Шу қаласының бюджеті 3 есеге артқан
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Шу ауданындағы жұмыс сапары Көкқайнар ауылдық округінен басталды. Бүгінде бұл елді мекенде су шығару ғимараты мен су құбырлары жүйелерінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Өткен жылы басталған жұмыс алдағы маусым айында толығымен аяқталады деп күтілуде. «Интеллект-Азия» серіктестігі қолға алған жобаның құны – 262,6 миллион теңге. Нұржан Молдиярұлы жауаптыларға нысанды мерзімінде әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырды. Жалпы, екі мыңға жуық халық қоныстанған округте бас-аяғы 7 әлеуметтік нысан, 71 жеке шаруа қожалығы бар. Былтыр 24 қожалық мал басына 42 миллион 222 мың теңге субсидия алған. Жыл өткен сайын төрт түліктің саны артқанына байланысты былтыр ауыл маңындағы 1040 гектар алқап тұрғындардың игілігіне берілген. Сондай-ақ, 2040 гектарға күздік бидай, 1980 гектарға жаздық арпа, 80 гектарға жүгері және 10 гектарға қызылша егілген.
Ауыл тұрғындарымен өткен кезде суде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жайылымдық жерлердің тапшылығын шешу ең бірінші кезекте ауыл әкімдерінің міндеті екенін атап өтті.
– Жыл басынан бері 28 ауылдық округте 574 кездесу өтті. Жалпы, бұл жиындарда 4 мыңға жуық ұсыныс- тілектер айтылды. Қазіргі таңда олардың 20 пайызы тұрақты бақылауға алынып отыр. Шу ауданының тұрғындарымен осымен екінші рет кездесіп отырмыз. Әрине, аудандағы елді мекендерде әлі күнге шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар. Оны жасырудың қажеті жоқ. Мәселен, көкқайнарлық ағайын үшін ағын су мен мал жайылымы өзекті болып отыр. Жаңа ғана ауыл маңында жүргізіліп жатқан су шығару ғимараты мен су құбырлары жүйелерінің құрылыс жұмыстарымен таныстым. Жауапты мердігер бұл нысанды мерзімінде тапсыруы тиіс. Осылайша, жергілікті тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Ал, жайылымдық жерге қатысты мәселені шешу үшін жүйелі жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Мал жаятын өрістің жыл өткен сайын азайып кетуінің басты себебі – көп жерлердің жекенің меншігіне өтіп кетуі. Біз бұл бағыттағы жұмысты дұрыс ұйымдастырып, осы күнге дейін 200 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтардық. Жайылымдық жер мәселесінің туындауына негізінен төрт түлік малдың басым көпшілігі ауыл маңына жақын аумақтарда ұсталуы да себеп болып отыр. 2017 жылы «Жайылымдар туралы» заң қабылданғаны белгілі. Ең бастысы, бұл заңды халық біліп, ауыл жұрты түсінуі керек. Белгілі бір топтардың мүддесіне емес, халықтың алаңдатқан мәселесін шешіп беретін заңға сәйкес ауыл әкімдері тынбай еңбек етуі керек, – деген Н.Нұржігітов ауылдық округ әкімі Қуатбек Жамбыловқа нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, кездесу барысында өңір басшысы ауылдықтардың толғандырған мәселелеріне назар аударып, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Тұрғындар негізінен мектепті күрделі жөндеуден өткізу, онда еңбек кабинетін жабдықтау, спорт кешенін салу, мәдениет үйін жөндеу және жер телімін беру сынды мәселелерді көтерді. Әрбір сауалға нақты жауап берген облыс әкімі аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Айта кетейік, көкқайнарлықтар «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін наурыз айынан бастап тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаға ауылдағы 285 ауланың 152-сі қатысуға ниет білдіріп отыр.
Келесі кезекте аймақ басшысы Тасөткел су қоймасының жай-күйімен танысты. 620 миллион текше метр су жинауға қауқарлы аталмыш қоймадағы судың көлемі қажеттілікке қарай өзгеріп отырады. Сондай-ақ, су қоймасынан ұзындығы 38,3 шақырымды құрайтын сол жағалау магистрал каналы мен ұзындығы 48,8 шақырымды құрайтын оң жағалау магистрал каналы және ұзындығы 52,7 шақырымды құрайтын Тасөткел магистралды каналына су бөлініп жатыр. Аталған каналдар аудандағы егіс алқаптарына ағын су жеткізуде үлкен маңызға ие екенін айта кеткен жөн. Қазіргі кезде Тасөткел су қоймасында қайта жаңғырту жұмыстары, яғни сейсмотұрақтылығын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына жауапты «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС 2020 жылдың маусым айынан бері мұндағы жұмысты қолға алған. Нұржан Молдиярұлы аудандағы егістік алқаптарында су сорғылары көп орналасқанын, соның салдарынан судың шығыны да ұлғайып отырғанын айтты. Осыған байланысты аудан әкімі Бақытжан Жәнібековке ағын суды үнемдеп пайдалануды тапсырды. Атап өтерлігі, су қоймасындағы сейсмотұрақтылығын нығайту жұмыстары толық аяқталғанда аудан шаруалары ағын су тапшылығын көрмейді деген сенім мол.
Меркі-Бурылбайтал республикалық маңызы бар тасжолының Шу өзені арқылы өтетін Аңдасбай көпірі Д.Қонаев, Бірлік, Жаңақоғам, Далақайнар және Шоқпар елді мекендерін аудан орталығы Төле би ауылымен жалғап тұр. Қытайлық «Синьсин құрылыс және дамыту қытай компаниясы» былтырдан бері мұнда құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жоба құны – 7,9 миллиард теңге. Көпір құрылысының жүру барысымен танысқан облыс әкімі бұл жұмыстар аудан басшылығының үнемі бақылауында болуы қажеттігін айтып, тұрғындардың өтініші бойынша көпір маңынан уақытша өткел салуды тапсырды. Ал, дәл осы күре жолдың бойындағы Тельман каналы арқылы өтетін көпірдің құрылыс жұмыстары 1 маусымда аяқталады деп күтілуде. Облыс әкімі жауаптыларға бұл жұмыстарды сапалы орындауды жүктеді.
Мұнан соң аудандық мәдениет үйінде жиын өткізген Нұржан Нұржігітов жергілікті тұрғындармен өзекті мәселелерді талқылады. Басқосуда әуелі Шу қаласының жуырда ғана сайланған әкімі Елдос Нұрәлиев шағын шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен хабардар етті. Оның айтуынша, биыл қаланың бюджеті 938 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан.
– Есепті кезеңде қала бюджеті 326-дан 938 миллионға жетті. Оның ішінде, 520 миллион теңге сәуір айында облыстық бюджетті нақтылау кезінде берілді. Жыл басынан бері жергілікті салық түсімдері бойынша 85,3 миллион теңге қазынаға құйылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады, – деген Елдос Бекболатұлы бірқатар мәселелерге де тоқталды. Мәселен, қаладағы 9406 ауланың 6978-і ауыз суға қосылса, Қант зауыты, Жанкулиев, Жайсан және Горгаз тұрғын үй алқаптарындағы тұрғындары әзірге мұндай мүмкіндікке ие бола алмай отыр. Ал, қаладағы кәріз жүйелерінің 86 пайызы тозған. Бүгінде кәріз және шайынды су жүйелерін қайта жаңғыртуға аудандық бюджеттен 45 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіпті. Бұдан бөлек, 119 көппәтерлі тұрғын үйлердің 54-не табиғи газ тартылса, ал 65 көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары ас дайындау үшін пропан балондарын пайдалануға мәжбүр. Биыл 37 тұрғын үйді табиғи газға қосу жоспарлануда екен. Сондай-ақ, қаладағы электр желілерінің 70 пайызының тозығы жетсе, Жанкулиев массивіндегі қосалқы станциясын іске қосу үшін аудандық бюджеттен техникалық қызмет көрсетуге 26 миллион теңге бөлініпті.
Облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселелер оң шешімін табуы тиістігін назарға алып, жастарды еңбекке тартуды міндеттеді. Сонымен қатар, маман тапшылығы бар медицина саласының көрсеткіштерін жақсартуды, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспановаға аудан басшыларымен бірлесіп, бұл бағытта медицина саласында жетіспейтін 15 маманды дайындау, оқыту жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін жеткізді.
– Өздеріңіз білетіндей, қалада көптеген мәселелер қордаланып қалған. Ол мәселелердің барлығын кезең-кезеңімен шешу бойынша жұмыстар атқарылады. Ол үшін үш жылдық жоспар да әзірленген. Облыстан қолдау болады. Биылдың өзінде қаланың бюджетін үш есеге арттырып отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Нұржан Нұржігітов.
Кездесуден кейін аймақ басшысы бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сапар соңында Нұржан Молдиярұлы жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен Шу қалалық емхана мен аурухананың жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, аудандық орталық ауруханаға бас сұғып, онда ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайларын білді.
Есен ӨТЕУЛІ
Шу ауданы
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді