Жұртқа қызық жұмыртас

Жұртқа қызық жұмыртас
ашық дереккөз
Жұртқа қызық жұмыртас
2011 жылдың сәуір айында бұл жұмыртас археологиялық қазба жұмыстары кезінде Тараз қаласының орталық базарынан табылған. Аталған жәдігер Х-ХІІ ғасырларға жатады. Ертеректе бұл дүниені дәрілік заттарды, сынаптарды, әтірді сақтауға және тасымалдауға қолданған. Сфера пішінді, қыштан жасалған. Мойыны, ернеуі жоқ. Бүйірімен дөңгелене сызықтар түскен. Табаны үшкір. Көне заттың сырты ұрылған, сырылған. Бұл жұмыртасты қызығып тамашалаушылар аз емес. Оны музейге келетін оқушылардың сұранысынан да байқауға болады. Жәдігер ерте заманнан қалған құндылық ретінде бағалы.

Мәні бөлек мыс құмыра

Мыспен безендірілген құмыра ХІІ-ХІІІ ғасырларға жатады. Бұл жәдігерді облыстық музейге Тараз қаласының тұрғыны табыстаған. Тараздың іргесіндегі Жалпақтөбе ауылынан көктемгі бақша егу жұмыстары кезінде табылған. Құмыраның дене мен мойыны түйіскен жерінде тізбек (флагелла) түріндегі бедерлі ою байқалады. Магистральда ат тәрізді пішінді бедерлі қалыптар бар. Олардың ортасында мыспен қапталған жабысқақ конустар бар. Сондай-ақ мұндай конустар су төгетін жерден тік жақта орналасқан. Құмыраның тұтқасы тік, шығыңқы. Құнды жәдігерлердің «соғды» түріне жатады. Мұндай құмыралар сирек кездеседі. Сондықтан да музейге келушілердің арасында осынау құндылықтың қасына ұзақ аялдап, мән беріп қарайтындар көп.  

Жұлдыз АЛМАНҚҰЛОВА, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.

Ұқсас жаңалықтар