салынады. Әдеттегідей, банктік қызметтерді көрсеткені үшін банктік комиссиялар алынады, оған банктік шотты ашу және жүргізу бойынша операциялар жатады. Осыған орай, ссудалық шотты жүргізу үшін алынатын комиссия туралы тақырып кеңінен талқылануда. Өйткені, баланстық шоттардың компоненті болып табылатын банктегі бухгалтерлік есептің позициясын көрсететін шоттар, дербес шоттар, оның ішінде ссудалық шоттар банктік шоттар болып табылмайды. Осылайша, банктік қарыз шарттарында ссудалық шотты жүргізу комиссиясы тиісті түрде көрсетілген болса да, ол бойынша банктердің іс-әрекеттері заңсыз болып табылады. Егер банктік қарыз шартында ссудалық шотты жүргізу үшін комиссия (әдетте ай сайын несие сомасынан пайыздық түрде) төлеу талаптары болған жағдайда, қарызгерлер оларды төлеуден бас тартуға және ссудалық шотты жүргізгені үшін банкпен алынған комиссияларды қайтару жөнінде сот органдарына жүгінуге құқылы. Жалпы, несиенің нақты құнын анықтау үшін, несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне көңіл аударған жөн, ол комиссиялар және басқа да алымдарды қоса алғандағы, қарызгердің барлық төлемдерінің саны, мөлшері және жиілігі есебімен, несиенің нақты құнын көрсетеді. Демек, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі несиені алумен қатысты қарызгердің барлық шығындарын ашып көрсетеді.
Дәурен ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,
ҚР Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалы қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді