- Advertisement -

Көзден де, көңілден де кетпейді…

85

- Advertisement -

Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін күресіп, өмірін бәйгеге тіккен мамандық иелері барлық құрметке лайық. Олардың еңбегі қалай бағаланса да жарасады. Сондай бейбіт күннің батырларының қатарында Байзақ ауданы, Бәйтерек ауылдық округіне қарасты, Базарбай ауылының тұрғыны, өрт сөндіру маманы болған Бауыржан Дауытбаев та бар. 2021 жылы Байзақ ауданында болған жарылыста ерлігімен танылған ол содан бері дерексіз. Ата-анасы, жары, отбасы Бауыржанды әлі күнге дейін іздейді. Ал 5 жастағы ұлы Ақәділ «Әкем неге келмей жатыр?» деп күн сайын сұрайды екен.

2021 жылғы тамыз айындағы жарылыстан талай шаңырақтың зардап шеккені белгілі. Солардың ішінде әлі де көңілі тыншымай, сол күні елдің қауіпсіздігі үшін аталған жарылыс алаңында қызметте болған баласын іздеп жүрген кісі бар. Ол Бауыржанның әкесі – Талғат Дауытбаев. Марқұм болды дейін десе, бауыр еті баласының мәйітін көрген жоқ. Өмірде бар дейін десе, содан бері еш хабары жоқ.

Осы тұста ел қауіпсіздігі үшін соңғы сәтке дейін қызмет атқарған Бауыржан Талғатұлының өмір жолына тоқталсақ. Ол 1987 жылы 24 қыркүйекте аталған Базарбай ауылында туған. Сол ауылдық округтегі А.Пушкин орта мектебін 2004 жылы, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын 2008 жылы бітірген. №5 әскери бригадада қызмет еткен. 2009 жылдан №28349 өрт сөндіру бригадасында бөлімше командирі болып жұмыс істеп келген. Үйленген. Бес ұл-қызы бар. Жарының аты – Ділназ. Жасұлан, Ілияс, Айлара, Ақәділ, Амангелді атты ұл-қыздары бар.

Жарылыс болатын күні Бауыржан кішкентайын сүннетке отырғызайын деп жұмысынан үзіліс алған екен. Алайда, кешкілік жұмысына шұғыл шақырылған. Жұбайы Ділназдың айтуынша, үйінен сағат кешкі 18:57-де шығып кеткен. Сол кеткеннен әлі күнге дейін оралмайтынын ол кезде ешкім білген жоқ еді…

Жарылыс болып жатыр дегенді естіп әкесі Талғат шыдай алмай, баласының жұмыс жағына барған. Ол – жарылыс алаңы. Бұл жайлы Талғат Дауытбаев: «Жарылыс аумағына кірдім. Мен барғанда төңірек шаң, түтін болып кетті. Есік, терезелер сынған. Қарсы алдымнан үш сарбаз асығыс өтті. Олардан Бауыржанды сұрап едім «Көрмедік, аға» деді. Содан әлгі әскери қойманы бір айналып, қайтадан ауыз жағына келсем, «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының қолбасшысы Қарақұлов тұр екен. «Сіз не істеп жүрсіз? Бұл жерде ешкім жоқ. Барлығын алып кеттік. Бұл жер қазір жарылады. Қайтыңыз. Қауіпті» деді. Аталған аймақтан сәл ұзай бергенімде алапат жарылыс болды. Айнала тегіс қызыл жалынға оранып, жарқылдап кетті. Үлгеріппін. Егер 2-3 минут кешіккенімде аман қалу мүмкін емес шығар деп ойладым.

Содан «Жедел жәрдемге» қоңырау шалдық. Төтенше жағдай қызметіне хабарластық. Әбігерге түстік. Үйге келсем біздің ауыл тұрғындарын Сарыкемерге көшіріп, паналатқан екен. Алдымнан екі полиция қызметкері шығып, жағдайды солай түсіндірді. Содан облыстық, қалалық, аудандық аурухананың бәріне хабарласып, балам туралы сұрадық. Аты-жөнін, фамилиясын айттық. «Қалалық аурухананың жертөлесінде жатыр» деген бір хабар алдық. Кім айтқанын да білмейміз. Қайтадан анықтап сұрап едік, Бауыржанды көрген ешкім жоқ болып шықты. Аурухана, әскери госпитальдың ешқайсысында жоқ. 17 азаматтың мәйітін шығарды. Ал, менің балам жоқ. Өмірде бар екені де, жоқ екені де белгісіз. Әлі күнге солай. Арнайы құрылымдар арқылы сырт аймақтың бәрін іздеттік. Жоқ, табылмады.

Аталған оқиғаның ертеңіне, 27 тамыз күні бір солдаттың беталды кетіп бара жатқанын мал жайып жүрген егде кісілер көрген. «Әлгі сарбаздың жүзінде еш реакция жоқ. Көзін бір ғана бағытқа қадап, кетіп бара жатты» дейді көргендер. Арада 27 күн өткенде тау етегінен сақал шашы өсіп кеткен жігітті біреулер көрген. Ол жігіт нан, су, темекі сұраған. Әйтеуір баламыз жоқ. Тікұшақ та ұшырдық, 500 сарбаз қатар жұмылып та іздеді. Таппады. Хабары болмай кетті. Арнайы мамандар «Балаңыздың сүйегі осы» деп аз ғана бөлігін көрсетті. Ол біздің баланікі ме, жоқ па, көзіміз жетпей жатыр. Көңіліміз жамандыққа сенбейді. Телеарнаның бірінде Шымкентте «Опат болды» деген сарбаз аман-есен болып шыққаны туралы айтты. Сондайды естігенде жанымыз жай таппайды. Балам бір жерде аман-есен жүргендей көрінеді. Мәйітін анық көріп, көңіліміз суымаған соң, жамандыққа қимайсың. Жүрегіміз қан жылайды. Бұл бір азап екен. Менің балам біреумен ерегісетіндей де бала емес еді. Темекі шекпейтін, арақ ішпейтін. Ешкімге жаманшылығы жоқ еді», деді әкесі.

Батырдың анасы Фатима да үмітін үзбейді. Ал, бес жасар ұлы Ақәділ «Әкем неге келмей жатыр?» деп жылап іздейді екен. Өзі ғана жыламай, үй-ішін тегіс жылатады.

Біз Байзақ ауданы, Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Қуаныш Жұмановпен хабарластық. «Әрине, бұл оңай жағдай емес. Батырдың отбасындағы кісілердің жағдайын түсініп отырмыз. Былтыр дерегі табылып, денесінің бір бөлшегі ата-анасына, отбасына көрсетілді. Ол сараптамамен дәлелденген. Сол табылған дене бөлшегі жерленді. Біз батыр Бауыржан Дауытбаевтың есімін ардақтаймыз. Аудандық мәдениет үйі алдындағы ескерткішке Бауыржанның да суретін ілдіріп, есімін жаздырып жатырмыз. Өзіміздің округте, Бауыржан оқыған мектепте батырдың ерлігін үлгі етіп іс-шаралар өткізуде. Арнайы сынып сағаттары өтіп жатыр. Бауыржан Дауытбаев – батыр. Ерлігі үшін мемлекеттік марапатқа ұсынылып, отбасына тапсырылуы қажет деп ойлаймын. Оны батырдың еңбек еткен мекемесі тиісті жауапты органдарға ұсынуы тиіс. Біз батыр Бауыржанның ерлігі жас ұрпаққа үлгі ете береміз. Оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеуде батырлардың ісі – өнегелі жол» деді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support