«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күй құдіретіне арналған кеш

Күй құдіретіне арналған кеш
ашық дереккөз
Күй құдіретіне арналған кеш
Биыл әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлының туғанына – 180 жыл. Осыған орай, Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатта «Өлмейтін өмір кілті – өнерде» атты танымдық кеш өтті. Кешті аталған мектеп-интернат директоры Гүлзира Тойшыманова ашып беріп, қазақ қастерлеген қобызшының ел аузында жүрген қасиеттеріне тоқталды. Мұнан соң, Ықылас күйшінің шөбере ұрпағы, облыстық «Педагог тәлімі» журналының бас редакторы Гүлнар Есмаханова сөз алып, әйгілі қобызшының ұрпақтары, асыл қасиеттері, күйлерінің тарихы жөнінде таратып айтып берді. Мұнан соң Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің аға оқытушысы Гүлназ Шабанбаева Қорқыттың «Қасқыр ұлығанда», «Ерден» күйлерін қобызбен тартып берсе, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының күйшісі Рауан Әбілқасов Қорқыттың «Жез киік», «Аққу» атты күйлерін жоғары шеберлікпен орындады. Сондай-ақ қонақтар оқушылардың түрлі сұрақтарына жауап берді. Ал өз кезегінде аталған мектеп-интернаттың дарынды оқушысы Әскербек Жамантай Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйін, Ажар Қойбағар Дәулеткерейдің күйі «Қосалқаны», Асылхан Садық халық күйі «Келіншекті» орындады. Сондай-ақ өнерлі оқушылар Сара Рысалды, Аруна Қанатбек, Дархан Әзірбай Ықылас бабамызға арналып жазылған қазақ ақындарының өлеңдері мен белгілі тұлғалардың арнау сөздерін оқып берді. Іс-шарада ән әуелеп, күй күмбірледі. Нұрғиса Тілендиев атындағы мектептің шын мәнінде өнерлі білім шаңырағы екеніне көзіміз жетті. Осы істі ұйымдастыруда ұйымдастырушы-педагог Айжан Мырзахметованың үлесі үлкен. Іс-шараны аталған ұжымның басшысы Гүлзира Жақсыбекқызы қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар