- Advertisement -

Бүгінгі киноның беталысы қалай?

239

- Advertisement -

Кино – кез келген ұлттың бет-бейнесін, өмір сүру салтын көрсететін айна іспеттес көркем өнер. Соңғы уақытта қазақ кинематографиясында жаңа фильмдер көптеп жарық көріп жүр. Жастар жағы, шыны керек, кинотеатрларға өзіміздің киноларды көруге ағылатын болды. Осы сансыз фильмдердің 90-95 пайызы жекеменшік киностудиялар түсірген коммерциялық жобалар екен. Олардың жетістіктері қандай? Болмаса кемшілігі бар ма?

«Қазақфильм» 30 жылда 600 туынды түсіргенімен, тек 52 картина ғана жарық көріп, көрерменге жол тартыпты. Осы кезге дейін көрермендердің тарапынан отандық сапалы киноның тапшы болуына байланысты шағым көп болды. Балаларға арналған мультфильмдер мен киноконтент те үлкен сұраныста еді. Қазір бұл мәселенің іргесі ептеп сөгіле бастағандай. Алайда, бұл қалталы бизнес өкілдерінің негізгі табыс көзіне айналып отырғаны құпия емес.

Олар коммерциялық мақсат пен рейтингті көздегенімен, халық сұранысына сәйкес келмей жатады. Кино желісінің шытырман, қызық болуы, актерлердің ойыны және идеясы – аудитория сұранысының негіздері.

Көрермендер назары қазір кинотеатр және әлеуметтік желілердегі «Маған назар аудар», «Бақыт», «Әкім әйел», «Робот әйел», «Ажырасамын», «Қазақша бизнес Үндістанда», «ҚАШ» сынды картиналарда болып тұр. Бұл туындылардың мазмұны мен басты идеясы отбасы құндылықтары және қоғамдағы әйел рөлі. Режиссер Фархат Шәріпов күнделікті күйбең тіршілік баяндалатын киноны аудиторияның қабылдауы жеңіл болатындықтан, осы индустрияда жалпыұлттық идеология көбірек таралуы қажет екенін айтады.

Тағы бір жолы танымал актер, өнер қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов, Жұлдыз Әбдікәрімова түсірген «Ажырасамын» фильмнің алғашқы көрсетіліміне барып, өзінің өкпесін журналистерге жайып салған еді. «Мен нашар шығатын фильмдерді «нашар» деп айтамын. Фильмді жартысына дейін ғана көре алдым. Жартысынан кейін быт- шыт болып кетті. Сюжеттің линиясы үзіліп, жанр адасып кетті.

Шым-шытырық болып, екінші бөлімін көре алмадым. Біздің кезімізде киноға түсу үшін үлкен талап қойылатын. Өйткені, режиссер ол фильмді түсіруді емес, шығаруды ойлайтын. Оның үлкен шығарма болуын қалайтын» деген ол бүгінде сананы тұрмыс билеген қоғамды қатты сынға алып, бүгінгілердің біразының тек ақша ғана табуды ойлайтынын айтты.

Бұл киноларды мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Әлеуметтік маңызы бар құнды дүниелерді экранға шығарған әр кинода жастарға үлкен тәрбие болардай жүк бар. Бұл, әрине, көңілге сеп. Дегенмен, ондағы тіліміздің қолданысы және қадір-қасиеті режиссерлар мен продюссерлерді толғандырып жатқан жоқ сияқты. Кинолардың денінде тіл бұрмаланып, анайы сөздердің де жиі қолданылатынын байқаймыз. Киноны идеологияны дәріптейтін бірден-бір құрал екенін ескерсек, онда қазіргі киноның жағдайына жүрегің ауырып-ақ қалады.

«Қазіргі заманға сай небір керемет кино туындылар шығып жүр ғой. Осы менің балаларым не көреді екен деп, ұлдарымды бақылағаным бар. Сөйтсем олар «Азартник», «Карманчик» деген сериалдарды көріп жүр екен. Өзім де қарадым отырып. Қызық. Оқиғасын керемет шиеленістірген. Ең бастысы, тәрбиелік мәні бар. Бала оны көріп отырып, ұрлыққа жақындамау керектігін біледі, құмар ойынға қызықпайды.

Ең жаманы, ана тіліміздің өте қорланғаны менің жаныма батты. Қалай болса солай сөйлейді. Боқтық сөздерді көп қосқан. Балаларға оқиғасымен өткізіп беріп отырған тілдік қолданыстары кәдімгідей ықпал етеді екен ғой. Әйтпесе, біздің үйде жай ғана орысшаның өзін араластырып сөйлемейміз. Ал олар өзінің осындай киноларды көрген ортасынан үйренгендерін айтып, өздерінің тілімен айтқанда «жаргон» сөздермен сөйлеуге бейім боп тұрады. Ал бұл – қасірет. Ұлтқа төнген үлкен қауіп», дейді көпбалалы әке Ермұрат Жаңалық.

Біздің де бұл пікірге алып, қосарымыз жоқ. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, кино шығарушылардың мұндай қателіктеріне заң бойынша тоқтау болуы керек деп есептейміз. Тілдің бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатқанын да ұмытпасақ екен…

 

Әделя ТҰРСҰМБЕКҚЫЗЫ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support