- Advertisement -

«Қансонарда бүркітші шығады аңға…»

104

- Advertisement -

Қордай ауданының Қарасай және Еңбек ауылдары орналасқан аймақтың табиғаты көркем. Таулы жердің тұмса көрінісі, сілемдері мен адырлары, сылдырап аққан бұлақтары, қырмызы қыраттары, көркемдігі, ат мініп, бүркіт ұстап, саятшылық жасауға нағыз таптырмайтын орын дерсің. Содан болар бұл өңірде саятшылыққа құмар, жүйрік ұстап, тазы ертіп, қолына бүркіт қондырып, аңшылық құратын жандар көп. Соның бірі – Еңбек ауылының тұрғыны Әлішер Малабеков.

Жастайынан өнерге құмар болып өскен Әлішер өткен ғасырдың сексенінші жылдары арман қуып Қаскелең қаласындағы мәдени- ағарту училищесіне оқуға түседі. Елімізге белгілі күйші, сазгер, ғалым Біләл Ысқақовтан тәлім алып, бірнеше аспапта еркін ойнаған Әлішер Малабеков аталған оқу орнында білім алып жүргенде желтоқсан оқиғасына қатысып, оқудан шығып қалады. Ол енді бөлек әңгіме.

Туған жерге қайта оралған соң әртүрлі қызмет атқара жүріп, қанына біткен саятшылық өнерге шындап бет бұрады. Домбыра, қобыз, фортепиано, гитара, прима, тіпті виолончельде ойнай білетін Ә.Малабеков тоқсаныншы жылдары ауыл көркемөнерпаздар үйірмесіне қабылданып, түрлі байқауларға қатысып, топ жарған кездері де аз болмаған. Үнемі жүйрік атқа, құмай тазы мен қыран бүркітке құмарлық сол іске түбегейлі бет бұруға алып келеді. Қарасайдың таулы аймақтарынан бүркіт ұстап, баптауды үйренеді.

– Алматылық атақты бүркітші Әділқас Тұрдыбаевтан үйренгенім көп. Шынын айтқанда, бүркітшіліктің қыр-сырын сол кісіден үйрендім. Бүркіт ұстау, қыран баптау оңай шаруа емес. Баладай қарау қажет. Саят құстарына бүркіт, сұңқар, қаршыға, тұйғын, ителгі сияқты алғыр құстар жатады. Ептілікті, білгірлікті, табиғат тылсымын жете білуді, сондай-ақ аталған құстарды ұстау, баулу сияқты «бір сырлы, сегіз қырлы» болуды талап етеді. Саятшылардың ең негізгі құралы – қыран бүркіт. Ол өте текті құс. Оны жігіттің жігіті ғана ұстап, бабын келтіріп, аңға салады. Құсты күту, баптау, тәрбиелеу, түлету, үйрету жолдарының өзі бір ғылым. Оның сырын құсбегілер өте жақсы біледі. Бабы келген бүркіт қыс айларында қасқыр, түлкі, қарсақ, киік, қоянға түседі. Ал жаз кезінде қыран қаз- үйрек, қырғауыл, кекілік ұстайды. Бүркітті балапан кезінде тау басынан, құз қиясынан аласың, – дейді Әлішер Малабеков.

Ол кездесуімізде кекілік ұстаған торлары, қасқырға салған қақпаны, бүркіт томағасы мен балақбауларын, бүркіт қонатын балдақтарын көрсетті. Осылардың ішінде түйе терісінен жасалатын томаға ерекше әсер қалдырады. Көз алдыңа басында қазақи бөрік киген, үстінде қалың шапан, қолында бүркіт қонған аңшыны, әне-міне томағасын сыпырып аңға қоя беретін шақты елестетеді.

– Жиырма жылға жуық уақыт ішінде жеті-сегіз бүркіт, бір-екі қаршыға ұстадым. Әрқайсысының өзіндік мінезі бар. Ерекшеліктері, ептіліктері де өзгеше болып келеді. Олар сенің тіпті көңіл-күйіңе дейін сезіп отыратын қасиетке ие. Бүркіт салып жүрген кезде небір оқиғалардың куәсі болдым. Бірде қоянға салған бүркітім тым биік ұшып кетті де ауылға қарай бет бұрды. Артынан тұра жүгірдік. Сөйткенше болған жоқ, үй маңайында жайылып жүрген сары атымның үстіне барып бірақ түспесі бар ма. Ол шошып кетіп тұра шапты. Сөйтсем биікте атымды танып, тура соған тартқан ғой. Бірде құрған қақпаныма қасқыр түсіп, оны босатып алуға барсам ауыл мектебінің балалары артымнан келген. Осыны естіген мектеп басшылығынан ескерту естігенім де бар. Осындай-осындай жағдайлар болды, – деп еске алады саятшы.

Бүгінде алпыс жастың асқарындағы Әлішер Малабеков сол бір әдемі әдетінен танбаған. Үйінде таза қанды жылқы ұстап, тазы асырайды. Кездесу кезінде қолына домбырасын алды да, қазақ күйлерінен бебеулетіп төгіп-төгіп жіберді. Оны үлкен ұлы Алматы қаласынан арнайы жасатыпты. Әке қанымен барған қасиет болар, ұлы домбыра жасаумен әуестенеді. Осы сәтте үйге кенжесі Аршын жүгіріп келді. Ауылдың күні мен желіне жүзі тотыққан ұлды әкесі шабандоз қылсам дейді. Оған ебі де, ниеті де жақсы деп отыр.

Әлішер Малабеков екі ұл, үш қыздың әкесі. Балаларына білім беріп, өзі баптаған құстай орнына қондырсам деген әкелік ниет бар. Ол армандары да орындалады деп ойлаймыз.

 

Жандос ОМАРОВ,

журналист.

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support