«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Пошта – газет пен оқырман арасындағы дәнекер

Пошта – газет пен оқырман арасындағы дәнекер
ашық дереккөз
Пошта – газет пен оқырман арасындағы дәнекер

Облыс тұрғындары үшін пошта қызметі ауадай қажет. Біздің аймақта бұл маңызды шаруаны негізінен «Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы жүзеге асыруда. «Қазпошта» АҚ-ының директоры Болысбек ПІРӘЛІНІ сала жұмысы жайында әңгімеге тартқан едік.

10– Кейінгі жылдары жүргізілген реформа мен жаңашылдыққа деген талпыныс біраз жетістіктерге қол жеткізді. Филиал пошта байланысының ұлттық операторы ретінде өңір тұрғындарына қажетті 52-ден аса қызмет түрін көрсетуде. Бүгінде поштаның басты міндеттерінің бірі – қызметтер сапасын көтеру, пошта жөнелтілімдерін жедел жеткізу, бақылау мерзімін қысқарту, тұтынушылардың ойынан шығатын жаңа қызметтерді енгізу. Облыстық филиал 257 қызмет көрсететін өндірістік нысанды біріктіріп, 373 елді мекендегі тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Облыс бойынша 51 ауданаралық және қалалық пошталық бағыттары жұмыс істейді. Мәселен, олар аудан орталықтарына аптасына 6 рет, шалғай ауылдарға 4 рет қатынайды. Халқымыз әлемде және елде болып жатқан жаңалықтарды уақтылы естіп, біліп отыруы үшін басылымдардың дер кезінде қолдарына тиюіне баса назар аударамыз. Сонымен бірге, жазба хат-хабарларды, бандерольдарды, сәлемдемелерді қабылдау, жеткізіп беру, мерзімді басылымдарға жазылымдарды ұйымдастыру, курьерлік қызмет, күнделікті тұтыну тауарларын сату және жедел жолданымдарды дер кезінде жеткізуге тырысамыз. Қаржылық және агент­тік қызмет түрлерін сапалы көрсетіп, халық сеніміне ие болудамыз. – «Ақ жол» газетіне жазылым барысы қалай? 9– Мерзімді баспасөзге жазылу облысымызда жақсы деңгейде жүргізілуде. Мәселен, биыл жазылым басталған 1 қазаннан 2 желтоқсанға дейін облыс бойынша «Ақ жол» газетіне 11777 адам жазылды. Ал, былтыр бұл уақыт аралығында аталған газетке 8190 адам жазылған екен. Жамбыл және Сарысу ауданы өзге өңірлерден оқ бойы озып тұр. Яғни, қазір «Ақ жолға» жазылғандар саны Жамбылда – 1355, Сарысуда – 1012. Жыл соңына дейін жазылушылар қатар әлі де едәуір арта түседі деп ойлаймын. Меркі, Шу, Мойынқұм, Жуалы аудандарында жазылым барысы баяу жүруде. Төрт жүз мыңға жуық тұрғыны бар Тараз қаласында «Ақ жолға» жазылғандардың саны – небәрі 2530 адам. Облыс орталығындағы көрсеткішті түзеу үшін қазақ оқырмандарына бір сілкініс қажет-ақ. Байзақ, Қордай, Т. Рысқұлов, Талас аудандары да газетке жазылуда көп белсенділік танытулары керек. Уақыт күтпейді. Басылымға жазылуды тезірек қолға алмаса, кешігіп қалары кәдік. Қазір «Ақ жол» қызықты, оқылымды. Сондықтан уақтылы жазылмаса өкініп қалулары мүмкін. – Басылымдарды жазылушы­лардың қолына нақты тигізетін маңызды факторлардың бірі – оқырмандарды абоненттік жәшіктермен қамтамасыз ету. Осы түйінді мәселе қашан шешімін табады? – Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша 1250 көппәтерлі үйдің тек 15 пайызы ғана абоненттік жәшіктермен қамтылған. Алайда, осы бар абоненттік жәшіктердің 62 пайызы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұл күрделі мәселеге байланысты облыс әкімінен алдағы жылдары абоненттік жәшіктер бойынша мына іс-шараларды жүргізуге ықпал етуін сұрадық. Осыған қосымша айта кететін жайт, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, мүмкіндігінше жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлері абоненттік және пошта жәшіктерімен қамтамасыз етілсе, ал біз өз тарапымыздан баспасөз басылымдарын және хат-хабарларды сапалы әрі жылдам жеткізуді қамтамасыз етеміз. – Жұмыстарыңызды жандандыру үшін бұдан басқа қандай жобаларды жүзеге асыруды қолға алдыңыздар? – Бұрнағы жылы Қазақстанның поштасына маңызды міндет жүктелді. «Қазпошта» АҚ аудан және облыс орталықтарының пошта байланыс бөлімшелерінде «Халықтық IPO» ұлттық бағдарламасының провайдері рөлін атқарды. Елімізде ең кең филиалдық жүйесі бар компания болғандықтан, әр қазақстандықтың инвестор болуына ықпал жасайды. Биыл 5 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында «Халықтық IPO» бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Біздің облыстық филиал арқылы «KEGOC» компаниясының акцияларын өңіріміздің кез-келген аумақтарында сатып алуға тапсырыс беруге болады. Келешекте барлық пошта байланыс бөлімшелері құжаттарының қозғалысы электрондық жүйедегі онлайн тәртібіне көшіріледі. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап, клиенттерге «Бірдеңгейлік қызмет көрсету» жобасы іске асырылды. Гибридтік электрондық пошта – ауылдық жердің тұрғындары гибридтік (аралас) пошта қызметін, жылжымалы банкомат, компьютер, ұялы байланыс арқылы мобильдік байланыс түрін пайдалана алады. Мұны заманауи, барлық сервистік қызмет түрлерін бір жерден алуына мүмкіндік беретін кешен деп айтуымызға болады. Айта кету керек, «Бізбен бірге арманыңыз орындалады» деген жоба да бар. «Қазпошта», «Хоум кредит банкі» және «Мечта» компанияларының қатысуымен төмен бағамен халыққа тұрмыстық техникасын сатып алу және жеткізу. Тағы бір үлкен жоба – «Бизнесті трансформациялау бағдарламасы». Осыған орай, «Қазпошта» АҚ жүйелі түрде жұмысшыларды жаңа мамандықтарға оқыта отырып, қызметкерлердің бизнеске, жаңа жүйелерде жұмыс жасауға, күнделікті пайдалануға үйретеді. «Касса 24» – жаңадан енгізілген қызмет түрі. Тәулік бойы коммуналдық, ұялы байланыс, кабельдік телевидениені пайдалану қызметіне төлемақы қабылдаймыз. Биыл «2014 жыл – Оператор жылы» жобасын жүзеге асырудамыз. Клиенттерге сапалы және қанағаттанарлық қызмет көрсету, операторларды материалдық қызықтыру, еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында қолға алынған шаруа бұл.

Лесбек САЙЛАУБЕК, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар