«Белсенді ақсақалдардың қоғамға берері көп»
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының және облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен маусым айында «Батаменен ел көгерер» атты облыстық ақсақалдар байқауы өтеді. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркеповті сөзге тартқан едік. – Оңласын Қарабайұлы, байқау қандай мақсатты көздейді? – «Жақсы қария белгісі, жанып бір тұрған шам болар» демекші, әр ауылдағы белсенді ақсақалдардың қоғамға берері көп. Ақсақалдар шешен сөйлеп, жақсы бата беріп, көпшілікке құрметті болған сайын жас ұрпаққа берер өнегесі молаяды. Бұл байқаудың мақсаты – сондай дана қарияларды анықтау. Ондай ақсақалдардың ел ішінде аз емес екені анық. Әуелі барлық ауданда іріктеу өтеді. Оған әр ауылдық округтен жүзден жүйрік шыққан қариялар қатыса алады. Бірінші кезең 14 сәуір – 12 мамыр аралығында өтеді. Тараз қаласы мен әр ауданның жеңімпаздары облыстық кезеңде бақ сынауға мүмкіндік алады. – Қазылар құрамында кімдер бар? – Қазылар алқасының құрамы өңірге кеңінен танымал, әр салада көш бастап жүрген белгілі азаматтардан жасақталды. Атап айтқанда, қазылардың құрамында облыстық «Ғұмыр- Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов, облыстық «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт, медицина ғылымдарының
докторы, профессор Сағындық Ордабеков, Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан бар. Бұл кісілер әділ бағасын береді деген сенімдеміз. – Қатысушыларға қандай талаптар қойылады? – Қатысушы үміткерлерге батаны кеңінен толық беру, сөзге тапқырлығын таныту, өз өнерін көрсету, сұраққа жан-жақты жауап беру секілді талаптар қойылады. Мұндай сынақ ақсақалдарға ауырлық тудырмайды деп ойлаймын.
Байқау жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алады. Біздің облыстан озғандар республикадан жыл сайын жүлдемен оралып жүр. Биыл да сол үрдіс жалғасады деп сенеміз. Себебі, біздің қазақы облысымызда кеудесі қазынаға, көңілі мақал мен мәтелге, өсиетке толы қарттарымыз көп.
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді