Құрбымды қайтарғым келеді

Құрбымды қайтарғым келеді
ашық дереккөз
Құрбымды қайтарғым келеді
Ақкөңіл, сенгіш құрбым бар. Жұмысы әлеуметтік желімен байланысты болғандықтан, көптеген танымал кісілердің парақшаларындағы жазбалардан хабардар. Біраздан бері Іnstaqram желісіндегі zhan_zhihany парақшасын оқиды екен. Онда елге телеарна арқылы дикторлығымен танылған Жанат Бақыт Алла, Жаратушы жайлы біздің нанымымызға сай келмейтін жазбалар, тікелей эфир түсірілімдерін салатынын көпшілік те білетін болар. Менің әлгі сенгіш құрбым Нүрия соған иланып, дінге деген көзқарасын өзгертіпті. Оның жөнсіздігін қанша айтсам да, бетін бері қайтара алмай әлекпін. Дін мәселесі аса күрделі болғандықтан, оны анық танып-білмей жатып, ол турасында сөз қозғау, әрине қиын. Десек те, қасиетті Құран аяттары мен ұлы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетін негізге ала отырып, бүгінгі таңдағы ғаламтор арқылы жүргізілетін уағыздарға сеніп қалудың ақыры ауыр екені жөнінде ой қозғасам деймін. Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған дәуірінде өмір сүріп жатқан біздің әр күніміз ғаламтормен байланысты жағдайға жетті. Қазіргі уақытта интернет ең қолайлы қарым- қатынас құралы болғандықтан, көптеген діни уағыздар мен қоғамдық үгіт-насихат жұмыстары да тікелей осы жүйе арқылы таралып жатыр. Қазір ғана орын алған жағдай интернеттің көмегімен қас-қағым сәтте-ақ бүкіл дүние жүзіне таралады. Сол себепті, көптеген дін өкілдері өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын тікелей интернет арқылы жүргізіп отыр. Олардың ішінде өзіміз тыңдайтын имам, ұстаздарымыз да бар. Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, әр нәрсенің пайдасымен қатар, зияны да бар екенін ұмытпаған жөн. Мәселен, интернет арқылы жүргізіліп жатқан уағыздардың дұрысы да, бұрысы да баршылық. Өзіміз сеніп, ұстанатын Ислам дінінің атын жамылған адастырушы ағымдар да көбейді. Тіпті, діни ұстаздардың арасында да «Мына жері қате айтылды немесе бұлай үкім шығару дұрыс емес» деп бір-бірінің сөзіне қатысты пікір білдіріп жатқан сұхбаттары да жоқ емес. Ұстаздардың өзінің қателескен, қателеспегенін ажырата алмай, үлкен бір талқыға түсіп жатқанда қарапайым халық қалай дұрыс жол таппақ деп ойланамыз кейде. Діни сауаты шамалы, сенгіш, иланғыш, әсіресе, албырт жастағылар өздерінің қалай адасып кеткенін сезбей де қалады. Теріс пиғылдылар адамдардың, қоғамның ең осал тұсын пайдаланады, мәселен, психологиялық кеңес бере отырып, өз ағымын астыртын насихаттайды. Адамға іштегі өкпе-реніштерін сыртқа шығару, депрессиядан шығу, өзін-өзі бағалауды (самооценка) көтеру, адамдармен дұрыс қарым-қатынасты ұстану сияқты психологиялық әдістерді қолданып, мотивация беру сияқты тәсілдерімен адамды баурайды. Міне, осы сәтте тағдырдың қиындықтарына душар болып, қаржылық, тұрмыстық қажеттіліктердің жетіспеушілігі сияқты түрлі әлеуметтік мәселелерден қажып, шаршап жүрген кісілер осындай ағымдардың жетегіне жиі ілігіп кетіп жататыны өкінішті. Әлгі құрбым да психологиялық кеңес берген zhan_zhihany парақшасында айтылғандарға әбден иланған. Ондағы зерттеуші адамның ішінде әлдеқашан дүниеден өткен адамдардың рухтары өмір сүретінін және олармен тікелей байланысқа түсе алатынын айтқан. Құрбымның айтуынша, бір рух бірнеше тәнде бірнеше мәрте дүниеге келе алады дейді. Оны ғылым деп атаған зерттеушілердің айтуынша, кезінде тарихта болған батыр-жауынгерлердің барлығы біздің арамызда жүр-мыс. «Менің де рухым сол батырлар мен әулиелердің бірі болуы мүмкін» деген құрбым сол өзі айтқан зерттеушілерге имандай сенетінін айтып шошытты. Алғашында байыппен қарауға тырыстым. Бірақ, ол әлгі ғылымды зерттеушілердің «енді Алланы ауыздан тастаңдар, Жаратушы деңдер» деп айтқанын жеткізіп «Менің ойымша да Алла – Жаратушының көмекшісі, Алланың миссиясы бітті» дегенін естігенде жағамды ұстадым. Құрбыма «Ондайларды тыңдап қайтесің» деп едім, «Сен сенбесең өзің біл, мен сенемін оларға» дегенінде мүлдем басқа адамға айналғандай көрінді маған. Әрине, демократиялы мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, әркім өзі қалаған нанымын ұстануға құқылы. Сенікі – қате, менікі – дұрыс деуден аулақпын. Дегенмен, жоғарыда айтылған сөз мұсылманның бірінші парызы – Кәлимаға қарсы айтылып тұрғандай сезілді. Жанат Бақыттың әлеуметтік желідегі парақшасында сан мыңдаған оқырман бар екен. Солардың бірі – құрбым Нүрияның сенімі осындай, яғни басқа да осындай нанымда жүргендер бар болғаны ғой. Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маманы әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты пікірін білдірді. Басқа да Алланы хақ деп білетін кісілер әлеуметтік желіде жөнін айтып, жариялап жатыр. Соның ішінде Айша Кеңесбайдың пікірін атап өткім келеді. Ол өз парақшасында «Жанатпен КТК-да әріптес болдық, мінезі биязы, артық сөзі жоқ, өзім жақсы көретінім рас. Өткен жазда бір жолыққанда «Махдиді көрдім, оның жалғыз дана кітабы менде» дегенде шошыдым, «рух, реинкарнация, карма» дегендері де бар. Содан «Пайғамбарымыз (с.а.с.) рух әлеміне терең кірмеңдер, адасасыңдар деп тыйым салған. Тіпті, яһудилер одан (с.а.с.) рух жайлы сұрауға қорыққан, себебі «рух жайлы білімім аз» десе, оның пайғамбар екені анық деген». Осыларды айтқанда, Жанат тыңдағысы келмеді, сұрақтарына басқа жақтан жауап тапқанын айтып бақты. Оның ақиқатты, өмір мәнін іздеуіне ағасының коронавирустан көз жұмуы қатты соққы болып, күйзеліске түсуі итермелесе керек. Жалпы, дінімізде қатты қуанудан, күйзелістен сақтандырып, кез келген сәтте сабырға шақырады. Сауаты барлар оның салдарын жақсы біледі. Ал діннен хабары жоқ, әсіресе Алланы танымаған, сенімі әлсіз адамдар көрінген нәрсеге еріп кетеді. Түсінде ақ сақалдыны көрсе, аян алғандай өзін әулие сезінетіндер аз емес. Ал жын-шайтан Пайғамбардың (с.а.с.) бейнесінен өзге кез келгеннің, бақилық ата-әже, бауырыңның кейпінде келуі шариғатта ескертілген. Ал, Жанаттың Жаратушыдан хабар алдым деп гипноздың жетегінде жын-шайтанның арбауына түскені күмәнсіз. О заманда, бұ заман әйелден пайғамбар болмаған. Жаратушыдан (Алладан) хабар алу соңғы Пайғамбармен (с.а.с.) аяқталған. Ал ата-бабамыздың сан ғасыр ұстанған шариғатынан безіп, жаңа дәуірді дінсіз қарсы аламыз деп елірген тобыр ертең жаназасын кім шығаратынын ойланды ма? Тарих та, бүгін мен ертеңіміз қасиетті Құранда бар. Оны ғалымдар ғасырлап тәпсірлеп келеді. Алла Құранды қияметке дейін қорғайтынын да айтқан. Сондықтан, Алланың өзімен де, сөзімен де ойнап, «қазақ әруаққа сенген» деп еліріп, «ата- баба рухы реинкарнациямен әйелдер бейнесінде қайта туылуда. Тарихты қайтадан жазып, Ясауи, Абай, Шәкәрім, тағы басқалардың қателерін түзейміз» деген тобырдан не күтуге болады? Өкініштісі, мұндай сенімдегі топтар көбейіп кетіпті. Ютубтан алдымнан шыққан сілтемеге қарасам, әруаққа табынып, солармен тілдесуші сәуегей апа-көкелер өріп жүр. Жаратқан Алла елімізге хидаят, дінімізге тауфиқ бергей» деп жазыпты. Әрине, Нүрияға мұны да оқыттым, бірақ адамның бір нәрсеге сеніп қалған көңілін өзгерту қиын екен. Жалғандыққа сенген құрбымды қайтарғым келеді.  

Салтанат РАХМЕТУЛЛАҚЫЗЫ.

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар