Пияз бағасы бақылауда
Қазір нарықта пияз бағасы біршама құбылып, елдің алаңдаушылығын тудырғаны белгілі. Республикамыздың кейбір өңірлерінде пияздың бір килограмы 250 теңгеге жеткен. Осы мәселе бойынша Жамбыл облысына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айбар Әбілдабеков жұмыс сапарымен арнайы келіп, Қордай мен Жамбыл аудандарындағы қоймаларды аралады. Министрлік өкілі әуелі Қордай ауданындағы Масаншы ауылында орналасқан жеке кәсіпкер Лугмар Сандуровтың қоймасын көрді. Кәсіпкердің сыйымдылығы 6 мың тоннаны құрайтын үш қоймасы бар екен. Қоймада қазіргі таңда екі мың тоннаға жуық пияз сақтаулы тұр. Жалпы, Қордай ауданында 30 қоймада 19840 тонна пияз сақталуда.
– Пиязды өзіміз егіп, күтіп-баптап, күзде қоймаға сақтауға қоямыз. Жұмысшылардың шығынын жабу үшін алқап басынан біраз өнімді өткеріп жібердік. Ол кезде килограмын 40 теңгеден бердік. Ал қыста 80-90 теңге аралығында өткерсек, қаңтарда алушыларға 118 теңгеден босаттық. Енді осы айдан бастап алушыларға 128 теңгеден өткерудеміз, – дейді кәсіпкер.
Лугмар Сандуров бағаның өсуіне негізінен арадағы делдалдар себепші болып отырғанын айтты. «Бізден 128 теңгеден алған пиязды арадағы делдалдар Алматы қаласындағы сауда орындарына 50-80 теңге қосып өткеруде», – деп қынжылысын да білдірді ол. Дегенмен кәсіпкер өніміне бүгінгі таңда сұраныстың артып отырғанын да жасырмады. Оны тезірек өткеріп, көктемгі егіске дайындалуды ниет етіп отырғанын жеткізді.
– Жамбыл облысына келгендегі мақсатымыз – пияз қорының барлығына көз жеткізу болатын. Бүгін Қордай ауданында пияздың жеткілікті қорын көріп, елімізде пияз тапшылығының болмайтынына көзіміз жетті. Шынымды айтсам, облыста мұндай сыйымдылықта қоймалардың барын білмейді екенмін. Көзбен көріп, көңіліміз орнына түсіп отыр. Ал баға жөніне келетін болсақ, ол экономикалық нарыққа байланған. Мәселен, биыл Өзбекстан Республикасында болған қатты аяз салдарынан ондағы пияздың басым бөлігі үсікке ұрынды. Соның салдарынан пияздың килограмы Ташкент қаласында – 335, Қырғыз Республикасында – 300, Ресейде 500 теңге болды. Оған қарағанда біздегі баға әлі де болса тұрақты, – дейді Айбар Әбілдабеков.
Министрлік өкілі бұдан кейін бірнеше қойманы аралап, онда сақталған өнімдерді көрді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді