Cу перілері

Cу перілері
ашық дереккөз
Cу перілері

«Айша бибі» клубының қыздарын осылай деп атауға болады

Уақыттарының басым бөлігін жаттығу залында, хауыз ішінде өткізетіндіктен бе, тұла бойларында мін жоқ. Олар жүріп келе жатқанда, айдында аққулар жүзіп жүргендей әсер аласыз. Үнемі дене шынықтырудың, суда жүзудің әсерінен шығар, бәлкім. Артық салмақтың бітім-болмысты ғана емес, денсаулықты да бұзатынын «Айша бибі» клубының қыздары жақсы біледі. Сондықтан, спортқа жаны жақын әрқайсысының. 

Оларды жай спортшы емес, су перілері ме дерсіз. Әрқайсысы 8 минутқа созылатын төрт кезеңдік ойында суда жүзіп қана қоймай, допқа таласып, қарсыластарын қапыда қалдыру үшін түрлі әдіс-айла жасап, тартысқа түсетін қыздардың өнеріне қарап, солай демеске шараңыз жоқ. Жалпы, жамбылдық «Айша бибі» су добы клубын спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Өйткені, су добынан ұлттық құраманың 90 пайызын осы клубтың ватерполшылары құрайды. Талай сындарға түсіп, сыр алдырмаған біздің қыздардан мамандар үлкен үміт күтеді. Инчхонда өткен Азия ойындарына басқа емес, толық «Айша бибі» клубының спортшыларына сенім артылуы – соның дәлелі. Азиадада жамбылдық ватерполшылар бапкерлер міндеттемесін толығымен орындап, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Сөйтіп, А.Жакаева, М.Гриценко, Н.Шепелина, А.Ақылбаева, А.Турова, З.Мырзабекова, А.Жаркова, К.Красикова, А.Миршина, Д.Рога, О.Сайчук, Н.Александрова, К.Закирова есімді аруларымыз Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды. Спортшылардың Инчхонда қол жеткізген жетістіктері елеусіз қалған жоқ. Оларды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы қабылдап, «Айша бибі» клубына су жаңа автобус сыйлады. Жалпы, біздің өңірімізде су добынан жақсы мектеп қалыптасқан. Сонау «Химик» атты жамбылдық ватерполшы қыздар командасы құрылған 1986 жылдан бері облыс спортшылары жеңіс туын төмен түсірген емес. Кезінде үш жыл қатарынан КСРО чемпионатында жеңіске жеткен команданың негізінде 2011 жылы қаңтар айында осы «Айша бибі» клубының іргесі қаланады. А. Балфанбаев басқаратын «Айша бибі» клубының қыздары сол жылдан бастап «Химиктің» жеңісін жалғастырып келеді. Атап айтсақ, 2012 жылы ұлттық құрама сапында Дубайда өткен Азия чемпионатында өнер көрсетіп, күміс жүлде иеленсе, жастар құрамасы ел біріншілігінде топ жарды. Былтыр да жамбылдық ватерполшылар ел чемпионы атанды. Республикалық додаларда ғана емес, Ресейдің ашық чемпионаттарында да табысты өнер көрсетіп жүрген «Айша бибі» қыздарына Азиадада үлкен сенім артылуының сыры осында. Жастар құрамасы Индонезияда Азия чемпионатында бақ сынап, жүлдегер атанды. Қазір клуб спортшылары Кириши қаласында Ресей чемпионатының екінші турына қатысуда – дейді клуб директорының орынбасары Ербол Бабаев. «Айша бибі» клубы Ресейдің ашық чемпионатына бірнеше жылдан бері қатысып келеді. Қазір алғашқы турдың қорытындысы бойынша 6-сатыда тұр. Былтыр жарысты 7-орында аяқтағандары үшін Ресей кубогы додасына қатысуға мүмкіндік алған болатын. Бапкерлер биылғы көрсеткіш одан да жоғары болады деген сенімде.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар