«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асқақ рухтың қаласы

Асқақ рухтың қаласы
ашық дереккөз
Асқақ рухтың қаласы
13Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

«Сапаржай»

«Қызылорда-Көкшетау» жүрдек пойызымен түн өткізгендер вагон терезелерінен жасыл желек жамылған алқаптарға ынтыға қарады. Жап-жасыл ну орман Елбасының «Жасыл ел» бағдарламасының жемісі мен жеңісі. Туған жердің, туған елдің қасиетті екендігін жырламаған ақын кемде-кем. Елбасының сайын даладай сағынышқа толған «Сарыарқасы» ойыма оралды. Қазақтың астанасына кірер тұста темір жолдың сол жағалауында сәнді коттедждердің сілемін ала бере қалың ну орман кезігеді. Купедегі Темірбек аға: – Анау төбесі көк тіреген көпқабатты үйде тұрамын, – деп, сұқ саусағын шошайтты. – Бұл аймақ әл-Фараби ауданы деп аталады. Алла сәтін салса, мына шойын жолдың оң жағында темір жол сапаржайы салынады. Ол кісінің «Сапаржай» деген сөзіне елең ете қалдым. «Әуежай» дегенді естігенмін. Осыдан алты жыл бұрын Астананың оң жақ батысындағы «Астана» әуежайында болғанмын. «Айналайын, ұлт жанды азаматтарым, жайсаңдарым, жер-жердің бәрін қазақшалап жатыр-ау» деп сүйсіндім. Бұрынғы сапаржайға жеткенше екі қапталында сорға, сазға батқан ескі тамдар шүпірлеп тұрушы еді. Қоғасы мен балдыры, қамысынан ажырамас лай суы көзге сүйкімсіз көрінетін. Қазір ол жоқ. Ол жерлерде зәулім-зәулім үйлер бой көтерген. Темірбек те ойымды қапысыз түсінгендей. – Енді бір бес жылда бұл маңнан ескі үйдің орнын да таппайсың, – деп жатыр. Тарсылдатып, гүрсілдетіп пойыз да жетер жеріне жетіп тынды. Тапырласып түсіп жатырмыз. Бұл баяғы Ақмоланың темір жол сапаржайы ғой, жоғары жағына бадырайтып қазақ тілінде «Қазақстан темір жолы» деп жазылған. Марқайып қаласың. Бекеттің батыс жағындағы үлкен жазуға көзім түсті. «Сапаржай» деп жарқыратып жазып қойыпты. Қандай әдемі сөз! Қайран қазағым, қайран ана тілім, шыңға шығар сәтің туыпты. Сапаржайдың үн таратарларынан қай пойыз, автобустың қанша уақыт аялдап тұратынын, енді қай көліктің қай жаққа, қай уақытта аттанатынын қазақ тілінде хабарлап жатқан үндерді естісең, Қазақстанды қалай қасиетті мекенім демейсің... Өстіп толғанып тұрғанымда: – Сәулембай, – деп аңқылдаған бала күнгі досым Владимир Махмұдұлы анадайдан құшағын айқара ашып жүгіріп келеді. Енді тебіренбей көр!

«Тілді білу – бақытым»

Бала күнгі досым екеуміз Үшаралдағы Бидалы елді мекенінде бірге өстік. Ол ауыл бүгінде Әбілда би деп аталады. Оңтүстігі Талас өзенінің көк жасыл алқабымен астасады, солтүстігі сусыма құмды бұйра бас жусанды төбешіктермен құшақтасып жататын сол ауылда біздер бұла кешкенде 47 үй болушы еді. Қазір онға жетер-жетпес үй ғана қалыпты. Владимирдің әкесі Махмұд №1 фермасының есепшісі, анасы Қарақыз дүкенде жұмыс істеді. Сол бала күнгі досым Шайтанкөпір маңындағы Егіншілік бөлімшесіндегі орысша білім беретін бастауыш мектепті бітірген соң Шолақтау (кейіннен Қаратау) мектеп-интернатында 8-сыныптан соң орта мектепті Шымкент қаласында бітірді. Оқу бітірген соң «Талас» совхозында трактор айдады, одан әскерге кетті. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Қарағандыға медициналық институтқа түсті. Біраз жыл Жезқазған, Торғай облыстарында аудандық ауруханаларда қызмет жасады. Он жылдан астам, Астана түбіндегі Аршалы ауданындағы орталық аурухананың бас дәрігері, КСРО және денсаулық сақтау ісінің озық қызметкері, аудандық мәслихаттың депутаты болды. Өткен жылдың сәуір айында Елбасы Аршалы ауданында Ақмола облысын мекендейтін өзге ұлт өкілдерімен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Сол абыройлы кездесуге досым Владимир де қатысты. Оны көгілдір экраннан көріп құттықтағанбыз. Елбасымен бір дастархан басында болып, емен-жарқын әңгімелесу біле-білгенге үлкен бақыт, әрине. Владимир досымнан: – Әңгіме барысында Елбасына Талас елі туралы айтпадың-ау, – деп сұрастырып жатырмын. – Неге айтпасқа, – деді ол қызуқандылығына салып, – Жалпы, кездесу бір сағат жиырма минутқа созылды. Оның отыз минуты ғана көгілдір экраннан көрсетілді. Кездесуге қатысқандардың дені орыс тілінде сөйлеп жатқанда мен қазақша сөйлеп, былай дедім: «Менің ұлтым қарашай. Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал деген ауылда өстім». «Қазақша таза сөйлейді екенсің» – деді Елбасы. «Мен мектепті орысша бітіргенмін, ауылда қазақтардың ортасында өстім әрі қарашай тілі қазақ тіліне жақын тілдер тобына жатады, ең бастысы мемлекеттік тілде сөйлеу – бақытым» дедім. Елбасы менің тілге қатысты сөзіме ықылас танытып: «Иә, әрбір қазақстандық азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс» – деді. Кездесуде сөз алған күрді ұлтының өкілі «аз ұлт өкілінен» деп қалады. Сонда Нұрекең: «Сіз, аз ұлттардың өкілі емессіз. Дүниежүзінде қырық миллионнан астам күрді халқы бар. Іргелі ұлттың өкілісіз» – деп әлгі күрді азаматының мерейін өсіріп,көсемдігін көрсетті. Иә, Владимир досымның ұлты қарашай. Енді, досымның тағы бір қасиетін айтайын. Үйінде бір емес екі бірдей қазақтың қасиетті қара домбырасы ілулі тұр. Өкінішке қарай, қазақтың өзі домбыра сақтамайтын мына заманда, қазақты қастерлеп отырған досқа қалай риза болмассың!? Әрі облыста тіл байқауына қатысып, бас бәйгені жеңіп алған досым өңірде өткен облыстық жиында мемлекеттік тілде баяндама жасады. Оның бәйбішесі Маринаның ұлты ингуш, шешесі – неміс. Отбасындағы ортақ тілдері – қазақша. Владимирдің Астана туралы да айтары мол. – Елбасының шын мәніндегі ерлігі, кемеңгерлігі сол, – дейді толғана сөйлеп. Көз алдымызда Астана сияқты әлемде теңдесі жоқ ару қаланы айналасы он-он бес жылдың ішінде сыландырып, салғызып үлгерді. Соның қадірін қазақтар білуі тиіс. Біздің аз ғана қарашай халқы Нұрекеңді сыйлап, құрметтейді. Пір тұтады, арқа сүйейді. Шыным, Елбасымыз біле-білсек баға жетпес бағымыз. Досым Елбасының қолынан «Құрмет» орденін алған. Сонда: «Жарайсың» депті Президентіміз. Владимирдің сөзіне марқайып қалдым. Мың өліп, мың тірілген Қазақ елінің жұлдызды шағы мен алтын ғасырдың ғұмыры ұзақ болғай деп Жаратушыдан мың мәрте тіледім.

Қаратау – Тараз – Астана – Тараз – Қаратау.

Ұқсас жаңалықтар