Кемел Келешекке жетелейді

Кемел Келешекке жетелейді
ашық дереккөз
Кемел Келешекке жетелейді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында білім саласына басымдық беруі бекер емес. Ел болашағы – жастар. Ал келешегіміздің кемелді болуы өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына тікелей байланысты. Президенттің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы жастарға не береді? Алдымен, осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Біріншіден, мемлекеттің басты құжаты атауының өзі көп нәрсені айтып тұрғандай кемел келешекке жол ашады. Еліміздің ертеңгі тұтқасы – жас ұрпақтың қолында. Ал олардың болашағы баянды болуы үшін бүгін қандай маңызды қадамдар жасалуы қажет? Елімізді өркендету үшін экономиканың әр бағыты қарқынды дамуы тиіс. Яғни, әрбір салаға білікті де білімді мамандар қажет. Ал білімнің негізі – балабақшада қаланатыны белгілі. Мемлекет басшысы мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын түбегейлі қысқартуды көздеп отыр. Үкіметке осы мақсатқа 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырды. Әкімдерге жеке секторды тарта отырып, бұл жұмысты мейлінше тиімді шешуді жүктеді. Жолдаудағы басымдықтың бірі – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға берілгені мәлім. Бұл ретте де, Президент ең бірінші кезекке өңірлердегі апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер проблемасын шығарды. Кейбір елді мекендерде әлі күнге саман кірпіштен соғылған білім ошақтары әлі де баршылық. Жыл сайын мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы бұл мәселені 2017 жылға дейін түпкілікті жоюға мүмкіндік бермеуде. Сондықтан, Елбасы бұл жұмыстарға қосымша 70 миллиард теңге қаржы бөлінетінін айтты. Ұлт Көшбасшысы өз Жолдауында білім саласының үшінші сатысын қамтуды да ұмытқан жоқ. Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 жоғары оқу орнын анықтап, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылатынын мәлімдеді. Осы бағытқа 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бөлінбек. Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту – уақыт талабы. Өйткені, заманауи технологияларда жұмыс істеуді оқып-үйренбеген адам өмір көшінен қалады. Көпке топырақ шашпаймыз. Десе де, халықаралық сараптаулардың қорытындысында ел жастарының теориялық білімі жоғары екенін көрсеткенімен, жас мамандар оқыған-тоқығанын тәжірибе жүзінде іске асыруға қабілетсіз болып шыққаны мәлім. Сондықтан, Елбасы бастамасы осы бір олқылықтың орнын толтырады деген сенімдеміз. Қорыта айтқанда, Жолдаудың жастарға берері көп. Бастысы – мемлекеттік құжатта жас ұрпақтың сапалы білім алып, тәрбиелі, өнегелі азамат болып өсуі үшін олардың ата-аналарының әлеуметтік ахуалы тұрақты болуы жан-жақты қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік-экономикалық салаларды қамтыған жеті бағыттағы инфрақұрылымдық жобалар және оларды жүзеге асыру барысында тәуелсіз Қазақстанның қуатын арттыру мәселелері толық қамтылған. Елбасының көреген саясатының нәтижесінде Қазақстан дағдарыстың алдын алу, сақтану шараларын іске асырған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі десек артық айтқандық емес. Ел игілігі үшін «Ұлттық қордың» құрылуы – соның айқын дәлелі.

Мақсұт ДӘуітбаев, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы.

Ұқсас жаңалықтар