Ақын, жазушы,сатира сардары Шона Смаханұлының туғанына – 90 жыл

Ақын, жазушы,сатира сардары Шона Смаханұлының туғанына – 90 жыл
ашық дереккөз
Ақын, жазушы,сатира сардары Шона Смаханұлының туғанына – 90 жыл

Ақын, жазушы, сатира жанрының жампозы, кеңестік әміршілдік-әкімшілдік дәуірдегі коммунист басшылардың қуғын-сүргініне қарамастан туған тілінің тағдыры үшін басын қатерге тіккен қайраткер азамат Шона Смаханұлы осыдан 90 жыл уақыт бұрын қараша айында Жамбыл облысында дүниеге келіпті. Алматының сол тұстағы санасы сарытап болған зиялыларын «ұйқыдан» оятып, ұлт болашағы – ана тілі екенін айтып жар салған, сол үшін де кейбір нигилист-шенеунік әріптестеріне жек көрінішті болған Шөкең қуғынға да түсті. КГБ деген мекеменің табалдырығынан да аттады. Орталық партия комитетінің имансыз идеологтары Шона Смаханұлы, Асқар Тоқмағамбетов сияқты санаулы ғана ұлт ұстындарының соңына шырақ алып түсті. «Тат» («Ржавщина») деген «домалақ арыз» дайындап, оны сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне жөнелтіп, «мына жазбаға бір журналисті автор етіп, жедел жариялаңдар» деп өрекпіді. Бірақ, «Жалғыздың жары – Құдай» деген, комитеттегі Софы Сматаев бастаған азаматтар Шөкең жайлы шимай-шатпақты жарыққа шығартқызбады. ...Бірде ер Шөкең елге келді. Ол кісінің ауыл адамдары сияқты автобуспен жүретін әдеті. Ал ел ішінде жаяу-жалпылап та тарта береді. Көкеміз сол келісінде аудандық «Ленин жолы» (бүгінгі «Талас тынысы») газетіне бас сұқты. Қаламгер інілерімен қауқылдасты. Түскі үзіліске газеттің фототілшісі Үлгібай Райымов екеуі шығып, аудандағы жар дегендегі жалғыз қонақ үйдің бірінші қабатындағы жар дегенде жалғыз ресторанға беттеді. Біз де, бір топ журналист, сол жерден тамақтанатынбыз. Шөкеңдер бізден жоғарырақ, біз әдеп бойынша одан төмендеу тұрған үстелге жайғасып, алдымызға ас-суымызды ала бастадық. Ақын-жазушылар өмірін теңдессіз бақытқа балайтын балаңдау сезім мен жастық желік қосылып Шөкең жаққа қарағыштай беріппін. Осыны байқаған Шөкең: – Кел, інім, біздің дастарханнан бір жүз гарамм тартып жібер, – дегені. Алыстан келген ағаның өзіме арналған бір ауыз лебізін есту арман боп отырған мен лып етіп орнымнан көтерілдім де: – Сіздің сарқытыңызды ішудің өзі бақыт қой, – деп, Шөкеңнің құрметіне алынған шөлмектен құйылған «ақаңды» тартып салдым. «Сарқыт» сөзі Шөкеңнің жүрегін түртіп жіберді білем, «мен саған «сарқыт» туралы бір әңгіме айтып берейін» деп сөзін бастай жөнелді. Өздерің білесіңдер, қазақ әдебиетінде тегіне «ұлы» деген сөзді қосып жазатын екі қаламгер бар. Оның біріншісі – Бауыржан Момышұлы болса, екінші – мен. Бірде «Қаламгер» кафесіне кіре қалып ем, анандай жерде батыр Баукең бір жазушымен «аққайнар» («Шампан») ішіп, шылым шегіп отыр екен. Ағаны көрген елгезек іні ретінде бұрылып барып амандастым. Сәлемімді алған Баукең: «№2-ші «ұлы» кел, отыр, «аққайнардан» ал» деді. Қай құдыреттің күш бергенін қайдам, табан астында: «Ұлылар» сарқыт ішпейді» деп салыппын батыр ағама. Баукең рахаттана күліп, даяшыға тапсырыс беріп, «жаулығы» сыпырылмаған «аққайнар» алдырды. Мен де сөзімде тұрып, жаңадан ашылған аққайнардан тартып кеп жібердім. Ал сенің «сарқыт» дегеніңнің жөні бөлек, менің «сарқытымды» ішсең жаман болмайсың» деп, әңгімесін аяқтады. Міне, содан бері де ширек ғасырдай уақыт өтіпті. Шөкең туралы толғанып отырғанда ағамды көрген, сөйлескен бұдан басқа да сағынышты сәттер еске оралды. «Еңбек туы» (бүгінгі «Ақ жол») газетінде қызмет етіп жүргенімде де мәдениет бөлімінің төріне жайғасып, әңгіме айтқан. Бір сауалы «Қалай, Жамбыл қаласында қазақ мектептері көбейіп келе ме?» болған сонда. Біз, бөлім қызметкерлері жарыса: «иә, Құдайға шүкір, қазақ мектептері көбейіп келеді. Оған облыстағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – осы газет те ат салысып жатыр» деп мәз болдық. Ақиық ағаның екінші айтқаны «Соңғы кезде кітабы көп адамдарды іздеп, тапқандарымды насихаттап жүрмін» дегені болды. Онысына да риза боп қалдық. Шөкең марқұм туралы мұндай жылы сөзді тоқсан жылдығын туған халқы той ретінде атап өтіп жатқан кезде айтпағанда қай кезде айтамыз. Ертең, 26 қараша күні Алматы қаласында, Қазақстан Жазушылар одағында ақын, азамат Шона Смаханұлының туғанына 90 жыл толуына орай мерейтойлық салтанатты кеш өтпек. Үлкен тірліктің иесі туралы үлкен сөз де сонда айтылады, ағайын!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар