«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Батырлар рухына тағзым етті

Батырлар рухына тағзым етті
ашық дереккөз
Батырлар рухына тағзым етті
9 мамыр – Жеңіс күні Жамбыл облысының барлық ауданында атап өтіліп, шараға қатысушылар батырлар рухына тағзым етті. Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы бастаған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер "Белгісіз солдат" ескерткішіне гүл қойып, бір минут үнсіздікпен отан үшін от кешкен ел оғландарын еске алды. Аудан басшысы ер есімі мәңгі есте сақталатынын айтты. Т.Рысқұлов ауданында да Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Бұл күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Құмарық ауылының тұрғыны, 86 жастағы тыл ардагері Жақсыбек Түзелбаевтың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Ол ақсақалдың бейбітшілік орнатуға қосқан үлесі мен соғыстан кейінгі ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті еңбегін атап өтіп, алғысын жеткізді. Меркіліктер де Ұлы Отан соғысы ардагерлері ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ аудан әкімі соғыс ардагері Азим Жармұхамбетұлын мерекемен құттықтап үйіне барды. 99 жасқа келген қария соғыс кездерін еске алды. Аудан әкімі Жорабек Баубеков ардагерге денсаулық, амандық тіледі. Сарысу ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері Кемелбек Шәменовке құрмет көрсетілді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов қарияның шаңырағына барып, қарт майдангерді мерекесімен құттықтап, сый-сыяпат көрсетті. Кемелбек Шаменов 1921 жылдың 15 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1941 жылы Сырдария облысы, Сырдария ауданынан соғысқа аттанған. 1942 жылы майдан даласында ауыр жарақат алып, елге оралды. Соғыстан кейін "Алексей нан" заводында жүк тасушы, "Қаратау" тау-кен өңдеу кешенінде жұмысшы болып істеп, 1977 жылы зейнетке шыққан. Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, "Маршал Г Жуков" және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Дәл осындай тағлымы мол шаралар облыстың өзге де аудандарында өтіп, азаматтар батырлар рухына тағзым етті.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар