- Advertisement -

Не киіп жүрміз?

78

- Advertisement -

Кең-байтақ жердің матасы мақтаға айналмай тұр. Осының салдарынан киім өндірісіне келгенде өзгеге телміруді тоқтатқан жоқпыз. Жыл сайын өндірілетін 40 мың тонна жүннің тек 10 пайызын ғана кәдеге асыра алдық. Қалғаны – ұстағанның қолында, тістегеннің аузында. Соңғы кезде төрт түліктің жүні – киім, терісі – бұйым болмай қоқысқа тасталып, өртеліп жатыр. Сәнді киімнің отаны саналатын Франция мен Италия қойдың жүнін арнайы тапсырыспен алдырады екен. Ал, біздің киіп жүрген киімдеріміздің 98,9 пайызы шетелдің өнімі. Міне – парадокс! Сонда қазақ үшін қара қойдың жүні қашан қадірлі болады?

Шамамыз шұлыққа ғана жете ме?

Таразда базар көп. Барсаң, сені қарсы алатын – қытайдың, түріктің, қырғыздың өнімдері. Әсіресе, бағасы қалтаңды қақпайтын, сапасы сенімсіз киімдерден көп нәрсе жоқ. «Ауыл береке» базарында көбіне қырғыздың өнімдері тұрса, Түркия мен Қытайдың өнімдері «Grand» базарында самсап тұр.

Базар аралап жүрміз, көз жеткен дүниелер аз болған жоқ. Мәселен, қырғыздың бір шалбары 3 мың теңге болса, тағы бір жерде 3500 теңге. Себебі, олар өз маталарымен тігілген шалбарды түріктің матасы мен тігілген шалбардан сәл арзанға сатады. «Түріктерден қандай киім шығады, қырғыздар сол киімді бір түнде сан мың данамен тігіп шығарады. Нарықта осы киімдер сұранысқа ие», дейді базар сатушылары бірауыздан. Біздің де мұндай қарқынға жетуге шамамыз жетеді. Бірақ, жұмыс жүріп тұрған жоқ. Жалпы, киімдеріміздің 92 пайызы – шетелдікі болса, шұлықтың 19,3 пайызы өзіміздікі болып отыр.

Соңғы жылдары тек шетелдік киімдерді киіп алып, онымызды «жеңіл өнеркәсіп саласында шикізат тапшы, құрал-жабдық ескі, жаңа технология мен жұмысшы кадр жетіспейді» деп ақтап алумен ғана жүргеніміз жасырын емес. Өйткені, елдегі киім- кешектің дені тек импорт арқылы келіп жатыр. Отандық тоқыма- тігін өнімі ішкі қажеттіліктің 8 пайызын ғана өтеп тұрғанын біліп отырып, кінәні өзімізден іздегіміз келмейді. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы он жыл бұрын дәл осындай пессимистік жағдайды сипаттаған еді, қазір де сол деңгей сақталып отыр.

Шетелден киім жеткізу жылдан жылға артып келеді. Барды ұқсата алмай бармақ тістейтіндей жағдайға қалай жеттік? Сонда біздің шамамыз шұлыққа ғана жетіп отыр ма?

Шикізат тек шетелден келеді  

Бүгінде елімізде барлығы 1396 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Оның 816- cы тігін кәсіпорны, 461-і тоқыма (текстиль) өнімдерін өндіреді, 119-ы былғары және соған байланысты өнімдер шығарады. Олардың дені ұсақ кәсіпорындар. Ал осыдан 6 жыл бұрын елде 25 мың кәсіпорын жұмыс істеген екен. Деректерге сенсек, бұл өнеркәсіп орындарының тек 58 пайызы ғана жұмыс істейді. Қазақстандық нарықтағы отандық өндіріс ошақтарының үлес салмағы – бар-жоғы 0,6 пайыз. Оған қоса, биылдың өзінде 20-дан астам кәсіпорын жұмысын тоқтатып үлгеріпті.

Расында, жүнге жарығанымен, жейдеге жарымай жүрміз. Осы жерде қателік қай жерден кетті деп қамығып та қаламыз. Hаzifa брендінің негізін қалап, ұлттық бренд сыйлығының иегері атанған, EXPO халықаралық көрмесі кезінде де бұйымдарын ұсынып, көпті қызықтырған ісмер Қазипа Қалиқызының айтуынша, отандық өнімдеріміздің қымбат болуының бірінші себебі – елімізде тігінге қажет негізгі шикізаттың болмауы. Тауар өндіруге жұмсалатын материал, мата, жіп шетелден келеді. Екіншіден, маман жетіспейді. Сондықтан, еңбек күші де қымбат. «Өз өнімдерімізге қолданатын материалдардың ешбірі елімізде шықпайды.Тігінге қажет маталарды шетелдерден алып келеміз. Бізде сатылып жатқан ине, жіп, түймелер – жалпы фурнитураның барлық түрі Қытайдан, Ресейден әкелінген», – дейді ол.

Мектеп формасын тігуден аса алмай отырмыз

Халықаралық тәжірибеде экономикалық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан артық болуы керек. Бізде 8 пайыздық бүгінгі көрсеткіштің өзі тек тапсырыспен, тендер арқылы дайындайтын мектеп, әскери формадағы киім үлгілерін тігуден аса алмай отыр.

1990 жылдарға дейін Қазақстанда 1 мыңнан астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істеп тұрса, бүгінде мұның тұтас ел өнеркәсібіндегі үлесі жылдан жылға кеміп келеді. Егер 90 жылдары бұл салада 220 мың адам жұмыс істесе, бүгінде саны 13 мың адамға дейін қысқарған.

Қазақтың қыз-келіншектері әу бастан ине-жіпке епті. Ендеше, бұл күйге қалай түстік? Оған тігіншілер, дизайнерлер, кәсіпкерлер жауап бере алмаса, бұл кімнің кінәсі? Мүмкін осындай тоқыраудың астарында мемлекет қолдауының ақсауы жатыр ма?

Білетініміз, біздегі мәселе отандық тігін фабрикаларының көпшілігі тек тапсырыспен ғана күнелтетінінде болып отыр. Қыркүйектің қарсаңында мектеп формаларын тігеді, сосын жыл бойына бәсеңсіп қала береді.

Қазақстандық дизайнер Ұлбосын Төленова мұның негізгі себептерін санамалап берді. Оның айтуынша, менеджмент мәселесіне мән берілуі керек. Киім тігетін кәсіпорынның немесе цехтың жанында тұтынушының талғамын саралап отыратын мониторинг болуы қажет. «Бізде отандық киім өндірісі дамымай отыр деуге негіз жоқ. Әсіресе, соңғы жылдары қайтадан қолға алып келеміз. Бірақ, тек мектеп формаларын тігуден аса алмай отырғанымыз шындық. Мұның түрлі себептері де бар. Қаржы, маман, шикізат… деп кете береді. Киім үлгілерін бұрынғы сол қатып қалған қағидамен дайындамай, жас ерекшелігін, тұтынушы талғамын ескеруіміз керек. Тағы бір мәселе, бізде бұл салаға жарнама жетіспейді. Жарнамасы жер жарған небір шетелдік киімдерді ұстап та, киіп те көріп жүрміз. Бізге өзіміздің өндіріп отырған киімдерді жарнамалауды мықтап қолға алсақ жеткілікті. Сосын матаның сапасы, түрі сән үлгілеріне қарай өзгеріп отырса, аз уақытта өз-өзімізді киіндіре алатын ұлтқа айналамыз», – дейді ол.

Біздің де ойымыз осыған саяды. Өйткені, қазірдің өзінде «отандық киім өндірісі алға жылжып келеді» деп, сәл де болса мақтана алсақ, оған еліміздегі нәзікжандылардың үлесі бар. Оларға мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл істе де белсенділік танытары сөзсіз.

Салық реттелмей, өндіріс дамымайды

Экономистер керісінше бізде жаңашылдыққа ұмтылу бар болғанымен, ары қарай жетілдіруге келгенде кенжелеп отырғанымызды айтады.

«Үкімет жағынан қолдау жоқ деп айтуға болмайды. Әлемдік нарықта таза иірілген жүннің бәсі артық. Бізде мақта да бар, жүн де бар. Екеуіне де кенде емеспіз. Демек, өңдеу өнеркәсібін жетілдіруге мүмкіндігіміз бар» деген экономист Мақсат Еркінбек мұның негізгі себебі киім сататын дүкендерде сауда нүктелерін жалдау ақысы тым жоғары, осының әсерінен кәсіпкерлер тек атақты брендтердің өнімдерін сатуға мүдделі екенін алға тартады. «Елімізде жүн-жұрқаны айтпағанның өзінде тері, мақта, былғары сияқты шикізат қоры жетеді. Ендеше, жеңіл өнеркәсіптің әлемдік нарығында әлеуеті жоғары ел бола алмай келе жатуымызға не себеп? Шикізаты өзінен шығатын ел өзгенікіне тәуелді болмауы керек. Керісінше, біздегі шикізаттың 80-90 пайызы экспортқа кетеді. Өйткені, оларға елімізде бар зауытқа өңдеуге тапсырғаннан гөрі, өнімін шетелге сатқан тиімді. Экспортқа шығарылатын шикізат үшін қосымша құн салығынан босатылады. Дәл сол мақтаны ішкі нарықта сататын болса, ешқандай пайда болмайды. Міне – мәселе. Сырттан келетін арзан киімдерді ішке кіргізбеу керек. Оларға деген салық көлемін арттырса мүмкін ішкі өнімге сұраныс көбейер», – дейді ол. Осы уақытқа дейін киім нарығы Еуропа мен Солтүстік Африкада қарқынды дамыса, бұл үдеріс қазір Азия мен Оңтүстік Америка елдеріне қарай ойысқан. Еуропалықтар шикізаттан қандай жағдайда сапалы материал алуға болатынын жақсы меңгерген. Олар жүн мен қалай жұмыс жасауды біледі. Біз сол жүнді өзімізден өткізіп отырып, еуропалықтардың сәнді, сапалы маталарына зәру болып отырмыз. Осы саладағы кәсіпкерлеріміз солар дайындаған дайын маталардан бренд киім тігіп, оған «отандық өнім» деп атау беріп отыр.

Қапшықтап киім тасығанды қашан қоямыз?

Отандық статистика мамандарының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанға 1,5 миллиард долларға киім-кешек импортталған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 89,8 пайызға көп. Шетелден киім жеткізу жылдан жылға артып келеді. Олардың 80 пайызы – Қытай, Түркия, Бангладеш, Италия және Өзбекстан елдерінен жеткізілген тауар. Саланың дамуына кедергі келтіріп отырған тағы бір мәселе – контрабандалық тауар тасымалы. Қытай, Түркия және Қырғызстаннан көлеңкелі және заңды жолмен келетін дайын киім-кешектер отандық өндірістің баяу дамуына әсерін тигізіп отыр.

«Қазақстандық дизайнерлер елімізге де, шетелге де таныла бастады. Мысалы, «Асыл мұра» өнімімізге сұраныс өте жоғары. Бірақ бізге көп жағдайда жұмыс күші жетпейді. Бұл дегеніңіз – маман тапшылығы. Яғни, ең алдымен, киім өндірісіне, тігін саласына маман дайындаудан бастау керек. Бұл жерде біріншіден, мамандарды жұмыспен қамтып ұтсақ, екіншіден, отандық өндірісті дамытар едік. Бізге мамандарды тәрбиелеуден гөрі, Қытайдан қапшықпен киім тасыған оңай», – дейді дизайнер Ұлбосын Төленова.

Терітерсекке, жүн жұрқаға айналды

Уақытында елімізде алпауыт кәсіпорындар жұмыс істеп тұрды. Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқкиім комбинаты, Қостанай камвол-мата комбинаты, Семей былғары-аң терісі комбинаты тек отандық шикізатпен жұмыс істеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген зауыттар жұмысын тоқтатты. Ал өзіміздің Тараз қаласында орналасқан былғары шығарумен айналысатын кәсіпорын мемлекеттің қолдауына мұқтаж боп отыр. Бүгінде бұл алып зауыттың шағын цехы ғана жұмыс істейді. Оның өніміне сұраныс жоғары. Бірақ ескі құрылғылармен жоспарды жүзеге асыру оңай емес. Оның үстіне маман тапшылығы мәселесі де бар.

Кеңестік кезеңде жылына 6 миллион жұп аяқ киім шығарған зауытта 7500-ге жуық жұмысшы болған. Ал қазір 250 жұмысшымен жылына 240 мың ғана өнім өндіреді. Кәсіпорынның бұрынғы жағдайы мен бүгінгі халін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Теріміз – терсекке, жүніміз – жұрқаға айналды деген осы шығар?!

 Түйін

Бір кездері тонын да, тымағын да өзі тігіп киген ата-бабамыз бүгінгі біздің пұшайман халімізді көрсе не дер еді?!

Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Қазақ қыздары көшеде де ұлттық нақышта киінсе, тым болмаса, киімінің бір шетіне қазақша ою салып алса ғой» деп армандапты. Отандық өнім, оның ішінде киім- кешек мәселесі енді ғана еңсе көтеріп келеді. Бірақ, бағасы тым қымбат. Өзіміздің шикізатты өзгеге сатып, өзгенің киімін киіп жүрген жер бетінде жалғыз өзіміз ғана шығармыз. Ендігі жерде біз тізген мәселеге мән беріп, киетін киімімізді бүтіндеп алмасақ, қазақ атымызға да сын.

Өйткені, өзіміз айтатындай, «Ит те киімге қарап үреді»…

Сіз не дейсіз?

Қазипа ҚАЛИҚЫЗЫ, этнодизайнер, «Қазбренд» мүшесі, Нazifa брендінің негізін қалаушы:

– Мұның негізгі екі себебі бар. Біріншіден, теңгеміздің құнсыздануы, яғни, инфляцияны айтамыз. Екіншіден, киім өнеркәсібіне кажетті маталар мен фурнитуралар бізде өндірілмейді. Олардың барлығын сырттан сатып аламыз. Әлі күнге дейін шетелдік шикізатқа тәуелдіміз. Мысалы, бізде Шымкенттен мата шығады. Бірақ, ол маталар еліміздің басқа өңірлеріне жетіп жатқан жоқ. Өйткені, онда елдің бұрыш-бұрышын қамтамасыз ететіндей жұмыс күші жоқ. Демек, бұл салада маман тапшылығы бар. Сосын бұл кәсіпті бастағысы келетін кәсіп иелері жұмыс орнын жалға алады. Осылардың барлығын қоса алғанда әлгі өндірген затымыздың құны аспандап шыға келеді.

Тамара БАЗАРБАЕВА, тігінші:

– Осы Тараздағы киім тігетін кәсіпорында жұмыс істедім. Жұмыс орнымыз тек тендерге қатысып, ауқымды тапсырыстар жасайтын. Көбіне әскери киім мен дәрігерлердің қызметтік киімін тіктік. Жалақымыз да дұрыс болды. Бірақ өзім тігінші ретінде басқа дүниелерді ойлап, жеке кәсібімді ашқым келді. Сөйтіп, жеке жұмыс істеуге көштім. Сонда байқағаным, бізде түрлі киімдерді тігуге жағдай жасалмаған. Инеден бастап, қарапайым тігінге қажетті барлық керек-жарақты сырттан сатып аламыз. Матадан бастап, түймелерге дейін сырттан әкелген соң, біздің тіккен киімдерімізге екінің бірінің қолы жете бермейді. Отандық киім өндірісін дамыту үшін алдымен сол киімге керек заттарды өндіруді қолға алу керек. Оған майда-шүйде деп қарауға болмайды. Біздің мықты кәсіпкерлер осыған назар аударса дейсің.

 

 Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support