- Advertisement -

Игі істері көп Исмайл

89

- Advertisement -

Бұл кісіні танып-білгеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Қай кезде көрсең де қарбаласта. Бір нәрсені ұйымдастырып, сүрлігіп жүргені. Ондай белсенділігі жастарға үлгі. Аты-жөні – Исмайл Хаджимұратов. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқаны бір бөлек әңгіме.

Кеше ғана Жамбыл ауданындағы Шоқай ауылында қара жолды шаңдатып жүрген Исмайл бала жас ұрпаққа өсиет айтып отыратын жасқа жеткеніне шүкір дейді. Қаракемер орта мектебін бітірген азаматтың білім жолындағы ізденісі Луговой мал-дәрігерлік техникумымен, 1987 жылы Алматы мал дәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірумен жалғасты. Кейінірек Қожа Ахмет Ясауи университетінің Тараз филиалында тарих факультетін қызыл дипломмен бітіргені тағы бар. Түйіндеп айтқанда, бір басына жетерлік білімі бар.

Еңбек жолын 1975 жылы Шоқай ауылында клуб меңгерушісі болып бастады. Іскер жас қарап жүрмей, сол ауылдың мәдениет ошағын жандандырып, драма үйірмесін жүргізді. Оның ұйымдастырған концерттік бағдарламаларына ауыл тұрғындары көп жиналып, қызыға тамашалайтын. Бұл жас маманның ауыл халқына шынайы қызметі еді.

1978 жылы Шоқай ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланғаны да еңбегінің жемісі, елдің ықыласы. Депутат кезінде де бекер жүрмей, Шоқай ауылының көшелерін алғаш рет грейдермен тегістетіп, тас төсетті. Кейіннен табаны күректей 8 жыл Жамбыл аудандық мал дәрігерлік дәріхананың меңгерушісі болып істегенде де шебер маман екенін байқатты. 1990-1993 жылдары Қырғыз Республикасындағы Кемин ауданында Жаңылыш колхозында қосалқы шаруашылықтың төрағасы қызметін де абырой мен атқарып келді. «Еңбек- Тараз» мекемесінде бөлім бастығы, Тараз қаласындағы №51 орта мектебінде директордың орынбасары, Жамбыл стансасы «Әскерилендірілген темір жол күзетінде» диспетчер болып қызмет еткенде де ізгіліктің биігінен түспеді.

2016 жылдан бастап зейнетте. Онда да қарап жүрген жоқ, қоғамдық жұмыстардың басы-қасында.

Аса мектеп-интернатының директоры болған, кейін өмірінің соңына дейін Жамбыл педагогикалық институтының ұстазы, профессор, ғалым Қапаш Тасболатовқа арнайы «Қазақ тілі және әдебиеті» кабинетін жабдықтап бергені де айта жүрерліктей игілікті іс.

Облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі және аталған кеңестің жанындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының алғашқы директоры болды. 2010 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қарашай- Балқар» этно-мәдени орталығы ақсақалдар алқасының мүшесі. Жамбыл облысы бойынша «Желтоқсан көтерілісі – 86» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары. Оның бәрі түсінгенге үлкен іс, көп шаруа.

Кезінде желтоқсаншылар атынан жергілікті әкімдікке ұсыныс айтып, Тараз қаласында жаңарған Желтоқсан саябағына Қайрат Рысқұлбековтің жаңа ескерткішін, «Желтоқсан Ұшқыны» символын, «Желтоқсан толқыны» атты 240 метрлік субұрқақты, «Желтоқсан-86» музейін ашуға атсалысқаны рас. Жас күнінде спорттың күрес түрімен айналысқан. Әр кезде еңбегіне қарай алған марапаттары да жетерлік.

Өмірлік жұбайы Қымбат Жанетовамен шаңырақ көтергендеріне 46 жыл болды. Жұбайы екеуі Ильяс, Меруерт, Фариза, Ержан атты ұл- қыздарды тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отыр.

Исмайл ағаның бірде туу туралы куәлігі жоқ, аттестат ала алмай отырған жетім қыз Әшіркүл Абдіхалыққызына құжаттарын жинап бергені – қандай ізгілік десеңізші. Жеке куәлік, аттестатын алып беріп ғана қоймай, Жамбыл политехникалық колледжіне оқуға түсіріп жібергенде сол қыз қандай қуанды десеңізші! Еш туыстық жақындығы болмаса да жетім қызды тұрмысқа ұзатып, тойын, құдалығын өткізгені ше? Есепке толы өмірде есептеспей жасаған игі ісі ғой. Азаматтың осылай көптеген жағдайы төмен отбасыларға әрдайым көмектесіп жүргеніне де куәміз.

Исмайл Хаджимуратов жеті бел асып жетпісінші көктемін қарсы алып отыр. Алда арайлап ататын көктемдері көп болғай!

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support