«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еменді и, иілетін кезінде немесе ұрда-жық ұрпақ неге көбейді?

Еменді и, иілетін кезінде немесе ұрда-жық ұрпақ неге көбейді?
ашық дереккөз
Еменді и, иілетін кезінде немесе ұрда-жық ұрпақ неге көбейді?
Жаһандану үдерісі екпін алған шақта, ең алдымен, ұлттық рухты сақтап қалуымыз керек. Біздер, көзіқарақты оқырман, қоғам мүшелері болып осы мәселені талқылауға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Бірде адам бойына этнопедагогика арқылы сіңетін ұлтжандылық, отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттердің әлсірегенін әңгімелесек, енді бірде әлемдік өркениетке жұтылып бара жатқан барымызды қимай қамығамыз. Тіпті, сөзіміздің мысалына айналған баламызға дұрыс сабақ бере алмаған мұғалім де, үйдегі тәрбиені тізгіндей алмаған ата-ана да, жастарды жаулаған ғаламтор да кінәлі. Бәрі, бәрі өзіңді ақтап, өзгені даттайтын өзеуреу. Осыдан жақсы болып отырған жайымыз бар ма? Олай болса, бесіктен белі шықпаған балаларымыз неге бұзық? Ұрда-жық ұрпақ неге көбейді? Қай жерден қателік жіберіп алдық? Ойланатын негізгі сауал да – осы.

Мектептегі матриархат

Бүгінде сонау Атыраудағы оқиғаны сөз етіп, одан Қызылордадағы балалардың бұзықтығын талқылап, Алматыдағы бала өліміне жағасын ұстаған жұрт көп. «Осының бәрі мына интернеттің кесірі» деп, телефонды нұқып қойып немесе ата- анасын кінәлі еткеніміз болмаса, оқиғаның дәл осы деңгейде өрбуіне не себеп болғанын анықтауға асығып отырғанымыз жоқ. Былтыр аймағымыздағы өңірлік полиция департаментінің бөлімшелеріне кәмелет жасына толмаған 6724 жасөспірім жеткізіліпті. Тыйым с а лынғанына қарамастан, ұл-қызының мезгілсіз уақытта қоғамдық ортада жүргені үшін 5465 ата- ананы да жауапкершілікке тартыпты. Былтыр облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық сотта 50 қылмыстық іс қаралған. 2021 жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істер көбейіп, 77 пайызды құрап отыр. Биыл сот үкімімен 5 жеткіншек бас бостандығынан айырылған. Жылдан- жылға тізгін тартуы тиіс мәселенің керісінше ушығып кетуіне шынында да не себеп болды екен? Көкейге осындай сауал келгенде, оның жауабына мектептегі ер мұғалімдердің аздығын қосып айтқымыз келіп тұрады. Онымыз шындыққа саяды да. Бүгінде ер- азаматтарымыз бір үйде ғана емес, бүкіл қоғамда, оның ішінде, бала тәрбиелейтін білім ошақтарында азайып кеткені рас. Қалай айтсақ та, қазақ баласында тәрбиенің керемет үлгісі бар. Апайын алдап соққанымен, ағайына өтірік айтпауға, оның алдында өзін жігіттерше ұстауға тырысатын тәрбие бастауын айтып отырмыз. Біздің тәрбиемізде ер мұғалімнің алдында баланың бұзықтығы тұсауланып, қыздың ибалығы артады. Мәселе сол ер мұғалімдердің аздығында болып тұр. Статистикаға сүйенсек, облысымыздағы орта мектептерде сабақ беретін 40 мыңға жуық мұғалімнің 80 пайызы әйел ұстаздар екен. Орта есеппен алғанда, әр мектепте 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Оқу-тәрбие мекемелері мен басқармалары басшыларының арасында да ер азаматтар мүлде сирек. Көрдіңіз бе? Баланың үйдегі тәрбиешісі – әйел, мектептегі мұғалімі тағы да – әйел. Бұл жерде біз бала тәрбиесіне байыппен қарайтын әйел-ана-ұстаздарға өкпе артып отырған жоқпыз. Керісінше, дәл осы тәрбиеге келгенде ер адамдардың орны ойсырап тұрғанына налып отырмыз.

Отбасыңа ие бол, отағасы!

Өркениет көшіне іле су жолында ілбіп басып отырған біз жоқ. Бұл жолда белсенділік танытқанымыз соншалықты қазақы қоғамымызға еуропалық сананы сіңіретін түрлі жаңалықтарды жатсынбай қабылдадық. Бір ғана мысал. Бұрын қазақтың қандай да бір қиындығын отбасы институты шешетін. Ал бүгін бұл жағдайдан әйелдерді кемсітушілікке тыйым салатын ұлттық заңнамалық шаралар алып шығады. Ерлі-зайыптыларды қажет болса соттастыратын, ақыры от бастыратын дағдарыс орталықтарының құрылуы отбасы институтының әлсірей бастағанының көрінісі демеске амалымыз жоқ. Бір отбасының шырқы бұзылмақ түгілі, бір баланың бұзықтығы бүкіл елге сын болған қазақ үшін оның отбасына қоғамдық ұйымдардың араласып, дәстүрлі құқы мен ата-салтына емін-еркін қол сұғуынан асқан сорақылық жоқ шығар. Бүгінде полиция бөлімшелерінде 247 жасөспірім мен 292 жайсыз отбасы есепте тұр. 62 ата-ана өз құқығынан айырылған. 23 жеткіншек арнайы мекемеде тәрбиеленеді. Бұл статистика аймағымыз үшін аз емес. Жайсыз деп жұқалап отырғанымыз болмаса, олар бір ажырасып, бір қосылып, бала тәрбиесін бүлдіріп жүрген нағыз жауапсыз жандар. Психологтардың өзі қылмыскер баланың балалар үйі мен толыққанды емес отбасылардан шығатынын жиі алға тартады. «Әкенің айтқаны балғадай, ананың айтқаны малтадай» деген қазақ үшін, мірдің оғындай сөздің нүктесін қоятын адамның азайғаны қасірет емей не?! «Әрбір басшы өзінің қоластындағы адамдар үшін, әрбір имам жамағаты үшін, әрбір отағасы өзінің отбасы мүшелері үшін жауапты» деген пайғамбар хадисіндегі жауапкершілікті қалай атқарып жүрміз өзі?!

Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі

Иә, біз көтеріп отырған мәселенің біреуінен мүлт кетсеңіз, «Балам неге бұзық?» деген сауалдың жауабын өзіңіз беруге тура келеді. Нақ осы мәселеден майып болып отырған біздің қоғамда жасөспірімдер арасындағы төбелес пен әлімжеттік көрсету тым жиілеп кетті. Статистикаға сенсек, нақты мақсат- мүддесі жоқ жеткіншектер қылмыс жасайды. Шамамен оншақты жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық жасау, қарақшылық шабуыл, мүліктік қылмыспен қатысты болса, қазіргі қылмыс ұрлық-қарлықтан адам өміріне қауіп төндіруге дейін барып отыр. «Шыны керек, әлеуметтік желілерден оқушылардың бір-бірін аяусыз тепкілеп жатқан бейнежазбасын жиі көретін болдық. Осының бәрі – ұлттық тәрбиеден ажырап қалғанымыздың белгісі. Тіпті, мектептің мақтанышы деген «Алтын белгі» иелерінің өзі осындай қылмыстарға барып жатады. Ең өкініштісі, болар іс болған соң сан соғатынымыз. Шын мәнінде, әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Себебі, отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды», дейді заңгер Ләззат Орынбаева. Заң саласының мамандары қылмыс көрсеткішінің көбеюіне ата-ана тарапынан бақылаудың болмауы, отбасындағы теріс тәрбие, жасөспірімдерді ересек адамдардың қылмысқа итермелеуі және профилактикалық жұмыстардың жеткілікті болмауы себеп дейді. Бұған қоса балалардың психикасына интернет көп әсерін тигізіп отыр. Сөз соңы Тәрбиеге қатысты пікірді Абайдан асып айтқан ешкім жоқ. Онда тыңдаңыз: «Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір - қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны масаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?». Айсұлу Құрманалиева, ұстаз: – Білім саласында жүргеніме біраз болды. Байқайтыным, бүгінгі балалар сөз көтермейді. Бастарынан сөз асырмайды. Тәкаппар. Мәселенің бір ұшы осында. Сосын олардың мұндай әрекеттерге қашан, қалай барып жүргенін аңғармай қаламыз. Үйдегі ата-ана телефон дей ме, планшет пе, MacBook па, техниканың қай түрі керек, солардың барлығын алып беріп жаман үйреткен. Осындай балалардан артық қылықтар шығады. Олар бұл ғажап дүниені көбіне білім ізденуге емес, мақтаншылыққа, жаман әрекеттерді жұқтырып алуға пайдаланады. Бәріне топырақ шашудан аулақпын, бірақ еркелетемін деп есіртіп алатынымыз рас. Дана Смайлова, психолог: – Социология ғылымында «Ветер синдромы» деген бар. Осы бойынша бір рет жасалған жауыздық актісі ақпарат құралдарында кеңінен таралатын болса, қаныпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, көбейіп кетеді. Біз осы арқылы-ақ мұндай оқиғаларды өршітіп, көбейтіп алып жатуымыз мүмкін. Өйткені, бір оқиға болса, түрлі әлеуметтік желілерде айқайлап айтып, шулай жөнелеміз. Осы саланың маманы ретінде айтарым, ондай ақпараттарды таратуда абай болған жөн.  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар