Ізгіліктің бір ізі
Біз – «Қарғыс алма, алғыс ал» деген ұлағатты ұғымды санаға сіңіріп өскен ұрпақтың өкіліміз. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырымызда осыны құнттаймыз. Ізгіліктің бастауын, мейірім мен түсіністіктің алтын арқауын «алғыс айту» деп түсінеміз. Еліміз бойынша биыл сегізінші рет атап өтілгелі отырған бұл атаулы күн де осының дәлеліндей. Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді. Бұл күн – қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні. Атаулы күнге орай ұлттық құндылықтарды жаңғырту, оқырмандардың бойында ұлттық сананы ояту мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Құрметтің ізгілігі – алғыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухты сіңіру, оларды отансүйгіштік пен толеранттылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған кешке еліміз үшін аянбай еңбек етіп, бүгінгі күннің батырларына айналған азаматтар қатысып, құтты қонысқа айналған қасиетті қазақ жеріне терең тағзым етіп, қазақ еліне шексіз рақметін айтты.
Бұл күн – ең алдымен тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. «Ата-бабаларымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өскелең ұрпаққа бірлікті, жұдырықтай жұмылуды өсиет еткен. Дана қазақ: «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деп айтуы бекер емес. Ұлт ұстазы, адамзаттың ойшылы, кемеңгер Абайдың өзі: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп кетті емес пе?! Сондықтан, бұл күн тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды деуге әбден болады» деді кездесуде сөз алған салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының облыстық филиал төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев.
Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Президент адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Алғыс айту – халықтың жан ділі психологиясының қуатты болмысын дәлелдейтін, ризалық сезімін білдіретін бата-тілек дәстүрі.
Біз – тумысынан кез келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халықпыз. Ол әдетіміз әдепке айналған. Алғыс айту сөзімен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды.
Кез келген мұңайып тұрған адам бұл сөзді ести сала, көңілі жібиді, жадырап шыға келеді. Кездесу барысында сөз алған әр адамның айтар ойы, тұшымды пікірі осы сөздерімізбен үндес боп жатты.
Қорытынды сөз сөйлеген 5513 әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Рүстем Сайдуов: «Президентіміздің рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Кең пейілді қазақ халқы қашан да алғыс айтудан қашпаған. Халық арасында «алғыс – бата» деген ұғым бар. Көпті көрген ақсақалдар жастарға алғысын білдіріп, жасаған іс-әрекеттеріне көңілі толып, «Қолыңды жай, балам, батамды берейін, алғысымды білдірейін» деген. Бұл – үлкен тәрбие. Алғыс айту үшін арнайы жағдайды күту шарт емес. Мүмкіндік болып жатса, жақсы сөз айтудан жалтарып қалмау керек. Бұл – алдымен әдептіліктің белгісі. Жақындарыңызға, айналаңызға ризашылық білдірудің тиімді әдісі», деді.
Кездесу соңында кітапхана ұжымының атынан сыйлық кітаптар таратылды.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді