Мәдениеттің өсуі – елдің өрлеуі
Мәдениет саласын үнемі қолдап отыру – мемлекетті нығайтудағы негізгі қадамдардың бірі. Бұл ұтымды ұстанымды үнемі назарда ұстайтын Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында мәдениет және өнер өкілдерін қолдау бойынша нақты ұсыныстар мен тапсырмалар беруді ұмытқан емес. Осы уақытқа дейін бір ғана елді емес, күллі әлемді әуре-сарсаңға салған пандемия сынды экономиканы шайқалтып, туризмді тұралатқан себептер аз емес кезеңдерден өттік. Осындай алмағайып уақыттарда адамзаттың әлеуметтік әлсіздігін ескеру ғана емес, рухани қолдау беру де маңызды. Сол себептен де Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел дауасыз дерттен енді ес жиып жатқан сәтте, яғни 2021 жылы Қазақстан халқына Жолдауында «Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?», деп атап өткен болатын. Нәтижесінде 2022 жылы Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар жаңа жоба жариялады. Олар: «UMAI» өнер саласындағы ұлттық сыйлығы, жаңа туындыларды қолдауға бағытталған «Dala dauysy» республикалық байқауы, ақын- жазушылардың шығармашылығына тың серпін беретін «Жаңа қазақ әдебиеті» мен «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы. Сондай- ақ, 2023 жылдан бастап қазақстандық жас жазушылар мен ақындарға арналған арнайы Президенттік әдеби сыйлық ұсынылатындығы жоспарда бар екендігі айтылды. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы мәдениет, өнер қызметкерлерінің жалақы мәселесін де қозғап: «Біз мәдениет саласында қызмет істейтін азаматтарға тиісті көңіл бөлмей келеміз. Бұл, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлері мен артистерге қатысты. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары іс жүзінде өскен жоқ», деген болатын. Соған сәйкес, «Ұлттық» мәртебесі бар бес жетекші мәдениет ұйымы қызметкерлерінің еңбекақысы 75 пайызға артты. Ал өзге де мәдениет, өнер қызметкерлерінің жалақысын 2025 жылға дейін 100 пайызға көтеру кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Осы тұста, айрықша атап өткім келіп отырғаны – мәдениет, өнер иелерін елеусіз қалдырмайтын байқаулар мен жобалар өңірде де өзгеше өріс алған. Солардың бірі – әр екі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер конкурсы. Аталған байқау соңғы рет 2021 жылы ұйымдастырылып, Нұр- Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, т.б. қалалары мен еліміздің облыстарынан жалпы 30 өнерпаз қатысты.
Биыл байқау он бірінші мәрте өз жалғасын табады. Сонымен бірге жыл сайын ұйымдастырылатын «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» республикалық ақындар айтысы, «Көне Тараз күмбірі» фольклорлық ансамбльдер конкурсы, соңғы жылдары қайта жаңғырған «Ән-жырым саған, туған ел!» халықаралық әншілер байқауы, шығармашыл жастардың «Жаңа есім» облыстық жобасы өнер адамдарының елеусіз қалмай, шығармашылық тұрғыдан дамуына серпін беретін бастамалар екені даусыз.
Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы болып қала бермек. Мәдениеттің өсуі – елдің өрлеуі, ұлттың өркендеуі. Сондықтан, сала тынысындағы әр жетістік, әр жеңіс – жаңа деңгейдің көрсеткіші.
Онымен қоймай, мемлекет тарапынан алға қойылған тиісті жоспарлардың жүйелі жүзеге асып, сала тынысының кеңеюі деуге де негіз бар. Мәселен, 2022 жыл өңірдегі мәдениет саласы үшін жемісті жыл болды.
Халықаралық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарған мәдениет саласының қызметкерлері Әулиеата өңірінің ғана емес, барша қазақ елінің абыройын арттыра түсті. Өзбекстан Республикасының Хива қаласында өткен «Лазги» халықаралық би фестивалінде К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы «Ақкербез» би ансамблінің бишісі Гүлнұр Қасымбек I орын иеленді. Ол 30-дан астам мемлекет бас қосқан фестивальде «Аққу» биін орындап, күллі әлемді қазақ биімен таңғалдырды. Ансамбльдің бишісі Айгүл Нұрымованың да жеңісі қазақ биінің көркемдігін тағы бір мәрте айқындай түсті.
