Онда әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Лениннің сенімді серігі С.М.Киров есімімен аталатын. Жоғары оқу орнының бас корпусы да Киров көшесінің бойында еді. Абай атындағы театр, бас пошта ғимараты, сәл алда Жазушылар одағының үйі болып, жалғасып кете беретін.
Алматының қақ төрінде болған соң, республикалық мекемелер шоғырланған, жасыл желегі тамылжыған тамаша жер. Бас корпустың алдында «Аққу» аталатын жаздық кафе бар. Жаз шығып, күн жылына кафе іргесіндегі жасанды шағын айдынға бір жұп аққу пайда бола кететін. Онда ауылдың аңғал бозбаласы – біздер оның қайдан келіп, қалай пайда болатынына бас қатыра бермейміз. Құс төресі қос аққуды тамашалаған болып, «ауылдан тиын-тебен келді ме екен» деп пошта жақты торуылдап кеткен достардың жолын күтеміз. Екі езуі екі құлағына жетіп, ыржалаңдап келе жатса, Құдай берді дей бер. Сол Киров көшесінің бойында таяқ-тастам жердегі «Пельменный» аталатын асхананы ұмытамыз онда. Алшаңдап барып, «Аққудың» төрінен бір-ақ шығамыз. Дәмді тамақпен бірге «аққайнардың» екі-үшеуін босатып тастап барып, тұрамыз ғой кәдімгі «жау қайтарғандай» болып. Осылай бір жағынан оқып, екінші жағынан сауық-сайран құрып жүргенімізде Қазақстандағы бірегей құрылыс саналған ҚазМУ қалашығы күн санап, бой көтере бастады. Анау-мынау жоғары оқу орны емес, республикамыздағы бар-жоғы екі университеттің бірінің қалашығы тікелей қазақ халқының даңқты перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың пәрменімен салынып жатқанынан хабардармыз. Оның үстіне университет ректоры Өмірбек Жолдасбековтің де атағы жер жарып тұрған шақ. Ректордың ғылыми атақтарын былай қойғанның өзінде, Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшесі, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты. Жарықтық республикамыздағы бірінші кісінің алдына білім беру қалашығы мәселелерімен жиі барады дегенді естиміз. Қалай болғанда да қазақтың екі арда ұлы ел ертеңін ойлап, қиыннан қиыстырып, Алатаудың іргесіндегі табиғаты тамылжыған жерден аумағы атшаптырым келетін ҚазМУ қалашығын салдырды. Әдебиет алыптарының бірі Зейнолла Қабдолов пен қазақ журналистикасының қатепті қара нары Темірбек Қожакеев бастаған академиктер, ғылым докторлары мен профессорлар, доценттер, тіпті кандидаттық диссертацияларын әні-міне қорғап келген жас ұстаздар жаңа қалашықтағы журналистика факультетінің аудиторияларында лекцияларын одан әрі жалғастырды. Біздің алдыңғы толқын сол кездегі жас ұстаздар, бүгінде елге белгілі ғалым-әдебиетшілер Жанғара Дәдебаев, Намазалы Омашев және Шәкір Ыбыраевтың дәрісін тыңдаған жоқ, әрине. Керісінше бүгінде «Ақ жол» газетінің шығармашылық ұжымында еңбек етіп жүрген 60 жасқа дейінгі университет түлектерінің барлығы жас ұстаздардың дәрісін тыңдады, әдебиет сынды кең әлемді бірге шарлады. ҚазМУ десе оның түлектерінің қай-қайсының да жүрегі алып-ұшады. Сонау сағымға айналған студенттік жылдар тізбегі келеді көз алдыңа. Біздер қазақ әдебиетінің тағы бір аса білгірі Тұрсынбек Кәкішевтің де дәрісін тыңдадық. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін жемісті атқарған, негізгі мамандығы журналист Кәкімжан Қазыбаевтың алдында диплом қорғағандарымыз да бар. Филфактан келіп, лекция оқитын Алма апай Қыраубаеваның лекциясынан қалуды студенттер «күнә» санайтын. Апайдың жай оқыған лекциясының өзінен әдемі бір әннің сазы сезілетіндей. Бәлкім ол бойына біткен әдебиетшілігімен қатар, жезтаңдай әншілігінен шығар. Шәкірттерінің бірде біреуінің тегін атамай, есімін айтатын. Жас студенттер анасының алдында отырғандай еркелеуші еді. Әттең ертерек кетті мына жалғаннан... Ғұмырының соңғы күніне дейін журналистика факультетінде ұстаздық еткен Тауман Амандосовтың лекциясы қандай еді, шіркін! Қыздарға «филфакқа барыңдар» деп «қырғидай» тигенімен сессияда үлкен жүрегі елжіреп кетуші еді жарықтықтың. Бір студенттің ол кісінің сыртынан ғайбат сөз айтқанын естімеппіз. Жатқан жерің жайлы болсын, ұстаз! Әбілфайыз Ыдырысов ше? Секретариаттың миға қона бермейтін жұмысын қолға ұстатқандай түсіндіретін. Ол заман қазіргідей компьютер заманы емес. Әр газет нөмірінің макеті сызылатын. «Жирный», «полужирный» дегенді де алғаш рет Әбілфайыз ағайдан естідік. Ұстаздың бір мықтылығы аяғыңды «алыс-шалыс» басып қалсаң, деканатқа жеткізбейтін, жалпы ешкімге тіс жармаушы еді. Факультеттегі алдыңғы толқын аға ұстаздардан бүгінде арамызда аман-сау жүргені сол кісі ғана. Құдай қуат берсін! Анда-санда лекция оқып кететін белгілі ақындар Қадыр Мырза Әлі, Асқар Егеубаевтың дәрістері де «дәмді» болатын. Абдул-Хамит Мархабаев, Қоянбек Ахметов, Рахым Сатаев ағайлардың білімі мен білігі бір төбе еді. Шетел әдебиетінен Сагалович және Марозова деген апайлар дәріс берді. Ауылда орыс көрмеген студенттердің сорын осы екеуі қайнатты. Бірде өзіміз сияқты ауылдан келген журфактың студенттерінің бірі әлгі пәннен емтиханға келеді. Орысша бірауыз сөз білмейтін ол: «можна қазақша» дейді ғой салған жерден. «Говарий» деп саңқ етіпті Сагалович. Жалпы сұрақтың жауабын «шпаргалка» арқылы сезіп тұр. Содан бір қолын көпір қылып, екінші қолын ат қылып, көпір астынан шауып бара жатқан салт аттының көрінісін көрсетеді. Апай көзінен жас аққанша күліпті, емтихан сұрағына жауап беруге дайын отырған курстастары да қыран-топан дейді. Журфактың студенттерінің өмірінде мұндай-мұндай оқиғаларды айта берсек бір мақала емес, бірнеше кітапқа жүк болады. Сагаловичтің сабағының арқасында Проспер Мериме, Антуан де Экзюпери шығармаларымен таныстық. Қара шаңырақтың мерейлі тойында мазасыз мамандық – журналистиканың қыры мен сырына үйретіп, біздерді бала құстай баптаған арамызда аман-сау жүрген, өмірден өтіп кеткен біраз ұстаздарымызды еске алдық. Әлбетте, бес жыл студенттік өмірде жоғары білім алуымызға аянбай тер төккен ұстаздарымыздың барлығын бірдей атын атап, түсін түстеп шығуға мүмкіндік жоқ. ҚазМУ қалашығы ойға оралса, болашақ журналистердің бес жыл мекені болатын бесінші жатақханадағы қайнаған өмір келеді көз алдыңа. Бірақ, ол өзінше бір әлем саналатын жатақханада бес жыл бойы тұру бақыты екінің бірінің басына қона бермейді. Бірінші, темірдей тәртіпті талап ететін деканымыз Темірбек ағайдың қаһарына ұшырап немесе жатақхана коменданты Любовь Шаманайдың шамына тисең «қара тізімге» іліндім дей бер. Жаңа оқу жылында онда жолдама алмақ түгілі, Любовь апамыз есігінен сығалатпайды. Тек қана түн жамыла жатақханада тұратын бақытты курстастар екінші қабаттан «простынямен» жоғары сүйреп шығарып, жасырынып, қонып-кетіп жүресің. Ашық ауыз «вахтер» кемпірлер сезіп қалса, обалың қай бөлмеге түнеп шықтың сонда тұратын студенттерге тиді дей бер. Әр қадамды аңдып басып, кірген балконнан ертеңгілік жымымызды сездірмей талай рет секіріп кеттік те. Қайран жастық, албырт шақ! Сөйтіп, өз жатақханамызға өзіміз «кірме» болып жүріп, журфактың қыздарын өзгелерден өлердей қызғанатынбыз. Талай әріптес-қыздардың махаббатын қағып, обалына қалдық-ау деп ойлау қайда онда. Соның да әсері шығар, бесінші жатақханада тұратын журфактың студенттері бір-бірімен үйленіп, отау құрып жататын. «Алатау» жатақханасында қалашықты салып жатқан жергілікті ұлттан шыққан құрылысшы-жастар тұрды. Сол кездегі қалыптасқан қағида ма, жоқ әлде сұңғыла жан, қазақ халқының біртуар азаматтарының бірі болған ректорымыз Өмірбек Жолдасбековтің ұлттық кадрларға деген жанашырлығы ма, әйтеуір, біз білетін алатаулық жастардың көбі ҚазМУ-дың студенті атанды. Бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген олардың біразымен хабарласып, араласып тұрамыз. ҚазМУ дегенде әр жылғы түлектері – Бауыржан Үсенов, Дихан Әбдиев және Мұхтар Бөпетаев сынды о дүниелік болып кеткен жерлестеріміз келеді көз алдымызға. Өткен ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының сал-серісі, батырлар мен ақындар мекені – Жуалы ауданының тумасы, ер Баукең туралы «Ақ жол» газеті аз жазған жоқ. Дихан жарықтық Шу ауданының түлегі еді. Өмірінің соңғы жылдары өзінің туған өңірінде аудандық басылымның редакторы болды. Екеуі де жан-жақты өнерлі жігіттер еді. Ал, Мұхтар Таластың Үшаралынан ұшып шықты. Жас та болса қазақтың мен деген азаматы болып қалыптасып келе жатқанда ерте кетті. Журналистикадағы еңбек жолдарын «Ақ жолда» бастап, өмірінің нүктесін осы облыстың бас басылымында қойып кеткен университет түлектері де аз емес. Басылымның мерейтойларындағы шараларда бақилық болған ондай әріптестердің есімдері ардақталып, рухтарына тағзым етіледі. Кеше Мелмекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев университетте өтіп жатқан инновациялық форумға қатысты. Шара барысында Елбасы университет базасында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың көрмесін тамашалап, әр жобаға қатысты сұрақтар қойды. Ректор Ғалымқайыр Мұтанов Мемлекет басшысын оқу орнының жетістіктері мен университет қабырғасында жүзеге асырылып келе жатқан медициналық-биологиялық инновациялық кластердің жұмысымен таныстырды. Аталған кластер бойынша мелекеттік-жеке әріптестік принцип негізінде жобаларды жүзеге асыруға 500 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы тартылуда. Оқу орнында инновациялық бағыттағы алғашқы қадам ретінде Оңтүстік Кореялық әріптестермен бірге медициналық диагностикалық орталықтың ашылуын айтуға болады. Жобаға 1,2 миллиард теңге инвестиция салынған. Университет базасында және бір жоба «Инжиниринг пен ғылыми қамтымды технологиялар» инновациялық кластерін құру «Алатау» арнайы экономикалық аймағымен бірге жүзеге асырылмақ. Технопарк пен бизнес-инкубатор, ҒЗИ зертханалық корпустарының, студенттер жатақханасының құрылысына 9,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегисында білімге негізделген экономикаға баса назар аударғаны баршамызға аян. Бұл жерде университеттер шешуші рөл атқаруы тиіс. Осы бағытта жемісті жұмыс жасап келе жатқан Қазақ ұлттық университетінің толағай табысына қарап әрқайсымыздың бойымызды «менің университетім» деген мақтаныш сезімі кернеді. Білім ордасының даңқты бабамыз әбу Насыр әл-Фарабидің есімімен аталуы да бекер емес шығар!
«Ақ жол» газетінде еңбек етіп жүрген университеттің әр жылдардағы түлектері:
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ (1985 жыл), Құрманбек ӘЛІМЖАН (1983 жыл), Болат ЖАППАРҰЛЫ мен Сейсен ҚОЖЕКЕ (1978 жыл), Сапарғали ӘЛІБАЙ (1984 жыл), Ақылжан МАМЫТ (1985 жыл), Амангелді ӘБІЛ (1988 жыл), Лесбек САЙЛАУБЕК (1990 жыл), Жүрсінгүл ЖАҚЫП (1989 жыл), Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ (1994 жыл) және Жанна БЕЙСЕНҚҰЛОВА (2002 жыл).
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді