- Advertisement -

Су мәселесі оң шешімін табуда

71

- Advertisement -

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы үнемі баса назар аударып, Үкіметке, түрлі деңгейдегі әкімдерге нақты міндет жүктеп келеді. VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде де Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру керек екенін заң шығарушы және атқарушы биліктің есіне қайыра салды. Облыстағы ең іргелі аудан – Қордайда Президент жүктеген міндеттің орындалуы қандай деңгейде?

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақдәулет Садырбаевтың мәлімдеуінше, биылғы өнім үшін 22500 гектар алқапқа күздік бидай себілген. Болжамды егілетін жаздық дақылдар: жаздық арпа – 46500, дәндік жүгері – 8000, майлы дақылдар – 900, қант қызылшасы – 500, картоп – 3800, көкөніс – 6500, бақша дақылы – 600, мал азығы – 39940 оның ішінде, сүрлемдік жүгері – 900, бір жылдық шөп – 15200 және көпжылдық шөп (пар) – 10204, барлығы – 129240 гектар.

14 сәуірге дейін жаздық арпа – 41385, картоп – 1000, дәндік жүгері – 750, көкөніс – 2055, майлы дақылдар – 150, қант қызылшасы – 25, мал азығы – көп жылдық шөп – 2600 және бір жылдық шөп 9000 гектарға егілген. Сарыбұлақ және Қақпатас ауылдық округінің бағбандары 50 гектар алқапқа бақша дақылдарын егіпті.

Жер баптап, егін салған диқан қауымы егіс алқаптары сапалы тыңайтқышпен қамтамасыз етілмей, мол өнім алу мүмкін емес екенін жақсы біледі. Көктемгі дала жұмыстарына кіріспес бұрын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылығы мен егін егумен айналысатын құрылым жетекшілері қым-қуыт шаруамен қатар, осыған мән береді. Сосын жер жыртып, дән себуге, тыңайтқыш енгізуге жұмылдырылатын техника сақадай-сай болуы қажет.

Ауданға биылға қажетті минералдық тыңайтқыш көлемі 10200 тонна деп межеленген. Оның 5500 тоннасы аммиак селитрасы, 2000 тоннасы аммафос және 2700 тонна тыңайтқыштың басқа түрлері көрінеді. «КазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 14 шаруашылық 304,6 тонна аммиак селитрасын келісімшарт арқылы толығымен алған. Дала төсін дүбірге бөлеп жатқан 1122 ауыл шаруашылығы техникасының 641-і трактор, 154 соқа, 150 қопсытқыш, 154 дән сепкіш, 23 дән улағыш жұмылдырылған.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті екенін атап көрсеткенін еске алсақ, қордайлық диқандар да қамқорлықты сезініп, көмек алуда. Мәселен, көктемгі дала жұмыстарына бір литрі 214 теңгеден 2145 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінсе, оның 1105 тоннасы ақпан, 650 тоннасы наурыз және сәуір айында 390 тоннасы бөлініпті.

Арзандатылған дизель отынын тасымалдау және тарату жұмыстарымен «Элемир» және «Азия Нефте продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің операторлары атқаруда. «Аграрлық несие» корпорациясымен «Кең дала» бағдарламасы бойынша «Қордай» несие серіктестігі арқылы несие беру жұмыстары жүргізілуде. Биыл 5 шаруашылыққа 118 миллион теңге несие берілген. Ал, мемлекет тарапынан берілетін субсидия төлемдері алдағы мамыр айынан басталады.

Жер жыртып, егін салатын, бақша дақылы мен көкөніс өсіретін шаруа бірінші су жайына алаңдайды. Төмендегі аудандардай емес, Қордай судың басында, оның үстіне басқа өңірлерге қарағанда ылғал мол түседі. Бақдәулет Садырбаевтың сөзіне қарағанда, әзірге шаруашылықтар тарапынан суға сұраныс болмаған. Шу өзенінен келетін «Георгиевка» қосалқы каналында 4-5 текшеметр сумен профилактикалық және тазарту жұмыстары жүргізіліп жатса керек.

«Оң жағалау» каналында да халықаралық «Еуропа қайта құру және даму банкінен» бөлінген қаржымен гидротехникалық жөндеу жұмыстары қолға алынған. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының иелігіндегі «Қақпатас» су қоймасында 10 миллион және «Қарақоңыз» су қоймасында 8,5 миллион текшеметр су жиналған. «Жамбыл су қоймалары» иелігіндегі «Ешкілі-Қордайда» – 1,5, «Майбұлақта» 0,3 миллион текшеметр толық деңгейде су бар. Ал, «Алты-Айғырдың» жоба көлемі – 0,8 миллион текшеметр, ондағы жиналған судың көлемі – 0,3 миллион текшеметр.

Қордайлықтар Шу өзенінің немесе су қоймаларындағы суға ғана тәуелді болып қалмай, бірнеше жылдан бері су үнемдеу технологиясын енгізуді қарқынды түрде қолға алып келеді. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін 14430 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілген. Оның 12030 гектары тамшылатып, 2400 гектары жаңбырлатып суару. Сондай-ақ, биыл 1200 гектарға жаңа жоба бойынша су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланса, бірінші тоқсанда 700 гектарға енгізілген. «Есен-Қордай – 150, «Қақпатас-Қордай» – 100, «Азис» – 70, «Аухаттылық» – 70, «Ватан» – 70, «Еңбек» – 50, «Мажит» – 40, «Сұлутөр» – 50 және «Қасық» шаруа қожалығы 100 гектарға енгізіп, 58,3 пайызды құраған.

Қай ауданда болмасын, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері күн жылына дала төсіне шығып, күзгі жиын-терін аяқталғанша бел жазбай тынымсыз еңбек етеді. Адал еңбектің тәтті дәмін сезер шақта дайын өнімді арзан бағаға алушылар көбейеді. Бір қолдан бір қолға өтіп, тұтынушыға жеткенше тауар бағасы аспандап шыға келеді. Президент бұл мәселені де назардан тыс қалдырмай, өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп екеніне де назар аударды.

Жамбыл ауылдық округінде «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында «Үсенұлы» базарымен үш жақты меморандум жасалыпты. Шарықтап бара жатқан азық-түлік бағасына тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы – осы жоба барлық ауылдық округтерде, басқа да аудандарда қарқынды түрде қолға алынса.

Жуырда өткен кеңесте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов: «Мемлекет тарапынан халықтың жағдайын жақсарту, тұрмысын арттыру бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Бұл орайда өңірлік деңгейде бағаны тұрақтандыру, бақылау жұмыстарын үздіксіз жүргізу маңызды. Осы орайда жұмысқа деген көзқарасты өзгертетін кез келгенін тағы да еске саламын. Кәсіпкерлер мен шаруалар бізге емес, біз оларға жұмыс істеуіміз керек. Жағдай жасап, қолдау білдіріп, тиісті жеңілдіктерге қол жеткізу үшін көмек көрсетуіміз қажет.

Жауапты басшылар, мемлекеттік қызметкерлер осыны түсінуі тиіс. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстау, тұрақтандыру жұмыстары – басты талап. Ол үшін бізде қажетті шаралар қабылданып, жоспар әзірленген», деді. Мемлекеттен де, облыс басшылығы тарапынан да нақты қолдау, көмек барда аудан әкімдері, тиісті бөлім жетекшілерімен көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізуі қажет. Сонда азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

 

Амангелді АБЫЛАШҰЛЫ,

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support