«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халық қаһарманы атындағы кабинет

Халық қаһарманы атындағы кабинет
ашық дереккөз
Халық қаһарманы атындағы кабинет
Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов атындағы №37 орта мектепте түлектер орталығы ашылды. «Жомарт түлек» жобасы аясында жабдықталып, ашылған кабинетке Халық қаһарманы Ыбырайым Сүлейменовтің есімі берілді. Кабинеттің ашылу салтанатына қатысқан батырдың ұрпақтары мен мектеп түлектері әуелі Ы.Сүлейменовтің ескерткішіне гүл қойып, Жеңіс үшін жан берген боздақтардың рухына тағзым етті. Шейіт болғандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алған жиынға қатысушылар Жеңіс күні қарсаңындағы ізгі іске ақжарма тілектерін ақтарды. – Ұлы Отан соғысына біздің отбасымыздан 5 адам аттанған еді. Сол кезде менің жасым – жетіде. Әлі есімде, біз шығарып салғанда «Уайымдамаңыздар, Алла бұйыртса, жеңіспен ораламыз» деген еді ардақтыларым. Артында қалған осындай қалың елі Отан үшін жанын қиған боздақтардың есімін ешқашан естен шығармайды. Бүгін де міне, Ыбырайым ағамның атындағы мектептен түлектер арнайы кабинет ашып, есімін беріп отырғаны соның бір дәлелі. Ұстаздарға озат шәкірттерімен еңбектері еселене берулерін тілеймін. Енді ешқашан соғыс болмасын, еліміздің ынтымағы арта берсін! – деді батырдың қарындасы Сара Сүлейменова. Жаңа кабинеттің ашылуында ақын, Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы жырдан шашу шашып, қызыл лентаны батырдың Сүйіндік ағасының қызы Айткүл Сүлейменова кесті. – Жас ұрпаққа Отан үшін кеудесін оққа тосып, отқа түскен батырлардың ерлігін үлгі етіп, патриоттық тәрбие беру мақсатында Ыбырайым Сүлейменов атындағы кабинет ашып отырмыз. «Жомарт түлек» жобасы аясында мектеп түлектері демеушілік көрсетіп, кабинетті батыр туралы деректер жазылған стендтермен және заманауи ақпараттық- коммуникативтік технологиямен, қажетті жиһаздармен жабдықтадық. Әрине, оған ұстаздарымыз да үлес қосты. Мектеп түлектері кабинетті «Ыбырайым Сүлейменов атындағы түлектер орталығы» деп атады. Мұнда түрлі іс-шаралар, онлайн конференциялар өткізілетін болады, – дейді Ы.Сүлейменов атындағы №37 орта мектептің директоры Күләш Абдуллаева. Салтанатты жиын соңы мектептің өнерпаз оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасты.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар