«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлихан Смайылов: жайылымдық жерлердің қолжетімділігі Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе

Әлихан Смайылов: жайылымдық жерлердің қолжетімділігі Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе
ашық дереккөз
Әлихан Смайылов: жайылымдық жерлердің қолжетімділігі Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды, деп хабарлайды Primeminister.kz сайты. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құрайды, оның ішінде 82,4 млн га – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 млн га босалқы жерлер; 21,2 млн га елді мекендерге іргелес жерлер; 15,9 млн га басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері). Оның айтуынша, 15 өңірде, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жеке қосалқы шаруашылықтарда мал жаю үшін жайылымдардың тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, бұл ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 16%-ды құрайды. Өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп (0,4 млн га). 2022 жылы тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. 16 қаңтарда елімізде мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Ол азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар және жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға негіз болады. Осы тақырып бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев баяндама жасады. Премьер-Министр жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе.
«Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер», – деді Әлихан Смайылов.
Бұған Мемлекет басшысының Агроөнеркәсіп саласындағы микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін Жарлығы ерекше серпін берді.
«Осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда, елді мекендердің маңында орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды. Оларды қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажет. Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту және шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
«Жер қоры шектеулі аудандарда әкімдіктер жеке қожалықтарды кооперативтерге біріктіріп, малды қолда ұстау мәселесін пысықтауы тиіс. Жалпы өңір әкімдері жайылым мәселесін, оның ішінде қайтарылған жерлерді бөлуді ерекше бақылауда ұстауы қажет», – деді ол.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр ғарыштық мониторингті қолдана отырып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізу керек екенін айтты. Ол үшін жерді ұтымды пайдалану мониторингінің «JerInSpectr» платформасын енгізу жұмыстарын, сондай-ақ жерді пайдалану процестеріне бақылауды күшейту қажет.

Ұқсас жаңалықтар