Жас отауды сақтап қалды

Жас отауды сақтап қалды
ашық дереккөз
Жас отауды сақтап қалды
Жетпіс жастан асқанда менің қолыма қалам алдырған мынадай жағдай болды. Саясат пен мәдениеттен, әдебиет пен тарихтан хабарым болса да, заң тұрғысынан мүлдем сауатсыз екенмін. Күрделі өмір жолында басың аман болса, талай нәрсені көреді екенсің. Отбасымда бір келеңсіз жағдай болып, келінімді үш баласымен әке-шешесі алып кетті. Алты ай бойы жібермеді. Бірақ, біз жаққа да айтарлықтай кінә арта алмады. Балам ішпейді, шекпейді, келіншегіне қол көтермейді. Мемлекеттік қызметте істейді, үй-жайы бар. Араларында соншалықты ушығып кеткен ештеңе де жоқ. Келінім – Жуалының қызы еді. Бара сала сол ауданның сотына алиментке, артынша ажырасуға арыз берді. Мұндай жағдайды бұрын бастан кешпеген едік, не істерімді білмедім. Бірден Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Абуевтың алдына бардым. Ізет көрсетіп қарсы алып, туған анасындай жылы қабылдады. Болған жағдайды түгел баяндадым. Соңында келінімнің үстінен шағым түсіретінімді айттым. Бәрін мұқият тыңдады. Содан соң маған: – Апа, жағдайыңызды жақсы түсініп отырмын. Асықпаңыз, сабыр етіңіз. Келініңіз кінәсін түсінер, ойланар. Сіздерден кешірім сұрап барар. Үш немереңіздің келешегін ойлаңыз. Болашағына балта шаппаңыз, – деп ақыл-кеңесін берді. Сол сөз маған тоқтау салды. Арызданбадым. Аудандық сот жанындағы билер кеңесі қоғамдық ұйымының басшысы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Шора Ысқақов бастаған, көпті көрген, көзі ашық, көнекөз қариялар араласып, арада алты ай өткенде үш немеремді алып келінім келді. Немерелерді иіскеп, құшақтап, мәре-сәре болдық. Қазір балам екеуі жақсы жарасып кетті. Осылайша, Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Болатбекұлы еліміздің бір жас отбасын сақтап қалды. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда құлқынының құлы болып, тек қалтасын ойлайтындар аз емес. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, бір заңгерден кеңес сұрағанымда «Біздің әр сөзіміз – ақша, кеңесіміз – күміс теңге» деп жауап бермей қойды. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл бар. Өзі танымайтын, жасы жетпістен асқан мен секілді кемпірді үш-төрт рет қабылдап, қай кезде қоңырау шалсам да жылы амандасып, қызметін абыроймен атқарып жүрген Бабырхан Болатбекұлына шын көңіліммен аналық алғысымды білдіремін. Оның қазақы болмысы, қарапайым қасиеттеріне разымын. Бабырханның бұл ісі басқа әріптестеріне үлгі деп есептеймін.  

Алтын МОМЫШЕВА,

«Күміс алқа» иегері.

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар