Кәсіптік білім және бизнес әріптестер

Кәсіптік білім және  бизнес әріптестер
ашық дереккөз
Кәсіптік білім және бизнес әріптестер

Таяуда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыруымен өткен «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты» атты халықаралық форумға облыстық білім басқармасы, кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері және өңіріміздің ірі кәсіпорындарының жетекшілері қатысып қайтты. Аталған іс-шараның мақсаты – Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай – 20 қадам» мақаласында көрсетілгендей, мемлекеттің, жеке сектор мен кәсіби бірлестіктердің әріптестік механизмдері болатын әлеуметтік-еңбек қарым-қатынасының тиімді моделін құру болып табылады. Форумда Премьер-Министрдің орынбасары Б. М. Сапарбаев, Білім және ғылым министрі А.Б. Сәрінжіпов Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында техникалық және кәсіптік білім жүйесінің алдына қойылған міндеттердің орындалуы, яғни аталған жүйенің мазмұнын жаңарту, мамандықтар жіктеуішіне енгізілген өзгерістер, дуальдік оқыту бойынша кәсіпорындар мен оқу орындарының өзара іс-қимылдарының тиімділігі, бітірушілердің практикасы және жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мониторингі қорытындысы туралы баяндады. Болашақта техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, кәсіптік стандарттар негізінде модульдік бағдарламалар әзірлеу, «Кәсіпқор» Холдингі АҚ арқылы оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін жоғарылату, «World SkiiIs» жобасына қатысу жолымен стандарттар сапасын арттыру, колледждердің материалдық-техникалық базасын дамыту, қарапайым еңбек адамына деген құрметті қалыптастыру арқылы кәсіби бағдар беру жұмыстарын күшейту жолымен аталған жүйенің беделін арттыру бағыттарында нақты жоспарлар жүзеге асырылатыны жөнінде жан-жақты айтылды. «2014 жылғы Әріптестік көшбасшылары» марапаттау салтанатында орта буынды мамандар даярлауға қосқан сүбелі үлесі үшін колледждердің белсенді әріптес-жұмыс берушілері Білім және ғылым министрінің арнайы дипломы және форум статуэткасымен марапатталды. Біздің облыстан осындай жоғары марапатқа облыс әкімдігінің білім басқармасының «Жамбыл политехникалық колледжі» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны әлеуметтік серіктестері «Казфосфат» ЖШС (бас директоры М. Ескендіров), «Энерджи-Тараз» ЖШС (директоры Қ. Баратов) ие болды. Форумның бағдарламасы аясында өткізілген секциялық отырыстарда дуальдік оқытуды ендірудің қажетті жағдайлары туралы неміс тәжірибесі, Челябинск құбыртарту зауытының жұмыс тәжірибесі, жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесінің негізгі ережелері, жұмыс берушілердің талаптарын ескеру, жаңа білім беру бағдарламаларын құру жөнінде айтылды. Екі топқа бөлінген форум қатысушылары нысандарға бару жоспарына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ Көліктегі технологиялар орталығы, «Тұлпар-Тальго» ЖШС Қазақстан жедел теміржол вагондарын жасау зауыты, Астана политехникалық және кәсіптік-техникалық колледждеріне барды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында атап көрсеткендей, «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы біздің ауқымды қадамымыз... экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады... Облысымыздың техникалық және кәсіптік білім жүйесі атынан 6-шы Халықаралық форумда кәсіптік білім мен бизнестің әріптес ретіндегі ашық сұхбатына қатысып, бизнеспен өзара іс-қимылдың жаңартылған тәсілдерін үйрену бізге Жаңа Экономикалық Саясаттың инфрақұрылымдық даму жоспарын жүзеге асыруға қажетті техникалық мамандарды сапалы даярлауды міндеттейді.

Жанар Орынбаева, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.

Ұқсас жаңалықтар