Айбынды армия – ел қорғаны
Осыдан отыз жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда Президенттің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылғаны белгілі. Содан бері де, міне, ширек ғасырдан аса уақыт өте шығыпты. Бұл жылдарда Қарулы Күштеріміздің сапасы мен салмағы артып, қай бағытта болсын жан- жақты дамып, барлық қырынан сақадай-сай әзірлікке қол жеткізілді. Бүгінгі таңда жастардың да әскери қызмет атқаруға деген құлшынысы жоғары екені байқалуда. Араларында азаматтық борышымызды өтейміз деп өздері сұранатын жастар қатары да жыл санап артып келеді. Жамбыл жерінен қарулы күштер саласында талай батырлар, генералдар шыққаны белгілі. Біз бүгін жерлесіміз, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен, сондай-ақ Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевпен мақтанамыз. Осындай тұлғалардың жолын қуып офицер болуға, жоғары әскери оқу орнына түсуге құлшыныс танытқан жастар қатары жыл санап артып келе жатқаны қуантарлық жағдай. Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінің ішінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының өзіндік орны бар. Осы ретте Отан қорғаушылар күні қарсаңында біз «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Қалымжанұлымен сұхбаттасқан едік. – Ораз Қалымжанұлы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы өзге әскери бөлімдерге қарағанда шоқтығы биік екенін түрлі басылым беттерінен оқып қаламыз. Шынымен де «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы өзгелерден несімен ерекшеленеді? – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері республикамызда алғашқылардың бірі болып жасақталды. Сонымен қатар, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Қазақстанның Құрлық әскерлеріндегі ең ірі аумақтық бірлестік болып саналады. Біздің әскерлер Жамбыл, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Алматы облысының Жаркент және Сарыөзек гарнизондарында, Тараз бен Шымкент қалаларында орналасқан.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Гвардиялық гарнизонының «Мәтібұлақ» полигонында барлық ауқымды оқу-жаттығулар, соның ішінде халықаралық оқу-жаттығулар өтуде. – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері тәжірибелік дағдыларын қай жерде шыңдайды? – Сарбаздар мектебі – полигон. Қазіргі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамында «Мәтібұлақ», «Мүңке», «Айша бибі», «Дарбаза», «Теріс-Ащыбұлақ» және тағы басқа оқу-жаттығу өткізетін полигондар бар. Бұл полигондар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері мен бөлімшелерінің практикалық- далалық жорықтарын өткізу функцияларын толығымен орындайды. Полигондардың инфрақұрылымы: тұруға арналған казармаларының болуымен, электр энергиясы ұзақ мерзімді оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және полигондарда батальондық тактикалық жаттығуларды өткізуге мүмкіндік береді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері әскерлердің тұрақты жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын сақтауға үлкен көңіл бөледі. Бұл республиканың аумақтық тұтастығы мен егемендігін қамтамасыз ету үшін маңызды. – Соңғы жылдары әскери қимылдар театрларында болып жатқан оқиғалар жеке құрамның жауынгерлік даярлығының формалары мен әдістерінің өзгеруіне қалай әсер етуде? – Әрине, жедел және жауынгерлік дайындықтың нысандары мен әдістері үнемі жетілдірілуде. Осы тұрғыдан алғанда, командиріміз, генерал-майор Мереке Мәтімұлы қолбасшылардың арасында өзінің жаңашылдығымен ерекшеленеді. Әскери өнердің дамуын, сондай-ақ әлемнің әртүрлі елдеріндегі заманауи қарулы қақтығыстар тәжірибесін зерделей отырып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы оқу-жаттығудың жаңа тәсілдеріне бастамашылық етуде. Жақында «Мәтібұлақ» полигонында «Көкжал-2023» эксперименттік-зерттеу тактикалық оқу-жаттығуының өтуі соның жарқын дәлелі болды. Оны Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов бақылады. – Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері мен құрамалары жас сарбаздармен толығып жатыр ма? – Қазір әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Әскерге шақырылғандардың алғашқы жасақтары келіп үлгерді. Жалпы, көктемгі шақыру кезінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен екі мыңға жуық шақырылушы келеді. Олардың барлығы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарындағы әскери бөлімдер арасында біркелкі бөлінетін болады.
Жас сарбаздар қызметтің алғашқы айын әскери ант қабылдауға дайындықпен өткізеді, бұл кезеңде олар бір-бірімен танысады, бөлімшелерге үйренеді, әскери жарғыларды оқып, түрлі жауынгерлік даярлықпен айналысады. – Бүгінгі таңда жауынгерлердің жаттығуына көптеген қолайлы жағдайлар жасалуда. Кадр мәселесі қалай шешілуде? Осы тұрғыда не айтар едіңіз? – Бүгінгі таңда болып жатқан жаңашылдықтардың бірі – жоғары оқу орындарына, оның ішінде әскери оқу орындарына жеңілдікпен қабылдау. Еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орындарымен жасалған келісімшарт бойынша Отан алдындағы борышын өтеген жастар қызметтен кейін екі жыл ішінде ҰБТ-дан өтпей-ақ жоғары оқу орнына ақылы түрде түсе алады. Жоғары оқу орындарына грантпен түсу мүмкіндігі де қарастырылған. Әскери кафедраға конкурстан тыс түсуге де мүмкіндік бар. Сонымен қатар, әскери жоғары оқу орындарына түсуге де жол ашылуда. – Отан қорғаушылар күнінен кейін еліміз 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнін атап өтеді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері Жеңіс күніне орай қандай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр? – Жылда қалыптасқан дәстүр бойынша биыл да «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылығы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып, құттықтап шығады. Ол үшін әскери оркестр жасақталған. Музыканттар майдангерлердің терезелерінің алдында әскери марштарды орындайды.
Сондай-ақ, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты бөлімшелердің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысы ардагерлерін аралап, аулаларды тазалауға, әктеуге көмектеседі. Бұл көмек ардагерлерге қажет те емес шығар, бірақ бұл сарбаздардың өнеге алуы үшін жасалады. Бұл бейбітшілік үшін, Жеңіс үшін, ерлік пен қаһармандық үшін майдангерлерге алғыс айту мүмкіндігі деп түсінген дұрыс. – Отан қорғаушылар күні – сіздің кәсіби мерекеңіз. Осы мереке аясында әскери қызметкерлер қандай іс-шаралар өткізуде? – Отан қорғаушылар күні қарсаңында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері мектептерде ерлік сабақтарын өткізді. Бұл іс-шара оңтүстік өңірдегі барлық орта білім беру мекемелерінде бір мезгілде ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер балаларға әскери қызмет, ел мен армияның тарихы, Қазақстан Қарулы Күштерінің даму және нығаю кезеңдері туралы айтып берді. Сондай-ақ, әскери бөлімдерде мектеп оқушылары үшін «Ашық есік күндері» өткізілді. Онда әскери техника мен қару-жарақтар балаларға таныстырылды.
Отан қорғаушылар күніне орай «Айша бибі» полигонында оқ атудан жарыс өтті. Оған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлық гарнизондарының жасақтары, сондай-ақ басқа да құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Бұдан бөлек, әскери қызметкерлердің балалары арасында сурет байқауын ұйымдастырылды. Балалар өздерінің ата-аналары – әскери қызметкерлерді бейнелей отырып, жоғары шығармашылық қиялдарын көрсетті. Бүгінгі таңда Отанды қорғау және әскерде қызмет ету – әрбір қазақстандықтың абыройлы борышы. Кәсіби Отан қорғаушы болу – жоғары патриоттық сезімнің көрінісі. Өмірін әскермен байланыстырған жастарды әскермен тек конституциялық парыз ғана емес, жеке, саналы таңдау – нағыз азамат пен патриот таңдауы да байланыстырады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді