«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекетке рахмет!

Мемлекетке  рахмет!
ашық дереккөз
Мемлекетке рахмет!

«Ақбұлақ» бағдарламасының шапағатын шалғай ауданның тұрғындары да сезінуде. Енді бір-екі жылда ауданда ауыз су проблемасы түпкілікті шешімін табатын болады. Кейінгі 4-5 жылдың өзінде Мыңарал стансасы, Құмөзек, Жамбыл, Назарбеков, Мыңарал, Шығанақ, Күшаман ауылдары таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал өткен жылы Мойынқұм ауылының сумен қамтамасыз ету жүйесін қайта жаңғырту және су құбыры желісінің 3 кезеңіне 937432 мың және Ұланбел ауылын сумен қамтамасыз етуге 832 006 мың, Бурылбайтал стансасына 129388 мың, Мирный-Қияқты елді мекендері үшін 381211 мың теңге қаралған болатын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Ұланбел және Мойынқұм ауылдарындағы жұмыстар толық аяқталып, халыққа таза су берілді. Осыған байланысты Ұланбел және Мойынқұм ауылында жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов қатысып, жұрттың қуанышымен бөлісті. – Үкіметіміздің «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша өткен жылы осы ауданның 5 елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің құрлысына 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген еді. Енді міне, бүгін Тұңғыш Президент күні қарсаңында 9 мыңнан аса халқы бар Ұланбел және Мойынқұм ауылдары тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Мұның барлығы Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып отыр. Бүгінгі таңда бұл бағдарламаны іске асыруға облыста баса көңіл бөлінуде. Сіздерді бүгінгі осы қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Алдағы уақытта да бағдарлама аясында жақсы істер жалғасын таба беретін болады, - деді Қалижан Серікұлы. Бұдан кейін Ұланбелде ауыл халқы атынан ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Ермекбай Ахметбеков, ал Мойынқұм ауылында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев ауылға осындай таза су жеткізіп беріп отырғаны үшін аудан, облыс басшыларына, Елбасымызға алғыстарын айтты. Сондай-ақ, аталған құрылысты сапалы жүргізе білген «Темірстрой сервис и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшыларына да жылы лебіздерін арнады. Ауыз суды пайдалануға беруге арналған лентаны тиісінше облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов, аудан әкімі Болат Мәдікенов, еңбек ардагерлері Ермекбай Ахметбеков, Жамбыл Қалыбаев қиды. Одан соң, жиналған көпшілік 23-25 шақырым жерден тартылған судың жинақталатын, тазартылып, тұщытылатын қондырғылары жұмысымен танысты. Бұған дейін көршілес Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылының және Шу өзенінің суын пайдаланып келген шалғайдағы ұланбелдіктер ауыз су азабынан құтылды. Енді олар өз үйлерінің жанына жеке-жеке тартылып қойылған құбырлардан таза суды пайдалана бастады. Тіпті, олардың арасында есік алдына әкелінген суды үйлерінің ішіне кіргізіп алғандары да бар. Ал аудан орталығы – Мойынқұм ауылында бұған дейін ауыз су күніне түске дейін 2-3, түс қайта 2-3 сағат қана су беріліп келген еді. Бұл ауылда да ауыз су 25 шақырым жерден тартылған. Алдағы уақытта су құбырын жүргізуші мердігерлердің айтуы бойынша мұнда енді су тәулік бойы берілетін болады. Бұған ауыл халқы қуанып отыр.

Сундетулла ӘБІЛОВ, журналист.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар