Оқушылар бақ сынасты

Оқушылар бақ сынасты
ашық дереккөз
Оқушылар бақ сынасты
Қазіргі таңда жас буынның түрлі зиянды әуестіктерге еріп кетпеуіне спорттың тигізер пайдасы зор. Себебі, олар жаттықтырушының қарамағында тәртіпке, жауапкершілікке әрі командалық жұмысқа үйренеді. Ал, олардың талабын шыңдау үшін спартакиадалар мен жарыстар тұрақты өтуі тиіс. №38 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде «Ұлттық мектеп лигасының» мақсаты да осыған саяды. Өңірдің 10 ауданы мен Тараз қаласының 7-8 сынып оқушылары бақ сынасқан жарыс төрт күнге созылды. Сайыс барысында қатысушылар волейбол, баскетбол, гандбол мен үстел теннисі, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, шахмат және жеңіл атлетикалық кросс бойынша өзара мықтыны анықтады. – Жыл сайын тұрақты өткізілетін жарыс бұған дейін Тараз қаласында, Жамбыл және Байзақ аудандарында ұйымдастырылды. Ал, биылдан бастап шалғай аудандарда өткізіле бастады. Жалпы, ереже бойынша жарысқа 5-11 сынып оқушылары қатысуда. Күні кеше Қордай ауданында 9-11 сынып оқушыларының аламаны басталса, енді біздің ауданымызда 7-8 сынып оқушылары сайыспақ. Дәл осындай ойынның 12 түрінен 5-6 сыныптың шәкірттері Меркі ауданында өзара мықтыларды анықтайтын болады. Бүгінгі жарысқа қатысушылардың қарасы қалың, ынтасы зор. Ойын тартысты өтеді деп сенеміз, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Нариман Бекбауов.  

Есен ӨТЕУЛІ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар