«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қан тапсырып, үміт сыйла

Қан тапсырып, үміт сыйла
Ашық дереккөз
Облысымызда тұрақты түрде қан тапсыратын 14 мыңнан астам адам бар. Деректерге сүйенсек, әрбір үшінші адам қанға мұқтаж. Ал соңғы жылдары қан тапсыруға ниетті азаматтардың саны артқан. Адам өміріне араша болу – әр азаматтың парызы.

18 жасқа толған, салмағы 50 килограмнан асқан және денсаулығында ақауы жоқ кез келген Қазақстан азаматы донор бола алады. Оның қан құрамындағы гемоглобин мөлшері 120 г/л-ден төмен болмауы керек. Әрі алкогольді ішімдікке, темекі мен есірткіге әуестігінің болмауы маңызды. Айта кетейік, 2005 жылдан бастап 14 маусым – Дүниежүзілік донор күні болып бекітілді. Айтулы мерекеге орай облыстық қан орталығы «Қан тапсырып, үміт сыйлаңыз».

«Адам өмірін бірге сақтаймыз!» деген ұранмен өтті. Өмірде әртүрлі жағдайларға ұшырап, қан және оның компоненттеріне зәру болып жататын жандар аз емес. Міне, осындай сәтте қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолдауын аямайтын, теңізге тамған тамшыдай өз үлесін қоса білетін донорлардың демеуі ауадай қажет болады. Бір қуантарлығы, ерікті түрде ерлікпен пара-пар іс атқарып жүретін тұлғаларымыз баршылық. Сондай ақжүрек азаматтардың құрметіне жыл сайын дәстүрлі түрде мереке ұйымдастырылады.

Бұл ізет пен ілтипаттың белгісі, өзара сыйластықтың үлгісі. Осы орайда атаулы күннің мән-маңызын жұртшылыққа кең көлемде түсіндіру үшін Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылы-Ы.Сүлейменов және Абай-Ы.Сүлейменов даңғылдарының қиылыстарында тақырыптық билбордтар ілініпті.

– Жылына қан орталығы қанның әртүрлі компоненттерінің шамамен 25 мың дозасын дайындайды. 2023 жылы 11 062 доза құрамында эроциттер бар компоненттер, 1 315 доза аферезді вирусиноктевирленген тромбоциттер, 11 561 доза плазма, 676 доза криопреципитат, 2 361 доза пулулирленген плазма дайындалды. Жамбыл облыстық қан орталығы жыл сайын қан компоненттерін дайындауды және өткізуді жоспарлап отыр: қалпына келтірілген криоконсервіленген эритроциттер; көп компонентті қан (лейкофильтрленген аферезді эритроциттер); АСР215 Haemonetics аппаратында САГМ қосымша ерітіндісінде жуылған эритроциттер. Бұл шалғай аудандарда оларды қорда ұстауға және жаңа туған нәрестелер мен 3 жасқа дейінгі балаларға, сондай ақ жүкті және босанған әйелдерге құюға үлкен мүмкіндік болып табылады, – дейді облыстық қан орталығының директорының міндетін атқарушы Жұмакүл Нұрсаитова.

Облыстық қан орталығының аумағы ерекше реңкке бөленіп, ел-жұрттың назарын еріксіз өзіне аударды. Ғимараттың кіреберісінен бастап мерекеге сай безендіріліп, ашық аспан астында сахна құрылған. Жылжымалы бригаданың қызметтік көліктері қаз-қатар қойылып, фотосуреттер көрмесі де жасақталды. Қызметкерлердің барлығы да қызыл түсті жейде киініп, келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды.

Қан тамшысы үлгісінде сәнденген аниматор да, тақырыптық баннер де, трендке сай әзірленген фуршет те, бәрі-бәрі көпшіліктің көңілін көкке көтеріп жібергендей. Иә, мұның бәрі де донорларға деген құрметтің көрінісі. Осылайша 14 маусым – Дүниежүзілік Донор күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шара жылдағыдан мүлде бөлек форматта өрбіді. Осы орайда бір топ азаматқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл күні көңіл толқытқан жүрекжарды лебіздер айтылды.

 

Рузана АЙҒАРАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар