«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қапыда мерт болған қайсар ұл

Қапыда мерт болған қайсар ұл
ашық дереккөз
Қапыда мерт болған қайсар ұл
Қоғамда орын алған оқиғаларды жазуға, насихаттауға тиіс мамандық иесі болғандықтан, түрлі жағдайларға тап келетініміз рас. Бұл жолы алған тапсырма да жеңіл емес. Отанын ерлікпен қорғап, бейбіт күннің бақытқа толы тыныштығын күзету жолында опат болған батыр азаматтардың отбасында болу, ата-анасымен, жұбайымен тілдесу, ауыр сәттерді еске түсіру қайдан жеңіл болсын. 2021 жылы тамыз айында Байзақ ауданының аумағында болған жарылыста ерлік көрсетіп, өмірлерін қиған азаматтардың біразының отбасы аудан орталығы – Сарыкемерде тұрады екен. Біз осындай батыр перзент Марат Мешінбайдың анасы Қымбаткүл Әлімбаеваға қоңырау шалған едік. Жүрегіндегі жан жарасы жазылмаған ана: «Болар іс болды. Оны жазудың қажеті қанша?» деп сұхбаттасуға аса пейіл танытпады. «Сіздің балаңыз – батыр. Ол кісі елдің ұлына айналып кетті. Перзентіңіздің ерлігін бүгінгі жас ұрпақ білуі қажет, үлгі етуі тиіс», дегенімізде ғана батырдың шаңырағына барып, сөйлесуімізге рұқсатын берді. Мараттың Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіп, өрт сөндіру саласында еңбек еткеніне жиырма жылға жуықтаған екен. Бірнеше жыл бұрын оған ерекше жағдайларға лайықталған жаңа өрт сөндіру көлігі сеніммен тапсырылған. Сол кезде өзі қатты қуанып, «Осы өрт сөндіру машинасын жүргізіп жүріп, зейнетке шығамын» деп алдағы жылдардан жақсылық күте әзілдепті. Ол бұрынғы өрт сөндіру көліктерімен салыстырғанда мықты, алдыңғы шепке арналған. Марат та Қайнар елді мекеніндегі жарылыс кезінде алдыңғы шепте жүріп, отпен алысып, тілсіз жауды жеңу жолында ерлікпен өмірін қиды. Өмірге құштар азаматтың арман-мұраттары да көп болатын. Батыр перзенті туралы анасы Қымбаткүл: «Өмірлік жарым Сайлау екеуіміз 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Балаларымыз негізінен осы азаматтық қауіпсіздік және төтенше жағдай салаларын таңдады. Марат көп сөйлей бермейтін еді. Ағайын-туысқа қадірлі, көпшілікке сыйлы болды. Мені де ардақтап, отбасына да ерекше көңіл бөлді. Қарбаласқа толы жұмысынан уақыт тапса, отбасын қуантуға, балаларын қыдыртуға арнайтын. Қазақта «Ата-ананы баласымен сынамасын» деген сөз бар ғой. Мұндай ауыр жағдайды ешкімнің басына бермесін. Өзек өртейтін осы оқиғадан кейін облыс, аудан басшыларынан осы батыр азаматтарға арнап ескерткіш тақта орнатуды ұсындық. Ұсынысымыз орындалып, былтыр 26 тамыз күні ескерткіш тақтаның ашылуы болды. Марат қызмет еткен әскери бөлімде де осындай есткерткіш тақта ашылды. Оған да шүкір. Кейінгі жас ұрпақ осы батырлардың атын жаттап өседі», деп көзіне жас алды. Әр кездері өрт сөндіру саласындағы мінсіз қызметі үшін бірнеше медальмен марапатталған Марат Мешінбайға Байзақтағы жарылыс кезіндегі ерен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Мемлекеттік орден марқұмның отбасына табысталды. Батырдың жары Рано Ғазизқызы Тараз қаласындағы №50 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Үлкен ұлы Асылжан Сарыкемердегі №1 гимназияда 10-сыныпта оқиды. Өмір Асылжанды есейтіп жіберіпті. «Әкешім бар болса, алыс қалаларға оқуға баруға болатын еді. Енді, мектеп бітірген соң, жақсы университетті бітіріп, Сарыкемерде қызмет істегім келеді. Себебі апама, анама, бауырларыма қолдау көрсетуім керек», деді. Асылжанның бұл мақсатына біз де толқып, «арманыңа жете бер» деп тілек айттық. Ал Аяжан есімді қызы 8-сыныпта оқыса, Айсезім – 6 жаста. Елдің тыныштығы жолында ерлік жасаған Марат Мешінбайдың ендігі арман-мұраттары осы перзенттерімен жалғассын деп тіледік.  

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар