Патриоттық тәрбие ізгілікке бастайды

Патриоттық тәрбие ізгілікке бастайды
ашық дереккөз
Патриоттық тәрбие ізгілікке бастайды
Ұлттың аманатын арқалаған жасөспірімдерді тәрбиелеудің басында патриоттық ұстаным тұрса, қателікке жол берілмейді. Тәрбиенің бұл түрі жастарды Отанын сүйіп, туған жерін қастерлеуге, елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Қазақтың батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау» деп анықтама берген болатын. Аудандағы «Жастар ресурстық орталығы» жастарға мемлекетімізді қорғау жөніндегі Конституциялық құқықтарын ұғындыру, Қазақстан Қарулы күштерінің сипаты мен мақсатын, оның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы жастарға мол мағлұматтар беру арқылы әскери іс пен азаматтық қорғаныстың негіздерін түсіндіруді, олардың бойында отансүйгіш патриоттық сезімді қалыптастыруды мақсат етеді. Осыған орай әскери патриоттық бағыт бойынша жыл басынан бері аудан көлемінде ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі инспекторларымен бірлесе отырып 24 іс-шара өткізіліп, оған 800-ге жуық жастар тартылды. Атап айтатын болсақ, «Отанды қорғау – борышың», «Егемен еліміздің ұландары», «Отанды сүю иманнан» тақырыптарында әскери есеп мамандарымен бірлесіп ауылдарда түрлі іс-шаралар өткізілді. Жас ұрпақты Отанына, халқына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке баулып, олардың бойына ұлттық рух қалыптастыру баянды болашаққа бастайтын қадам екені бесенеден белгілі. Алдағы уақытта да патриоттық тәрбиеде халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесін негізге ала отырып, оқушылар мен колледж студенттерінің арасында жастарға қызықты шараларды ұйымдастыру өз жалғасын таба бермек. Ондағы негізгі мақсатымыз – жасөспірімдерді әскери өмірге қызықтырып, Отан алдындағы азаматтық, перзенттік парызын ұғындыру.  

Шерхан ТАЛҒАТ,

«Жастар ресурстық орталығы»

ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы.

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар