Ауыл шаруашылығы дамыса, азық-түлік мол болады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VІІІ сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде мемлекеттегі саяси оқиғалармен қатар, сегіз басымдыққа айрықша тоқталды. Оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру керек екенін атап көрсетті. «Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржы тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті», деді. Президент сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1 мыңнан астам ауылдағы әлеуметтік және инженерлік 3700 нысан жаңартылғанын еске салып, бұл жұмыстың алдағы уақытта жалғасатынын, биыл 1,5 мыңнан астам жобаға 143 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді. Сондай-ақ, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру мүмкіндігіне назар аударды. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынатынын айтты.
Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетіні, ауыл шаруашылық кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылатындығы, оларға құрал-жабдық пен техника сатып алу үшін субсидия беріліп, осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінетіні Президент тарапынан айтылуы – шаруаларға ақжолтай жаңалық болды.
– Президент атап көрсеткендей, облыстың агроөнеркәсіп саласының алдында да шешімін күткен міндет аз емес. Оның басында ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егін шаруашылығы саласын әрі қарай әртараптандыру тұр.
Биыл 770,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланса, оның ішінде жаздық дақылдардың көлемі 453 мың гектарды құрайды. Дәнді және бұршақты дақылдарды – 398,3, майлы дақылдарды – 72,2, қант қызылшасын – 10,4, картопты – 11,8, көкөніс дақылдарын – 44,8, бақша дақылдарын – 16,8 және мал азығы дақылдарын 216,2 мың гектарға орналастыру межеленді. Оның ішінде жаздық дақылдар 454,2 мың гектарды құрайды. Наурыз айының соңына дейін жыртылуы тиіс жоспарлы 104 мың гектардың 57,9 мың гектары жыртылып, 166,8 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілді. Жаздық масақты дақылдар – 110,6, көпжылдық шөп – 12,4, көкөніс – 8,2, майлы дақылдар 1,7 мың гектар алқапқа және 340 гектарға картоп дақылы егілді, – деді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков.
Мол өнім алу үшін сапалы тұқым қажет. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына қажетті 95,6 мың тонна тұқымның 76,8 мың тоннасы дайын. Бұл 80,3 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта облыста жоғары репродукциялы және бірінші, екінші, үшінші көбейтілген тұқымды өндірумен айналысатын 13 аттестатталған ауыл шаруашылығы субъектілері бар. Оның ішінде жеміс ағаштарының элиталық көшеттерін өндіруге үш шаруашылық және күздік бидай, жаздық арпа, мақсары, көпжылдық шөп, картоп дақылдары бойынша элиталық және ішінара бірінші, екінші, үшінші көбейтілген тұқымдарды өндіруге аттестатталған 10 кәсіпкер жұмыс атқаруда.
Облыс шаруалары Алматы және Түркістан өңірлерінде орналасқан ғылыми- зерттеу институттарымен және тұқым шаруашылықтарымен бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде егістікке қолданатын тұқымның үш пайыздан астамы элиталық, 17 пайызы бірінші репродукциялық тұқыммен қамтылуда. Атап айтқанда, элиталық тұқым шаруашылығы «Сыпатай батыр» ЖШС мен Т.Рысқұлов ауданындағы «Қайнар-Агро» ЖШС «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми- зерттеу институты» ЖШС-мен бірігіп, бидай және арпа дақылдарының элиталық сорттарына ғылыми негізделген сынама жұмыстарын бірлесіп жүргізуде.
Биылғы өнім үшін егілетін дақылдарды сұрыптық сынау мақсатында облыстық бюджеттен 85 миллион теңге бөлініп, әр аудан бойынша тұқымның зертханалық сынамалары алынып, сапасын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды «ҚазАгроЭкс» АҚ Жамбыл филиалы мамандарымен бірлесіп атқаруда. 12 мың тоннадан астам тұқым зертханадан сынамадан өткізіліп, зерттеу қорытындысының оң нәтижесі негізінде егіс алқаптарына себілуде.
Жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін көмек-қолдаудың нәтижесінде былтыр қант қызылшасы дақылының егіс алқабы 5,5 мың гектарды құраса, биыл 10,4 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Тәтті дақылдың егіс жоспарына сәйкес, қажетті тұқым көлемі 15600 себу бірлігін құраған. Бүгінде жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге бөлініп, оған 5,5 мың себу бірлігін және «Меркі қант зауыты» ЖШС тарапынан 3 мың себу бірлігінің 2448-іне өтінім түсіп, келісімшартқа тұру және сату- сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қосымша егіс алқабына қажетті тұқым көлемін тұқым сатуға аттестатталған 5 заңды тұлға тарапынан қамту жоспарланыпты.
Жалпы, кешегі Кеңес заманында қызылша дақылын өсірумен де даңқы шыққан облыс үшін 10 жарым мыңға жуық гектарға қант қызылшасын егу – түк емес. Қант қызылшасынан рекордтық өнім алып келген алдыңғы буынның өнегелі еңбек жолы жалғасын тапса дейсің, осындайда. Әрине, оған бірінші ауыл, аудан әкімдері, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары шаруалармен түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізуі тиіс.
«Су тапшы» деген сылтау емес, баяғыдан-ақ ағыл-тегіл су жоқ. Кетпен- күрекпен-ақ таңның атысы, күннің батысы алқапта жүріп, еңбек еткен аға ұрпақ өкілдерінің жарқын жолын жалғастыратын уақыт әлдеқашан келді. Оның үстіне, қазір заманауи үлгідегі техниканың түр-түрі бар. Қызылша дақылын өсіретін аудандарда су үнемдеу технологиясын енгізу де жылдан-жылға қарқын алып келеді.
Ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде техниканың алатын орны ерекше. Егін де, мал шаруашылығы да техника күшімен атқарылады. Көктемгі дала жұмыстарына дайындыққа кіріскенде диқан қауымы бірінші ауыл шаруашылығы техникаларын сақадай-сай етіп, дайындық сапына қояды. Биыл да облыс диқандары жер жыртып, егін салуға техникасын 100 пайыз дайындаған. Бүгінде көктемгі дала жұмыстарына 4529 трактор, 1071 соқа, 457 қопсытқыш, 746 дән сепкіш, 90 тұқым дәрілегіш, барлығы 6893 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылуда.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ақпан-сәуір айларына 15,5 мың тонна дизель отыны бөлінген. Оны шаруашылықтарға тарату үшін облыс бойынша 14 оператор анықталып, бір литр үшін тарату бағасы 204-214 теңге аралығында бекітілген. Мұнай өңдеуші зауыт пен таратушы операторлар арасында келісімшарт жасалып, тиеп- жөнелту жұмыстары жүргізіліп жатса керек. Операторлар тарапынан ақпан, наурыз айларына тиісті көлемге 100 пайыз қаражат төленген. Бүгінге дейін 11,2 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны жеткізіліп, 7 мың тоннасы ауылшаруашылық құрылымдарына таратылыпты.
Биыл 280 мың гектар алқапқа 54 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. 29 наурыздағы жағдай бойынша «ҚазАзот» АҚ 2174,2 тонна аммиак селитрасы, «Қазфосфат» ЖШС сатушы болып табылатын «КАZ Chemicals Trading House» ЖШС 906 тонна аммофос шаруашылықтар тарапынан алынып, 5,4 мың гектар алқапқа ендіріліпті. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында облысқа биылға «Кең дала» бағдарламасына 1 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге облыс бойынша 63 ауыл шаруашылығы құрылымдарынан 736,9 миллион теңгеге өтінім түсіп, 34 шаруашылыққа 445,9 миллион теңге төленген.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасына сәйкес, биыл 5,3 миллиард теңге бөлінген. Бүгінге жалпы сомасы 2,4 миллиард теңгені құрайтын 868 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия төленіпті. Осының нәтижесінде, биылғы ақпан айында облыс бойынша жалпы мал саны 6,3 миллион басқа жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 112, 3 пайызға артқан. Оның ішінде мүйізді ірі қара 508 мың, қой мен ешкі 3497 мың, жылқы 169 мың, түйе 7 мың басқа, ал құс саны 2160 мыңға жеткен.
Өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 18 мың тонна ет өндіріліп, 104,4 пайызға, 35 мың тонна сүт өндіріліп, 101,6 пайызға артқан. 15 мың тауық жұмыртқасы өндірілген. Алдағы уақытта 2,9 миллиард теңгеге мал шаруашылығы бағытын қолдау мақсатында асыл тұқымды мал сатып алу, селекциялық жұмыстар, сүт, құс етін өндіру және ет өндіру кәсіпорындарына өткізілген ұсақ мал басы және мүйізді ірі қара малын асылдандыру үшін қолдан ұрықтандыру бағыттары субсидияланады деп жоспарланған.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай ауқымды көмек пен қамқорлықты сезіне еңбек етіп жатқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тынымсыз тірлігі еш кетпеуі үшін ауылдық округ және аудан әкімдері тиісті бөлім басшыларымен бірлесе отырып, шаруаларға мейлінше жағдай жасауы тиіс. Президент мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржының тиімді жұмсалмайтынын, өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдалдың көп екенін айтқанына оралсақ, осы жерде бірер жыл бұрын облыста қарқынды түрде қолға алынған «Алқаптан – сөреге» жобасы еске түседі. Тауар тұтынушыға жеткенше бірнеше делдалдың қолынан өткен өнімнің бағасы шарықтап кетеді. Шаруалардан тірідей сатып алынған мал тұтынушыға жеткенше бірнеше қолдан өтіп, оның бағасы аспандап шыға келеді. Бұл өзекті мәселе Президент назарына ілікті.
«Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуы тиіс екенін де еске салған Мемлекет басшысы топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қажет екенін де айтты. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейтудің маңыздылығын да атап көрсете келе, өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән беру қажеттігін де жеткізді.
Президент: «Тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – стратегиялық маңызды міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті бізге оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық», деді.
Облыста да су мәселесі жырға айналғалы қашан. Су шаруашылығымен айналысатын мекемелер бар, басқасы бар шұғыл қолға алатын жұмыстың бірі – Президент назар аударған осы мәселе. Енді «Таласта немесе Шуда су жоқ» деп қол қусырып отыруға болмайды. «Aq jol» бұған дейін талай рет көтерген су тапшылығынан арылу үшін мүмкіндігінше жерасты суын игеріп, су үнемдеу технологиясын көптеп енгізу қажеттігін өмірдің өзі көрсетті. Су қоймалары мен арық- атызды бүтіндеу, мүмкін кейбір шаруалар көтеріп жүрген ысырапқа жол бермес үшін пластикалық құбыр тартуды қолға алу қажет шығар. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы сөз еткен мәселенің бірде-бірі аяқсыз қалмауы тиіс.
Амангелді ӘБІЛ
Ұқсас жаңалықтар
Жауапкершілікті күшейтетін тарихи мүмкіндік
- 12 наурыз, 2026
101 шаруаға жеңілдетілген несие берілді
- 12 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




