Техника жаңармай, жұмыс алға баспайды

Техника жаңармай, жұмыс алға баспайды
ашық дереккөз
Техника жаңармай, жұмыс алға баспайды
Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың бір жолы – жеке шаруашылық құрылымдарын жаңа техникамен қамтамасыз ету. Іргелі шаруашылықтарда бұл мәселе жолға қойылғанымен, ұсақ шаруа қожалықтарында ескі ауыл шаруашылығы техникалары әлі де аз емес. Бүгінде заманауи үлгідегі комбайннан бастап, тұқым сепкіш, дестелегіштерге қол жеткізген ауыл шаруашылығы құрылымдары жерін жыртып, егінін салып, бақшасын өңдеп, өнімін ысырапсыз жинап алады. Алқаптан қоймаға, сауда орындарына да еш қиындықсыз жеткізеді. Бұл мәселе облыс әкімдігінің кеңестерінде де, жиындарында да күн тәртібіне ауық-ауық шығарылып келеді. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің мәлімдеуінше, облыста 12316 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Оның ішінде 4564 трактордың 1 мыңнан астамының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып, 25 пайызының тозығы жеткен. Ал, 10 жылға дейінгі техника саны – 1534, бұл 34 пайызды құрайды. Басқарма басшысы былтыр облыстағы техникаларды жаңарту мақсатында 1360 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 11 пайызға жаңартылғанын айтты. Инвестициялық субсидия арқылы 1848,0 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, алынған техника құнының 25-30 пайызы төленіп берілген екен. Биыл ауыл шаруашылығы техникасын 12 пайызға жаңарту жоспарланыпты. Мемлекет тарапынан нақты қолдау бар, облыс әкімінің шаруашылық құрылымдарын техниканың озық үлгісімен қамтамасыз ету туралы жүктеген міндеті бар, онда неге жүруінен тұруы көп техника әлі де кездеседі? Облыстағы 500-ден астам шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының тұрақты тұтынушысы екен. Ауыл шаруашылығы техникасы жаңармай жұмыс алға баспайтынын білетін шаруашылық құрылымдарының басшылары облыстағы іргелі қаржы институтымен осылай байланыс орнатқан. – «Бәйтерек» холдингінің құрылымындағы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы бүгінде еліміздегі ең ірі лизингтік компания. Аграрлық саланың тәуекелдері жоғары болғандықтан, әрбір банк мұндай бизнесті қаржыландыруға келісе бермейді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын жаңартуды толығымен біздің компания алды. Сапалы және бәсекеге қабілетті қызмет көрсетіп, мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешеніндегі лизинг нарығының 90 пайызын алып отыр. 2000 жылы құрылған біздің филиал арқылы облыс экономикасына 31,3 миллиард теңге инвестицияланып, 32 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Сондай-ақ, 2183 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді. Былтыр 5,6 миллиард теңгеге техника жаңартылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге көп. Бұл филиал үшін рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда компанияның тұтынушылары облыс бойынша 500 шаруа қожалығынан асса, жыл сайын бұл көрсеткіш 30-40 шаруа қожалығына артып келеді. Бізге қойылған жылдық жоспардың орындалуы да көңіл қуантады. 4,6 миллиард теңге болып, 122 пайызды құрады. Қаржыландыру Шуда – 5,1, Т.Рысқұлов – 2,2, Мойынқұм – 2, Меркі – 1,8, Байзақ ауданында 1,7 есеге артты. Басқа аудандар қаржыландыру көлемінің төмендеуіне жол беріп отыр, – дейді «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиал директорының орынбасары Бекен Баймұратов. Өткен жылы облыс бойынша 1360 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынса, оның ішінде 19 комбайнның 12- сі, 257 трактордың 133-і «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылған. Аспалы және тіркеме техника бойынша көрсеткіш 10 пайызды құраған. Осылайша облыстағы үш комбайнның екеуі және әрбір екінші трактор компания арқылы сатып алынатын көрінеді. 2022 жылы еліміз бойынша «Жасыл Даму» қаражаты есебінен жеңілдетілген лизинг бағдарламасы іске асырылған. Осы бағдарлама аясында республика бойынша көптеген шаруалар ауыл шаруашылығы техникасын тиімді шарттармен 6 пайыздық мөлшерлемемен, комиссиясыз және 10 жыл мерзімге алған. Бағдарламаға облысымыз да қатысып, жоспар бойынша техниканы 1 миллиард теңгеге қаржыландыру көзделіп, қорытындысында жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгеге 8 комбайн, 27 трактор сатып алынған. Әрине, жеңілдетілген бағдарлама бойынша техника алғысы келген шаруалардың барлығын қамту мүмкін емес. Егер Үкімет тарапынан қосымша қаражат бөлу қарастырылатын болса, филиал қызметкерлері жеке шаруашылық басшыларына міндетті түрде жеткіземіз дейді. Обалы нешік, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының қызметкерлері компания ұсынатын бағдарламалар, жаңбырлатып суару жүйелерін қаржыландыру, мемлекеттік қолдау түрлері, компаниядағы қаржыландырудың артықшылықтары және өтінім беру мүмкіндіктері туралы кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізіп-ақ келеді. Алайда, өзекті мәселеге аудандық әкімдіктердің барлығы бірдей көңіл бөле бермейді. Аудан әкімдері бас болып, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің қызметкерлері мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау мен көмекті шаруаларға кеңінен насихаттап, түсіндіру қажет-ақ. Әйтпесе, ескі техникамен жер жыртып, егін егеміз, одан көңілдегідей өнім аламыз, шөп жинау науқанында мал азығын жеткілікті жинаймыз деген – бос сөз.  

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар