Шабандоздардың кезекті жеңісі

Шабандоздардың кезекті жеңісі
ашық дереккөз
Шабандоздардың кезекті жеңісі
Шымкент қаласында ипподромның ашылуына орай ересектер арасында көкпардан халықаралық турнир ұйымдастырылды. Аталған турнирде Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен және еліміздің Атырау облысы, Шымкент қаласының құрамалары бақ сынады. Біздің облыстан «Әулие-Ата», «Меркі» командалары өнер көрсетті. Жалпы, бұл жарысқа 72 спортшы қатысты. Командалар екі топта ойын көрсетті. Атап айтсақ, «А» тобында Қырғыз елінің, Меркі (Жамбыл облысы) және Шымкент қаласының ойнаса, «В» тобында Атырау облысы, Өзбекстандық және жамбылдық «Әулие-Ата» командалары өнер көрсетті. Екі топтан үздік шыққан Қырғыз елінің командасы мен «Әулие-Ата» командасы ақтық ойында кездесіп, ойын 1:11 есебімен жамбылдықтардың пайдасына шешілді. Осылайша, жамбылдықтар көкпардан үнемі көш басында екенін тағы да дәлелдеді. Бұл жеңіс алдыңғы үздік толқыннан ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан үлгілі үрдіс. Енді жамбылдық үздік құрама алдағы Азия чемпионаттарына дайындалатын болады. «Әулие-Ата» спорт клубының директоры Нұрдәулет Момынов: «Көкпар – өте күрделі ұлттық спорт түрі. Бұл спортта көкпаршы жігіттер мен аттың мықтылығы өте қажет. Бізде ұзақ жылдардан бері жігіттеріміз де, аттарымыз да сақадай сай болып келеді. Алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан түспеуге күш саламыз», дейді.  

Ариана АЙНАБЕКОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.

Ұқсас жаңалықтар