Cағындырған Cағынтай сарыны
Жуырда танымал қаламгер, қазақ журналистикасының аса көрнекті өкілі Қали Сәрсенбайдың «Өнер – өмір» атты үлкен жинағындағы «Қасиетті қара шал» деген үлкен материалы көзіме оттай басылды. Бұл ұлы сазгер, қобыз абызы Ықылас туралы жазылған үлкен пайымды зерттеуі көптен көңілде жүрген көмескі ойларымды сілкінтіп өткендей болды. Сонда ол былай деп ой тербеген екен: «Ықылас аузына түкірген қобызшының бірі Сағынтай Елепанов еді. Сағынтай он алты жасында Шу бойында күздің бір қара суығында ұлы қобызшымен кездеседі. Оның өз орындауында «Жезкиік», «Қазанды» үйренеді. Сәбденбек деген әрі домбырашы, әрі ұстаның Сағынтайға шауып берген қобызы әлі сақтаулы. Қазір менің жеке архивімде қобызшы туралы деректер баршылық. Ол кісінің орындауында Ықыластың бірнеше күйлерін жазып алғанмын. Қалидың бұл жазғаны – айна-қатесіз шындық. Әлгі ақындар айтқандай, уағында ел елеп, ескермесе, небір майталман жандардың жарқын бейнелері көмескілене беретіндігі ақиқат қой. Аса көрнекті ғалым, зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты монографиялық еңбегіне де тартқан күйлерінің ноталары жарияланған. Сол көзден таса болған соң көңілден ұзай бастаған дүлдүл күйші туралы атақты күйші, өнер зерттеуші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев Сарысудан шыққан дүлдүл күйші Мәді Шәдиевке арнаған үлкен талдау мақаласында былай деп жазады: «Мәді шығармашылығындағы қобыз сарыны Ықыластан бәсіре болғанын айттық, сонымен қатар өзімен заманы бір Сағынтай Елепанұлынан жұғысты болғанын ескеру парыз. Сағынтай Елепанұлы Сарысу өңіріндегі ең даңқты қобызшылардың бірегейі еді. Ықыластың күйлерін тартуға келгенде алдына жан салмайтын шеберлігі бір бөлек, өзі де тамаша туындыларымен елге танылған қобызшы болды. Әрине, Мәдінің айналасында Сағынтайдан басқа да Ықыластың даңқты шәкірттері, қобыз ұстаған жыршы-күйші қауымы мол болды. Дегенмен солардың арасында «Сағынтайдың жыры бәрінен басым болғаны» туралы жазылған естеліктер бар».
Мен мектептің жоғары класында оқып жүргенімде, ол кісінің үйіне талай қона жатып, Сағынтай атаның жүрек қылын тербер қобыз күйлерін беріле тыңдап өскен жанның бірі едім. Сол кездің өзінде мені баласынбай, қойған сұрақтарыма тұшымды жауап беріп отырушы еді. «Аққу», «Ерден-Дүзен», «Айыруықтың ащы күйі», «Қазан», «Қоңыр», тағы басқа күйлердің аңыздық тарихтарын сол кісіден естіп, құлағыма құйғанмын.
Сағынтай 1913 жылы сол Өлке ауылына келіп, өзінің бір топ серіктерімен қонақ болып жатқан абыз қобызшы Ықыласқа ізгі ниетпен келіп, зор ілтипатпен сәлем береді. Сол жолы ол ұлы қобыз абызының алдында күй тартады. 19 жастағы бозбаланың тартқан күйлеріне аса риза болған Ықылас оған өзінің бірталай күйлерін үйретеді. Сабырлы, үлкен пайымды бозбаланың қағып алғыш құймақұлақтығына, алғырлығына, зеректігіне Ықылас шынайы риза болып, жас шәкіртке ақ жол тілеп, батасын берген екен.
Сол Сағынтай атамыз 1934 жылы Алматыда өткен халық өнерпаздарының Бүкілқазақстандық 1-слетіне қатысады. Сонда атақты Сүгірдің жақын туысы Жаппас Қаламбаевпен жақын танысып, біраз уақыт байланыста болған. 1959 жылы Жаппас Қаламбаев Сарысу ауданына концерт қоюға келгенде, ең алдымен іздегені Сағынтай Елепанов болды.
Сол слетте Сағынтай қобызшылар арасынан оза шауып, бірінші орынды иеленген. Қазылар алқасын басқарған Қазақ АКСР Халық ағарту комиссары, өнер десе ішкен асын жерге қоятын абзал азамат Темірбек Жүргенов Сағынтай Елепановты, онымен бірге барған бір топ өнерпаздар қатарындағы сарысулық Жәкім Мырқы келінін Алматыда қалып, жаңадан ұйымдасқан өнер ұжымында еңбек етуге үгіттейді. Себебі, сахна төрінде ол да халық әндері «Ахау керімді», «Гүлдерайымды» шырқата айтады. Сарысу ауданының Чапаев атындағы колхозынан барған Жәкімнің жезтаңдай әншілігі қазылар алқасынан жоғары бағаға ие болып, ол да жүлдегерлер сапынан көрінеді.
Алайда Жәкім Алматыда қала алмайды. Ал Сағынтай Елепанов жаңа құрылған ұлт аспаптары оркестрінде жарты жылға жетер-жетпес уақыттай қызмет етеді. Бірақ тұрмыстық жағдай себептерімен әрі қала өміріне қалыптаспаған қалпымен елге амалсыз оралады. Алайда өнер парқын бағалай білетін атақты қобызшылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтар Сағынтай қобызының өзгеше ерен сарынмен тартатын шеберлігіне тәнті болып, естерінен еш шығарған емес.
Сағынтай атамыздың орындауындағы «Жезкиік», «Қазан», «Ерден», тағы басқа күйлердің музыкалық басылымдарға енгізіліп, оқу орындарында оқытылуы да көп нәрсені аңғартса керек.
Дәулескер күйші, қобызшының орындауындағы «Ерден» күйі де өзгеше, әсерлі, сырлы, сазды еді. Асылынан осы тұста айырылып, жан жүрегін жаншыған қайғының қара бұлтын жамылған жанның азасын күй тілімен сөйлеткен Ықыластың ұлылығына еріксіз бас иесіз. Осы күй-жоқтау, күй-реквием, күй-аза бір ғана жан қасіретіне арналған ғой деп ойласақ та, оның қамтыр ауқымы одан да кеңірек.
Қобызшы қария 1975 жылы мен жолыққан соң екі айдан кейін дүние салды. Көз алдымда ол кісінің қобыз шегінде құлшына ойнаған еті арыған саусақтары, бидай өңді ақсары жүзінде ұялаған жылы күлкісі мәңгі қалып қойды.
Десек те көне өнердің кәусарына жоқшы болып жүрген ұлт руханиятының жанашыры Саян Ақмолда менің қолымдағы ескі кассетаға жазылған Сағынтай атаның күйлерін компьютерлік өңдеуден өткізіп, оларды «Қазақтың 1000 күйі» антологиясына енгізгені дәтке қуат.
Саян үлкен азаматтық жасап, қарияның әлдеқалай себептермен қолды болып кеткен қобызын қайтарту үшін көп күш жұмсады. Ол қобызды аспап мамандарына жөндетіп, табиғи үнін келтіріп, қалпына келтірді. Сағынтай ата туралы тірнектеп жиған материалдарының басын қосты. «Сағынтай сарыны» деп аталатын күйлерінің барлығын нотаға түсіріп, кітапқа енгізіп отыр. Ол жинақ жуық арада баспадан жарық көрмек. Сағынтай ата мұрасының жеке кітап күйінде рухани айналысқа түсетін күні де алыс емес.
Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
жазушы.
Жаңатас қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді