Абысын тату болса...

Абысын  тату болса...
ашық дереккөз
Абысын тату болса...
Ертеректе ағайынды екі жігіт «біз татумыз» деп мақтанады екен. Бір күні олардың әйелдері сырласып, келісіп алады да отағаларын сынап көрмек болады. Сөйтіп кіші інісі ағасының отбасын үйіне тамаққа шақырады. Әдеттегідей ойнап, күліп бала-шағасымен інісінің төрінде отырып, қонақ болған ағасы өз үйіне қайтады. Жолда әйелі «інім, інім» деп қашан көрсең бәйек боласың да жүресің. Оның сені сыйлағаны қайсы? Саған өз сыбағаңды берген жоқ, жай сүйек ұсына салды» деп шағыстырады. Әйеленің сөзі әсер еткен күйеуі ақыры інісімен араздасып тынады. Кейін әйелдері шындықты айтып, оларды қайта татуластырған екен деген мысал бар. Халқымыздың «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөзі осындайда айтылса керек. Алайда, бұл қағиданы бүгінде ұстанбайтын келіндер мен абысындар бар арамызда. Бір әулет келіндерінің араз болуының себебі неде? Ал туған бауырлардай тату болуының сыры қандай? Отбасындағы бірнеше келіндер ауызбіршіліктің бабын қалай тауып жүр? Осы және басқа да сұрақтарға өзімізше жауап іздеп көрген едік. Ағайынның арасындағы бітімді біріктіріп, көңілді кіріктіретін де әйел екені анық. Бауырлардың бірлігіне дәнекер болып, татулықты дәріптейтін де осы – арулар. Ал сол ағайынның ара-жігін ажыратып, қырғи-қабақ қылып алшақтатып, айтыстырып қоятын да тағы осы – ақжаулықтылар екені өмір тәжірибесінде дәлелденген шындық. Сайып келгенде, еркектің ер болары да, ез болуында да әйелдің рөлі үлкен. Мұны талдап жатудың да қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені, бауырлар арасындағы араздықтың да, тату жаймашуақ тірліктің де себепкері көп жағдайда олардың әйелдеріне, яғни абысындарға тікелей байланысты. Абысын – ағайындылардың жарлары. Қазақта олардың отбасындағы орны белгіленіп қойған. Қандай жағдай болса да, үлкен ағаның әйелі кішісінің әйелінен жолы үлкен болады. Онымен тек қарашаңырақта қарақазанның құлағын ұстап, ата-ененің қамқоры болып отырған келін ғана теңестірілуі мүмкін. Дәл осы ата-баба салтымен жүрсек, ағайынның арасындағы жарастықтың шырқы ешқашан бұзылмасы анық. Оған мен өз өмірімнен нақты мысал келтіре алар едім. Өзім шаңырақта жалғыз қыз болып өскеніммен, алты ағайынды отбасына келін болып түстім. Яғни, бүгінде бес абысыным бар. Алты келін алты шаңырақтың тәрбиесін көріп өстік. Соған қарамастан, біз бір-бірімізді туған әпкелі-сіңлідей көріп кеттік. Ештеңені бөліп жармаймыз, жиын тойда бір күш болып жұмыла кетеміз. Бұл бәлкім менің абысындарымның өнегелі отбасынан шыққан қазақи тәрбиесінен болса керек. Біздің татулығымыздың арқасында ағайынды бауырлардың да арасына ешқандай сызат түскен емес. Жасыратаны жоқ, бүгінгі қоғам талас-тартысқа, дау-дамайға толы емес пе? Көрші-қолаң арасында көреалмаушылық, ағайын арасында алалаушылық белең алған. Менің ойымша бәрі өзімізге байланысты екен. Бес күндік жалғанда сіздің адамгершілігіңіз бен сыйластығыңыз ғана елдің көңілінде қалатынын естен шығармаған жөн. Әр келін бір-бір үйдің анасы. Өздері де қыз өсіріп отыр. Сондықтан, олар ұяда өз ісімен үлгі болып, нағыз мейірімді ана, инабатты келін, тату абысын болып жүрсе екен деймін.

Қызғалдақ Сембекова, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық- педагогикалық колледжінің мұғалімі.

Ұқсас жаңалықтар