Айгүл Нұрымова Нұр-Сұлтан қаласында «NOMAD AWARDS» ұйымдастыру комитетінің бастамасымен өткен халықаралық хореографиялық конкурста І орынды еншіледі. Шара Жиенқұлова, Болат Аюхановтардың ізін жалғастырып келе жатқан «Ақкербез» би тобы 2012 жылы құрылып, халықаралық байқауларда еліміздің атын шығаруда. Ансамбль өз тарихында Үндістанның Порт-Блэр аралында өткен конкурста Африка, Германия, Тайланд, Белоруссия мемлекеттерінің хореографиялық ұжымдарынан кем түспей, қазақ биін әлемге танытты. Өткен жылдың жарқын жетістіктерінің қатарын «Кәусар» вокалдық ансамблі де толықтыра түсті.
Ансамбль Ақтөбеде өткен «Жұбановтар әлемі» халықаралық хор музыка фестивалінде II орын иеленсе, ансамбль солисті Ақтөре Орынбасар «Үздік солист» деп танылды. Классикалық және заманауи бағытта әндерді орындайтын «сопрано», «альт», «тенор» және «баритоннан» тұратын вокалдық ансамбльдің репертуарында қазіргі уақытта 50-ден аса халық және шетелдік композиторлардың әндері бар.
Өңір мәдениетінің дамуы мен жандануына үлес қосуда аудандағы мәдениет қызметкерлері де құр алақан емес. Мысалы, Абай облысы, Семей қаласында КСРО халық әртісі, композитор Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығына орай өткен республикалық композиторлар байқауында Шу қалалық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Ербосын Қасымбеков жүлделі I орынды алды. Ал «Рухани қазына – 2022» республикалық байқауында «Үздік мәдениет үйінің (қалалық) режиссері» аталымы бойынша Сарысу халық театрының актері әрі режиссері Нұрбол Серкебаев жеңімпаз деп танылды. Ол жыл сайын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін тартысты байқауда өз жеңісімен облысымыздың абыройын асқақтата түсті.
Жамбыл өнерпаздары «Жеті қазына» республикалық-телевизиялық шоу бағдарламасында бас жүлдемен оралып, жылды жағымды қорытындылады.
ҚР Үкіметінің қолдауымен «Хабар» агенттігі ұйымдастырған жобада 17 облыс, 3 қала жалпы саны 20 команда бақ сынады. Ұлттық рухани мұрамыз ән мен күйді, терме толғауларды, айтыс өнерін, ұлттық спортты дамыту жолында жастарды шыңдап, көпшілікке таныту мақсатында өткен жобада өңірімізге белгілі өнерпаздар қатысты. Олардың қатарында «Меркі әуендері» фольклорлық-этнографиялық тобы, «Айша бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблі, Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов, қазақ оркестрінің әртісі, күйші Дидар Басықараев, әнші Мерей Абуева, жыршы-термеші Бекарыс Көштаев, айтыскер Мұхтар Қонарбаевтар бар.
Жамбылдық айтыскерлер Алматыда өткен «Асыл домбыра» аламанында оқ бойы озық шығып, әулиеаталықтардың мерейін үстем етті. Сөз барымтасында орамды ой, айшықты тіркесімен көрермен көзайымына айналған Қанат Мырзахан, Айтбек Тұрсынбаев, Дархан Әбдіманат 20 командадағы қарсыластарын басып озды.
Нәтижесінде бас жүлде және асыл тастармен көмкерілген домбыра жамбылдықтарға бұйырды. Домбыраны облыстық тарихи-өлкетану музейіне «Хабар» агенттігінің төрағасы Берік Уәли арнайы келіп табыс еткені де көпке мәлім.
Аталған жетістіктерден бөлек, басқармаға қарасты орталықтар мен кітапхана, музей, архив мекемелеріндегі қызметкерлердің жемісті еңбектері де жеңісті күндердің қатарын арттыра түсті.
Мұның барлығы ең негізгі бір ғана нәрсені айқындай түседі. Ол – өнер өкілдерінің қашанда елеусіз қалмайтындығы және өнер мен мәдениет саласындағы оңды өзгерістердің нәтижесі жетістікке толы көрсеткіштермен ғана көмкерілмек. Өйткені, Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнердің шоқтығында жатыр.
Ерлан ЖҮНІСБАЙ,
облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді