«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңір диқандарының өнімі

Өңір диқандарының өнімі
ашық дереккөз
Өңір диқандарының өнімі
Калифорниялық жауынқұрттан биологиялық таза тыңайтқыш өндіруді біздің өңір диқандары да қолдана бастады. Одан өндірілген тыңайтқышты егіс алқаптарына сіңіріп, таластық диқандар жақсы өнім алуда. Жауынқұртты Қызыләуіт ауылының тұрғыны Серік Алпысбаев өз үйінің іргесінде өсіріп, көбейтіп, тыңайтқышын егіс алқаптарына сеуіп, жердің құнарлылығын арттыруда. – Калифорниялық жауынқұрттың жергілікті жауын құрттан айырмашылығы, олар мал қиын қорек етіп, 15-18 жылға дейін өмір сүреді. Олар бір жерден екінші жерге көшпей, бір азықтың ішінде өмір сүретіндігімен де ерекшеленеді. Көбеюі де жылдам, жылына 50-100 есеге дейін ұрық тастайды, суыққа шыдамды, ыстыққа төзімді. Жауынқұртты қоректендіру үшін шетелде азық- түлік қалдықтарын пайдаланса, біздің елде мал қиын қолдануға болады. Бұл тыңайтқыш биогумус деп аталады. Сан түрлі органикалық өнімдері бар, солардың ішінде үздігі осы биогумус, ол тіпті адам денсаулығына кері әсерін тигізбейді. Кішкентай жауынқұрттар қидың бойындағы әртүрлі ауруларды, керек емес қалдықтарды жойып, таза тыңайтқышқа айналдыра алады, – дейді Серік Алпысбаев. Жас кәсіпкер бұл жобаны өз қызығушылығымен бастап, өткен жылы мемлекеттік қайтарымсыз грант иесі де атанып үлгерген екен. Бұл кәсіпті дамыту үшін «Бастау Бизнес» жобасы аясында арнайы курсты тәмамдап, сертификатын да алыпты. Маманның айтуынша, биогумус жерге құнар береді, оның бойында өнімге қажет барлық элементтер кездеседі. О л а р өнімнің 30 пайызға өсуіне, ұзақ сақталуына, сапасының жоғары болуына зор ықпалын тигізеді. Химиялық қоспалар мен уланған азық салдарынан елімізде әртүрлі аурулар белең алуда. Ал, биогумус – осы мәселенің шешімі. – Өңіріміздегі көп егістік жерді сор басып, одан қалды химиялық өңдеу салдарынан тозуға ұшырағаны белгілі. Оның деңгейін төмендетудің бір жолы осы жауынқұрттан өндірілетін тыңайтқыш. Бізге жауынқұрт өсіріп, тыңайтқыш өндіретін шаруашылықтарды дамытып, егіс алқаптарын тозудан сақтап қалу керек. Жерді құнарландырудың бір жолы осы, – дейді кәсіпкер. «Бұлар күтімді ерекше қажет етпейді. Таңнан кешке дейін күтім жасап, уақытта жоғалтпайсың. Басқа шаруамен айналысып жүре бересіз, жауынқұрт қи болса болды, өздігінен көбейе береді. Бұл кәсіпті мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарға қолға алуына болады. Бар болғаны, екі күнде бір рет қи бетіне 10 литр су құйып, көкөніс қалдықтарын тастап қойсаңыз болды», дейді Серік Алпысбаев.  

Нұргүл ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.

Талас ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар