Есепте тұрған ер адам бас бостандығынан айырылды
Таразда пробация есебінде тұрған азамат бас бостандығынан айырылды. Ол заңмен белгіленген талаптарға құлақ аспай, жаза өтеу тәртібін бұзған. Айта кетейік, пробация қызметкерлері есепте тұрған азаматтармен тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, түрлі профилактикалық шараларды қолға алады. Алайда кейбір сотталғандар өздеріне берілген мүмкіндікті ескермей, тәртіп бұзуын жалғастыруды әдетке айналдырған. Нәтижесінде пробация қызметкерлері тәртіп бұзып, есепте тұрғандарға қатысты сотқа ұсыныс жолдауға мәжбүр болады. Дәл осындай сот отырысының бірі қалалық №1 пробация бөлімінің есебінде тұрған азаматқа қатысты өтті. Онлайн өткен сот отырысы барысында пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып, Б есімді азамат бас бостандығынан айырылды.
– Есепте тұрған ер адамның бұған дейін заңды бірнеше рет бұзғандығы белгілі болды. Ол пробация бақылауына тіркелуге келмей, жасырынған. Сондай-ақ бірнеше рет әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Пробация қызметкерлерімен жүргізілген алдын алу жұмыстарынан қорытынды шығармағандықтан, сот шешімімен бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне жөнелтілді, – деді қалалық №1 пробация бөлімінің бастығы, әділет майоры Қуаныш Ерболатұлы.
Атап өтерлігі, бейнебайланыс арқылы өткен сот отырысына есепте тұрған әрі жаза өтеуден жалтарып, тәртіп бұзуды қайталауға бейім өзге де азаматтар арнайы қатыстырылды. Мұндағы мақсат – оларды жаза өтеу тәртібі мен шарттарын бұзбауға шақыру. Ал олай болмаған күнде темір торға тоғытылатынын түсіндіру.
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының жаңа орынбасары тағайындалды
- 20 қыркүйек, 2024
АЭС – маңызды шешімдер кезеңі
- 20 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді