Ұлттық сана негізі – қазақы салт пен діни дәстүр
Ғасырдан ғасырға ұласқан талай заманды басынан өткерген қазақ халқы өзіне ғана тән болған ұлттық бейнесін паш етер қазақы салты мен ислами дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа тапсырып келеді. Алайда, ата салтты ескіліктің қалдығы санаған, діни дәстүрді құбыжық көрсетіп санаға сіңдірген адасушылықтың салқын сызы әлі де ел ішінде білінуде. Кейде қазақи салт пен діни дәстүрдің мәнін жете білмегендіктен дін ұстанып, намаз оқып жүрген кейінгі ұрпақтың арасында өзара түсінбеушіліктің орын алып жүргені де рас. Ол екі тараптың бірі, өзін ғана жөн санап, екінші жақтың іс-әрекеттері мен амалдарынан кемшілік тауып жатады. Ондай өзара түсінбеушіліктің бірқатар себептері де көпшілікке белгілі. Десек те, сондай себептің пайда болуы, күнделікті қолданып жүрген сөздер мен сөз тіркестеріне де қатысты екенін аңғармай жүрміз. Бізде әдет-ғұрып, салт-дәстүр, салт-сана мәселелері айтылудай-ақ айтылып келеді. Тіпті, бұл тіркестерге құлақтың үйренгені соншалық сана да, салт та, дәстүр де бір мағынада айтылатын синоним сөздер сияқы естілетін болып кетті. Алайда, бұл сөздер қоғамдық ортада бөлек-бөлек өзіндік міндет атқаратын, жеке-жеке ұғымдар екеніне көпшіліктің мән беріп жатқаны шамалы.
«Әдет-ғұрып» деп айтып жүргеніміз, араб тілінен ауысқан «әл-ғәдат» және «әл-ғурф» деген сөздер. Бұл сөздер түрлі мағынаға ие. Қоғамдық ортада, «әл-ғәдат» – үйреншікті іс, қалыптасқан жағдай дегенді білдіретін, ал «әл- ғурф» – дұрыс, тура, жақсы дегенді білдіретін мағынада қолданып жүрміз. Әдет-ғұрып деп айтқанда, дұрыс деп мақұлданған, қоғамға пайдалы болатын жақсы іс-әрекеттер айтылады. Егер әдеттің ішінде жағымсыз көрінетін бұрыс (теріс) әрекеттер байқалып қалса, ондайда «әдеті жаман екен» деп, баға беріп те жатамыз. Яғни, ондай әдет жақсы (әл-ғурф) емес. Әдет-ғұрыпты сақтайық, – дегенде, қазақтың ерекшелікке ие ежелгі жақсы әдеттері мен табиғатын байыта отырып, келер ұрпаққа жеткізейік дейміз.
Дәстүр – «дустур» деп айтылатын араб сөзінің баламасы, конституция, құқықтық негіз, діни үкім дегенді білдіреді. Ислам мемлекеттерінде конституция (дәстүр) ислам шариғат ережелеріне негізделген. Ислам діні келгеннен кейін араб халқының ежелгі салттары реттеліп, дінге қайшы келмейтіндерін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де ұстанды.
Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құрайыштықтардың ежелгі салты бойынша ұлы Ибраһим дүниеге келгенде, жеті күннен кейін шашын алып, есімін қойып, садақа таратып, мал сойып, жақындарына дәм берді. Осылайша, Ислам дініне қайшы келмейтін Құрайыш салттары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетке айналып, діни дәстүр талаптарына кірікті. Сондықтан, Ислам мемлекеттерінде діни білім алған кейінгі ұрпақтың ішінде діни дәстүр талаптарына қайшы келмей тұрса да, басқа елдің салттары «бидаға» (діннен тыс) деген ұғыммен, өз салтына өзі өгейсіп қарайтындардың бар екендігі шындық.
Салт – бір тұтас өлкенің, халықтың тұрмыс- тіршілігіне сіңісті болған үрдістен қалыптасқан қолданыстағы іс-әрекеттер.
Бірқатар ежелгі ғылым иелері әр этностың салтына үлкен мән бере отырып, ол әдеттердің бір елдің «салты» деп мойындалуы үшін төмендегі мына үш шартты ұсынған:
- Салт – Құран мен Сүннеттің мәтіндеріне, ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне (ижмаъ) немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге кері келмеуге тиіс.
- Салт – сол қоғамдық ортада кең таралуы тиіс. Имам ас-Суютидың айтуынша, «Егер салт (қоғамдық ортада мойындалып) кең тараған болса ғана тән алынады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды». («Әл-Әшбахһ уә- инәзиар» 87).
- Салт – бізге бұрынғылардан жеткен сондай- ақ, бүгінгі өмірде де қолданыстағы салт болғаны жөн. Бұл орайда имам ал-Қарафи: «Әр нәрсенің салт арқылы көрсетілетін айрықша орны бар», – десе, имам ән-Нәуәуи: «Шариғатқа қарсы келмеген кейбір мәселелерде салтқа сүйену керек», екенін айтады. («Шарх Сахих Муслим» 2/8).
Қуанышбек ӘЛИШЕРҰЛЫ.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының жаңа орынбасары тағайындалды
- 20 қыркүйек, 2024
АЭС – маңызды шешімдер кезеңі
- 20 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді