Абыройың арта берсін, Асан дос!
Өткен жылы ғана 70 жастың күнпарағын жауып, сексен деген мұхиттың айдынына кемесінің желкенін керген замандас, қоғам белсендісі Асан Үсенбаевтың өнегелі өмірі, үлгілі істері туралы ақ тілегімізді арнап, дос тілегін жазғанбыз. Ол оқырманның ойында болар.
Енді, міне, сол азаматтың ізгілікті ісі лайықты бағаланып, мәртебелі марапаттарға ие болғаны туралы сүйінші хабарлар естіп, тағы да қолға қалам алып отырмыз. Ардагерлер қозғалысының алдыңғы сапында жүрген қоғам белсендісі Асан Үсенбайұлының бұрынғы марапаттары қатарына «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері», «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгілері қосылыпты. Құтты болсын!
Бұрын жазғанымыздай, еселі еңбегі, қоғамдық белсенді қызметі үшін «Жамбыл облысының Құрметті ардагері», «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төсбелгілерін омырауға тағып, облыстық мәслихаттың, Тараз қаласы әкімдігінің Құрмет грамоталарымен наградталған Асан Үсенбаев – қазір Тараз қаласы №10 округ ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Бала мінез қарттардың көңілінен шығу қиын. Асан төраға шығып жүр. Ол округ қарияларын мемлекеттік, атаулы мерекелерде елеусіз қалдырған емес. Ал Ұлттық мереке – Наурыз бен Қарттар күнінде қарияларға құрмет ерекше. Бұл ұйымдастырушыға байланысты. Ұйымдастыратын кім? Әрине, төраға Асан Үсенбаев.
Асанның ардагер ақсақалдары ас ішіп, аяқ босататындардан емес. Олар шаһарда өткізіліп жүрген көпшілік іс-шараларына белсене араласады. Олар мектептерде, еңбек ұжымдарында болып, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, бай тәжірибелерін әңгімелеп береді әрқашан. Ұйымдастыратын кім? Тағы да сол төраға Асан Үсенбаев.
Қарттардың көшбасшысы, бағалы бастамалардың қолдаушысы Асан замандасты алған марапаттарымен тағы да құттықтаймыз.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Сот жүйесінде татуласу тәртібі қалай реттеледі?
- 14 қаңтар, 2025
Тойымыз түзеліп, асымыз астамшылықтан ада болса...
- 14 қаңтар, 2025
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді