Базалық стансалардың қатары артады

Базалық стансалардың қатары артады
ашық дереккөз
Базалық стансалардың қатары артады
Өңірге іссапармен келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Байзақ ауданының Үлгілі және Аймантөбе ауылына барды. Аталған ауылдарда интернет жүйесі әлсіз. Ауыл тұрғындары ұялы телефон арқылы жылдамдығы баяу интернетті пайдалануға мәжбүр. Ауылдық округ әкімдігінің аппараты, орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, кітапхана және ветеринариялық пункт секілді қос ауылға қатысты 26 абонент ақылы интернет жүйесін пайдаланып отыр. Осы түйткілді шешу мақсатында аталған елді мекендерді аралаған министр бірқатар кәсіпкермен және ұялы байланыс операторларымен келіссөздер жүргізді. Онда ауыл тұрғындарына мәселе тудырған маңызды шаруаны маусым айына дейін шешу қолға алынатыны айтылды. – Біздің мақсатымыз – осы өңірдегі ауылдарды аралау арқылы елді мекендерге қызмет көрсететін ұялы байланыс операторларының жұмысының сапасын зерделеу. Қандай базалық стансалар салып жатқанын өз көзімізбен көру. Тиісті тарапқа интернет сапасын жақсарту бойынша қосымша тапсырмалар берілді. Бүгін олармен кездесу барысында жоспарларын тыңдадық. Басты мақсат – тезірек базалық стансаларды салып, жергілікті халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету. Операторларға біраз ескертулер жасалуда. Жалпы, бүгінгі форумда облыс әкімдігі және байланыс операторларымен бірлесіп, жол картасы бекітілді, – деді Бағдат Батырбекұлы. Сонымен қатар, кездесуде жол картасындағы басты бағыт – өңірдегі барлық ауылдарды жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтамасыз ету жайы қаузалды. Үш жүзге жуық елді мекендердегі осындай мәселелерді түйінін тездетіп шешу керектігі баса айтылды. – Бұл «Жол картасының» жоспары 2027 жылға дейін бекітілген. Операторлар өздерінің міндеттерін орындай алмаса, олардың лицензияларын кері қайтарып, айыппұл салынады. Негізі, мәселе қаржыға байланысты. Интернет сапасын жақсарту үшін базалық стансалардың санын көбейту керек. Жергілікті әкімдікпен бірлесіп жер телімдерін беру керек. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер арқылы инвестиция тарту қажет, – деді министр.  

Есен ӨТЕУЛІ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар