Тихоновтың өзі тәнті болған еді

Тихоновтың өзі тәнті болған еді
ашық дереккөз
Тихоновтың өзі тәнті болған еді

Нұрсұлтан Әбішұлы сынды заманынан озық туған, ұлтының көшбасшысына айналған дегдар да дара дананы жас күнінен білуші едім. 1964 жылы Қаратау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарып жүргенімде республикалық деңгейде өтетін ірілі-ұсақты жиындарда кездесіп жүрдік. Бізден жасы едәуір кішілігіне қарамастан ол мінберге шығып, екі тілде бірдей сөйлеп, өз қаласының проблемасын іркілмей айтып, көбімізді таңғалдыратын. Кейін Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына көтерілді. Жасы орда бұзар отызға енді ғана толған азаматтың өнеркәсіпті өлкенің партия ұйымының жетекші басшысының біріне айналғаны – ғажап құбылыс қой. Расы солай, ол жас күнінен сұңғылалығын танытқан жан.

Нұрсұлтан Әбішұлымен тікелей араласуым оның Қазақстан Үкіметін басқарған жылдары жалғаса түсті. Мен ол кезде қалалық атқару комитетінің төрағасымын. Жетпісінші жылдары химия өндірісінің қарыштап даму кезеңі басталды. Күн сайын демей-ақ қояйын, ай сайын одақтық Үкіметтің сала басшылары, республикадағы басқа да лауазымдылар Қаратау және Жаңатас қалаларына іссапармен келетін. Келгенде жұмыс барысын көздерімен көріп, іргелі кеңестер өткізіп, қордаланған мәселелерді шешіп кететін.

Әлі есімде, Нұрсұлтан Назарбаев КСРО Үкіметінің төрағасы Н.А.Тихонов бастаған Одақтық министрліктердің өкілдерімен бірге келіп, кен байыту фабрикасының жұмысын көрді. Комбинаттың Бас директоры А.И.Шейн қысқаша баяндама жасады. Ал негізгі мәселелер төңірегінде Нұрсұлтан Әбішұлы түсіндірме жасады. Бұрын Теміртаудың кен-металлургия комбинатында болат құюшылықтан еңбек жолын бастаған оның өндірісті «жаңғақша» шағатынына Тихоновтың өзі тәнті болғаны есімде. Сол жиыннан кейін екі қаладағы өндіріс орындарының құрылысы тіпті қарқынды жүргізіліп, оны Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бақылауына алғанын айтуға тиістімін. Бірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығының өкілеттігін пайдаланып Үкімет басшысы – Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болғаным бар. Қалада өндіріс ошақтарының өсуіне байланысты тұрғын үй проблемасының туындап отырғанын, кен байыту фабрикасы құрылысының әлі де болса баяу жүргізіліп жатқандығын, қаланы Бас жоспарға сәйкес абаттандыруға қаржы жетпейтіндігін айттым. Сонда ол кісі мені мұқият тыңдап болған соң, көмекшісі арқылы дереу кеңейтілген мәжіліс өткізіп, оған бірінші орынбасары Новиковты және Химия өнеркәсібі министрі Путинцев пен басқа да сала басшыларын шақырып, оларды сұрақтың астына алып, қысқаша есептерін тыңдап, аяғында Қаратау қаласының экономикалық-әлеуметтік әлеуеті турасында іс-шара жоспарын жасатып, оны өзі бекітіп, бақылауға алатын болып тарастық. Нұрекеңнің жас та болса бас екенін сонда бір танығанмын. Үкімет басшысының қатаң қадағалауының арқасында Қаратау мен Жаңатас қалалары аз жылдар ішінде адам танымастай көркейіп, атағы әлемге танылған-ды. Кейіннен КСРО ыдырап, Қазақ елі өз Тәуелсіздігін жариялады. Қазақстанның бағына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұңғыш Президенттікке сайланды. Сол науқан кезінде округтік сайлау комиссиясының төрағасы болу бақыты маған бұйырған екен, Талас, Қаратау қалаларының сайлаушылары оған бір кісідей дауыс беріп, дұрыс таңдау жасағанына куәмін. Осыдан он шақты жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ойық ауылының тұсындағы Көшек батырдың кесенесіне тәу етуге келгенде ауданның ақсақалдарының бірі ретінде қарсы алуға мен де барғанмын. «Көп жыл өтті ғой. Баяғы кездесулерді ұмытып кеткен шығар» деген күдікті оймен қолын алып жатқанымда, Елбасы жадырай күліп «Ә-ә, Жапар аға, халыңыз қалай?» дегенде қатты абдырап «Жақсы, жақсы» дей беріппін. Есте сақтап, адамды құрметтей білудің бұл да бір үрдісі. Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтының ұлы екендігін, заманының сұңғыла көсемдігін қазақ мемлекетінің алтын ұясы саналған – Ұлытаудағы салиқалы сұхбатында риясыз дәлелдеді. Қамтылмаған мәселе, айтылмаған ой қалмады. «Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік! Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек» деді. Міне, мұндай батыл сөзді іргелі, күшті мемлекеттің Көшбасшысы ғана айта алады. Әйтпесе, тәуелсіздігімізді көре алмай, ауыздарын арандай ашып отырған алпауыт мемлекеттер жоқ емес, бар. Бұл мәлімдеме – соларға жасалған ескерту ғана емес, әрбір қазақстандықты біріктіріп, намысты қамшылайтын сөз. Асылы, біз Елбасының Мәңгілік Ел құру жөніндегі Ұлы идеясын мақұлдап қана қоймай, соған титімдей болса да үлес қоссақ, бізді ешкім де мұқата алмайды. Ұлытау төрінде Республика Президенті атап өткендей Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – ұлтымыз үшін сын. Кеңес өкіметінің тұсында хандықты атап өтпек түгілі, хандарды, батыр, билерді аузымызға ала алмайтын едік. Қазір асылдарымызды ардақтап, өткенімізді бағамдап, болашақ бағыт-бағдарымызды айқындап жатырмыз. Міне, мұның барлығы тәу етер Тәуелсіздік пен Елбасының кемеңгерлігі арқасында ғана мүмкін болып жатыр. Ендеше Елім деп еміренген Елбасының сара саясаты бізді әрқашанда жарқын келешекке бастары анық.

Жапар Шәріпұлы, республикалық дәрежедегі зейнеткер, Қаратау қаласының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар