«Театры жоқ елде түрме көбейеді»
«Aulieata-media» ЖШС мен «Jambyl» телеарнасының бірлескен жобасы «Қаламгер» клубы. Жобаны жүргізушісі – Оралхан Дәуіт
Оралхан ДӘУІТ, журналист: Өмір дегеніміз оның ұзақтығы емес, есте қалар қызықты сәттері деген емес пе? Өнер адамдары туралы ел ішінде көптеген аңыз-әңгімелер айтылады. Театр саласының да қызықтары, әзіл-қалжыңдары еш таусылған емес.
Ендеше «Қаламгер» клубының бүгінгі қонақтары – театр майталмандары. Асқарбек Сейілхан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі: Сахнадағы өмір бір бөлек те, сахнаның артындағы өмір – ол басқаша. Негізі өнер адамдарының қызықты сәттері көбінесе сахнадан тыс кезде және аяқ астынан орын алып жатады. Жамбыл жерінде Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы тойланған жылы мен А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының директоры едім. Баукеңнің мерейтойының соңына таман облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеев шақырып «композитор Жоламан Тұрсынбаев таңертең Астанада болуы керек екен, Майраға айт, тез арада ұшаққа билет алсын» деп бұйрық берді. Бірден актриса Майра Әлімбетоваға қоңырау шалдым.
– Майра, сен анау Жоламан Тұрсынбаев деген композиторды білесің бе? – деп әңгімені алыстан бастадым.
– Жоқ, білмейді екенмін, – деді Майра.
– Сол кісі Баукеңнің тойына қонақ боп келген ғой, ертең Астанада болуы керек екен, соған Әмзеев саған билет алып берсін деп жатыр.
– Мен оған неге билет алып беруім керек?
– Қайдан білейін?! Әмзеевтің өзі солай деп тапсырма берді.
– Менің оған билет алып жүретін уақытым да жоқ, айналайын. Баламды сүндетке отырғызып, өзім Құдай тамақ берумен әлек болып жүрмін. Алып бере алмаймын.
Майраның жауабын Әмзеевке айттым. Ол аң-таң. «Қалайша?! Оның сүндетке отырғызатындай баласы жоқ қой. Бір- ақ қызы бар емес пе?». Енді мен аң- таң болып, Майраға қайтадан телефон шалдым. «Жоламаныңды танымаймын!» деп, екеуміз дауласып қалдық. Майраның көнбей жатқанын Әмзеевке айтып едім, ол маған: «Сен қай Майраға звандадың?», – деп сұрады. «Майра Әлімбетова», – дедім. Сөйтсем, Әмзеев бухгалтерияда жұмыс істейтін Майра Әлімге хабарлас деген екен ғой. Мен шатастырып бәрін бүлдіріппін. Сәнтөре Пірман, ақын, драматург: Белгілі актер Спандияр Мұқышев екеуміз түйдей құрдас едік. Спандияр айтқыш болатын. Бірде Спандияр мен Қарабай екеуіне Әлібек Әмзеевтің «Қара кемпір» спектаклінде ауыл шалдарының бейнесін сомдау керек болады. Қарабай шыдамсыздау жігіт қой. Спандиярға кеп «Не істейміз мына рөлді? Ойланайық та...» деп қоймапты. Сонда Спандияр: «Қареке, «не істейтін болдық» дегенің не? Әмзеевтің ауылының шалдары осы спектакльдегі шалдар сияқты емес пе? Бір көзді оқырайта қысамыз да, ерінге насыбайды салып алып ұра береміз! Оған не дайындық керек? Тіпті болмаса шойтаңдаймыз», – депті. Шынында да дайын образдар ғой. Оралхан Дәуіт: 1998 жылы Болат Бекжан ағамыздың «Шымылдықтың ар жағы» атты кітабы шыққан болатын. Кітапта өнер адамдарының қызықты хикаялары керемет жазылған. Сол кітаптағы мына бір оқиға маған ерекше ұнады. Жамбыл театры Кеңес заманында гастрольге шығып, Өзбекстанның бір ауылында қона жатып спектакль қояды ғой. Колхоз бастық актерлерді бір үйге орналастырған. Ол үйдің бір кемпірі бар екен. Өнер адамдары болған соң қонақтарға құрметпен қарап, апамыз күн сайын спектакльді алдыңғы орында отырып көреді. Бірінші күні көргенде, спектакльде сюжет бойынша Төлеген өледі. «Қыз Жібекті» қойса керек. Екінші күні көргенде, Қозы өледі. Үшінші күні тағы біреу өледі. Сонда кемпір үйге келіп шай ішіп жатқанда актерден сұрапты: «Айналайындар- ау, сендер елден шыққанда қанша едіңдер?», – деп. Актер де сезе қойған: «Апа, қайтесіз енді... елден шыққанда 90 едік, қазір 70 қалдық», – деген ғой. Сонда апамыз: «Айналайын-ау, өзің де біліп жүр екенсің. Амалын тауып, қашып кетпейсің бе?», – деген екен. Жалпы Кеңес заманында актерлар мен әртістер гастрольге өте көп шыққан көрінеді. Әсіресе Өзбекстан мен Қырғызстанның ауылдарында апталап-айлап жатқан кездері болған. Әбиірбек аға, сіз сол сапарлардың бел ортасында жүрдіңіз ғой, сол бір күндерді еске алып қойсаңыз. Әбиірбек Тінәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Театрда 1978 жылдан бастап жұмыс істедім. Шынында ол кезде жыл сайын 3 сәуірден басталатын гастроль 3 тамызда бір-ақ аяқталатын. Көбінесе Өзбекстанның Навои облысындағы Тамды, Үшқұдық аудандарына баратынбыз. Бірде жаздың ыстық күнінде кешке қарай бір ауылда спектакль қойдық. Актер Сабыр Ысқақов деген ағамыз басты рөлдердің бірінде, ал, Болат Бекжанов оның баласы боп ойнайды. Қойылым енді басталайын деп жатқанда Сабыр аға «Мен қазір спектакльдің бірінші бөлімін ойнаймын да кетемін» деп қалды. «Жай ма?» деп аң-таң боп тұр едім «Осы ауылда беташар болады екен. Соған шақырып жатыр. Мен спектакльді бастап беремін, өздерің бірдеңе қып бітіре беріңдер» дейді. «Ойбай аға, мен сіздің балаңыз боп ойнай беремін. Әкесін қайтеміз?», – деймін ғой. Сөйтсем «Әкесі өліп қалды деп айта салыңдар» деп жайбарақат күледі ғой. Жүніс Әлімбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Гастрольдік сапарларда 5-6 жылдай жүрдім. Бір жылы Өзбекстанның бір ауылында болдық. Құс фабрикасы бар ауыл екен. Спектакльдің алдында дастарқан жайып, әдемілеп жұмыртқа қуырып әкелді. Сүт қосқан шаймен соғып жатырмыз. Қуандық пен Жұмахан сыртқа кіріп- шығып жүрген. Неғып екенін, екеуі тамақ жеуден бас тартып, алдарына қойылған жұмыртқаларын маған бере салды. Шынымды айтсам, қарным аш еді. Тойып жеп алдым. Сосын бір кезде бізді ауладағы тапшанға шығарды. Міне, сол кезде үйіме табақпен қуырдақ алып келді ғой. Жұрттың бәрі бірден ыстық қуырдаққа бас қойды. Менің қарным тоқ. Жұмыртқаға тойып алғам. Астың бетіне қарай алмаймын. Қуандық пен Жұмахан «жесей, жесей» деп жымың-жымың етеді. Сөйтсем екеуі далаға кіріп-шығып жүріп қазанда қуырдақтың пісіп жатқанын біліп, жұмыртқаға қол созбай, әдейі маған бере салған екен ғой. Асқарбек Сейілхан: Құдаш Мұқашевтың «Парторг» деген спектаклінде Қасым деген жігіттің рөлін ойнадым. Парторг – Шолпан деген апай. Сценарий бойынша бір шал мені парторгтің үйіне кешірім сұратуға алып барады. Өйткені Қасым арақ ішіп, тентектік жасап қойған. Парторг шай құйып отырғанда шалға: «Әй, құрдас, жұмыс аяғы ғой, жүз грамға қалайсың?» дейді. Негізі сценарий бойынша «Жоқ, рақмет, асығыспын, ішпеймін...», – деп қоштасып кетіп қалуы керек. Бұл болса «Асығыстау едім...» деп ойланып тұрды да «Дегенменде жүз грамм ғана болса болады ғой» деп қайта отыра кетті. Біз сол жердегі бөтелкеге су емес, арақтың өзін құйып қойған болатынбыз. Стаканға қалай құйылды, шал бірден тартып салды. Сөйтті де аузын сүртіп тұрып «ЕҺ, болары болды... Жұмыс күте тұрар, таңға дейін уақыт бар ғой. Құйыңыз, құдағи!» деп ары қарай жайғасып отыра кеткені бар емес пе?! Жүніс Әлімбеков: Тағы бір қызық оқиға есіме түсіп отыр... 1985 жылы Жамбыл облыстық театрына келген кезім, М.Әуезовтің бір шығармасы қойылып, Мұхамедқали Табанов деген актер ағамыз бидің рөлін ойнады. Ал Есен бидің рөлі Жұмаханға тиді. Сахнаға Есеннің бір топ нөкерлері қосыла шығады. Спектакль алдында Жұмахан «Мен сөзімді айтқаннан кейін билер маған «тоқтаңдар!» дейді, бірақ сендер тоқтамаңдар. «Тобықтыға бұрып отыр!», – деп айқайлай беріңдер, мен сол кезде қолымды сілтеп тұрамын» деді. Жаңадан келген актер болғандықтан, айтқанына сеніп, келісе салдым. Күндізгі репитицияда сол эпизодта би «тоқтаңдар!» дегенде, біз тоқтамай, ұрандай бердік. Сол кезде би ашуланып: «Ей, тоқтайсыңдар ма, жоқ па?» деп айқайлап жіберді. Кешке сахнада көрермен алдында осы эпизодты дәл осылай ойнадық. «Тобықтыға бұрып отыр!», – деп ұрандап, шулап жатырмыз. Тоқта десе де тоқтамаймыз. Еліріп кеткенбіз ғой. Би ашуланып кетті де «Өй, шешеңнің... Тоқтайсыңдар ма, жоқ па?» деп боқтап жіберді. «Шешеңді...» дегенді соңына дейін толық айтты. Көзіміз бақырайып тұрып қалдық. Көрермен деген қаптап отыр, қыран-топан күлкі... Қойылымнан шыққаннан кейін Жұмахан тырқылдап күледі. Сөйтсек Табанов ақсақалдың мінезін жақсы білгендіктен бізге «тоқтамаңдар» деп әдейі айтқан екен ғой. Оралхан Дәуіт: Жақында әлеуметтік желіден оқып қалдым. Алматы жақтағы театрда белгілі бір қазақ актері поптың рөлін ойнапты. Шамасы орыстың бір жазушысының пьесасын қойып жатса керек. Үстінде поптың ұзын қара киімі, басында мантия, төсінде дәу жалпақ крест. Сценарий бойынша сахнада бір адам өліп жатады, поп соның үстінен аттап өтуі керек екен. Бірақ қазақ актері аттай берген аяғы тайып кетіпті де сасқанынан «Біссіміллә, біссіміллә» деп қалыпты. Құрманғазы Демеш, ҚР Журналистер одағының мүшесі: Жамбыл облыстық драма театрының директорлығына жаңадан келген кезім. Қызметкерлердің кейбіреулері түскі асын сахнаның бұрышында орналасқан бір бөлмеде ішеді екен. Бірде ойымда ештеңе жоқ, театрдың ішін аралап жүріп сол бөлмеге кірсем, 7-8 сахна жұмысшылары отыр екен. Біреуі шайын ішіп отырса, екі- үшеуі нарды ойнап отыр. Бәрі жайбарақат. Мен өзім нарды ойнауды жақсы көремін. Төбесінен төніп, ойындарына қызығып қарап тұрғам. Бәрі азартқа кіріп кеткен. Бір кезде терезеден сыртқа қарап отырған жігіт «ойбай, келе жатыр» деп еді, бәрі опыр- топыр болды. Нарды тақтасы аударылып ол қалды. Ыдыс-аяқ шашылып ол қалды. Өзімді таптап өтіп, бет-бетімен қашып, жан-жаққа тығылып жатыр. Арттарынан мен де бездім. Жандәрмен үшінші қабаттың шатырға шығатын сатысына өрмелеп кеткенмін ғой. Бір кезде ойландым, «Әй, директор – мен емеспін бе? Кімнен қашып жүрміз?» Түссем, ешкім жоқ. Бірінші қабат жақтан айқай-шу естіліп жатыр. Әрең дегенде қашып жүргендердің біреуін тауып алып: «Не боп қалды? Кімнен қашып жүрміз?» деп сұрамаймын ба? Сөйтсем, театрдың жанында азық-түлік сататын бір дүкен бар екен, соған біздің жұмыскерлеріміздің бәрі қарыз болған. Соның сатушысы келе жатыр екен.
Тағы бір әңгіме айтайын. Маған дейін театрдың директоры қызметін Талғат Сұлтангереев деген азамат атқарған. Іскер, елге белгілі азамат. Менің тағайындалғаныма 2 айдай уақыт боп қалған кез. Бір күні таңертең лездеме өткізіп жатыр едім, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеев хабарласты. Жиналысты қалдырып, дереу сол кісіге бардым. Бастық екеуміз бір шаруаларды тез-тез ақылдастық та 15-20 минуттан кейін қайтадан театрға келдім. Бәрі әлі тарқамаған, кабинетте отыр екен. «Басқармаға не үшін шақыртыпты?» деді шулап. Ойыма қулық келе қалды. «Жұмыстан кететін болдым» деп салдым. «Өй, неге? Келгенің кеше ғана емес пе?.. Кеткені несі?» «Маған басқа бір жақсы қызмет ұсынып жатыр» Бәрі аң-таң. Бастарын шайқады да «Сонда орныңызға кім келеді?» деп сұрады. «Талғат Сұлтангереев қайтадан келетін болды» дедім. Құдайдың құдіреті, тура сол кезде терезеге қарап қалсам, шынында Талғат Сұлтангереев көліктен түсіп жатыр. «Міне, өзі де келіп қалды» деп едім, бәрі жалт етіп терезеге қарады. Тәкеңнің алдынан жүгіріп шықтым. «Тәке, мен айтқан нәрсеге тек басыңызды изей беріңіз, кейін түсіндіремін», – деп сыбырлап үлгеріп, жол бастадым. Сөйтсем, жаңа ғана кабинетіме толып қалған әртістер пен қызметкерлер дәлізде ұзына бойы тізіліп тұр. Біз Тәкең екеуміз ортасынан қақ жарып өттік. «Тәке, уайымдайтын ештеңе жоқ. Кеше ғана өзіңіз жұмыс істеп кеткен ұжымыңыз» – деп сампылдап сөйлеп келемін. Естіп тұрғандардың бәрінің аузы ашылып қалған. Содан «Тәкең қайтадан оралды...», – деп жиналыс аштым. Мән- жайды түсініп қалған Талғат: «Құрманғазы, сен қазір отыра тұр, менің сұрайтын нәрселерім бар еді...», – деп бухгалтерге бұрылды. Сөйтсем Тәкең жұмыстан кеткен кезінде театрдың домбырасын ба, әлде магнитофонын ба, әйтеуір, бір затын бірге алып кеткен көрінеді. Бухгалтер күн сайын телефон шалып, «алған затыңды әкеп бер» деп әбден қанын ішіп жүрген ғой. Одан жақында туған күні өткен бе? Кеше ғана бірге жұмыс істеген достарының ешқайсысы құттықтамаған, келмеген. Содан Тәкең бухгалтерге қарап «қалайсың?» деп еді, бухгалтер орнынан тұрды да басын салбыратып: «Тәке, сол затты мені өз еркіммен сұрады деп ойлайсыз ба? Асан ағай айтқызды ғой маған, әкеп берсін...» – деп ақталып кетті. Тағы біреуінің жағдайын сұрап еді: «Тәке, өткенде туған күніңізге барайын деп едім, тура сол күні шалым ауырып қалып, шыға алмай қалдым», – деп ол ақталып жатыр. Күлкіден жарылайын деп мен отырмын. Қысқасы нағыз спектакль болды. Оралхан Дәуіт: Театр саласының да проблемасы шаш етектен екені белгілі... Әңгімемізді тек әзілмен ғана әрлемей өнер саласының мәселелерін де айта отырсақ. Сәнтөре Пірман: Соңғы жылдары мерейтойларға байланысты спектакльдер көбейіп кетті. Пәленшеевтің 100 жылдығы, Түгеншеевтің 70 жылдығы деген сияқты. Кеңес үкіметі тұсында мұндай спектакльдерді сахнаға шығармайтын. Бұл біздің облыста ғана емес, барлық аймақтарда орын алып жатыр. Осыдан сақ болу керек. Әрине, Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, сияқты алыптарымыздың жөні бөлек. Оралхан Дәуіт: Қайбір жылы белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевпен бірге Мәскеуге бардым. Мәскеу төрінде Атырау облыстық драма театры спектакль қойды. Сонда байқағаным, театр шағын ғана, ары кетсе 150 адам сияды. Спектакль қазақша, көрермен көп болмайтын шығар деп ойлап едім, жоқ, адам толып отырды. Кейін әкімшілігінен сұрасам, Мәскеуде осындай шағын театрлар өте көп екен және қойылымдардың билеттері бір ай бұрын сатылып кететін көрінеді. Былайша айтқанда, көрермендер үнемі театр репертуарын қарап, асыға күтіп жүреді. Ал бізде ше? Сәнтөре Пірман: Ол Мәскеу ғой енді... Ол қалада халық көп. Сосын, еуропалықтар отырықшы халық, театрға бұрыннан қалыптасып қалған. Республика бойынша 60 театрымыз бар. Шыны керек, әлі де аз. Кейбірлер «Осыншама театр неге керек, қысқарту керек» деп айтады. Меніңше басқа-басқа театр қысқаруға тиісті емес. Қайта көбеюі керек. Әрбір 500 адамға бір театр болуы қажет. Құрманғазы Демеш: Мәскеудің театры сөз болып қалды, көрші Қырғызстанның театрларынан да үйренетін тұстарымыз бар екен. Бір Бішкектің өзінде 4-5 коммерциялық театр бар, оның ішінде телетеатрлар да жеткілікті. Телетеатрын көрдік. 50 шақты көрермен спектакльді тамашалайды. Бізде де сондай жасауға болады ғой. Әрине, біздің театрымызды Мәскеумен салыстыру қиын. Өзбек, қырғыз көршілеріміз бізден озып кетті, біз қалып кеттік деп отырғаным жоқ, бірақ олардың озық жақтарын мойындап, үлгі ала білуіміз керек. Және гастрольге шығуды қайта дәстүрге енгізу қажет. Гастроль әртістердің жаңа тынысын ашады. Мысалы, жамбылдық әртістер Шымкент, Түркістан, басқа да аймақтарды аралап, спектакльдер қоюы керек. Асқарбек Сейілхан: Шерағаңның «Театры жоқ елде түрме көбейеді» деген бір сөзі бар. «Ертең өзгергің келсе, бүгін театрға бар» деген де бар. Сонда адам театрда не көретінін, не үшін көретінін, қандай оймен көретінін ойланады. Театр халықтың алдында жүруі керек, артында емес. Халық театрдың артынан ілесу үшін театрдың мықты шығармашылық құрамы болуы керек. Оның ішінде режиссердің рөлі өте маңызды. Театрдың репертуарын қалыптастыратын адам–көркемдік жетекші. О л Станиславский айтып кеткендей 17-інші сезіммен сезіп отыру керек. Сонымен қатар бізде мықты актерлер бар, бірақ солардың мүмкіндіктерін көрсететін пьесалар жоқтың қасы. Ал оның бәрін іздеп табатын – режиссер және көркемдік жетекші. Қазақстан бойынша театр режиссерлары саусақпен санарлықтай ғана. Соңғы бір жылдың ішінде 10 шақты фестиваль өтті. Ең соңғысы Әзірбайжан Мәмбетовтің атындағы фестиваль. Одан бөлек Шара Жандарбекова, Әшірбек Сығай, Рахымжан Отарбай, Әбіш Кекілбаев атындағы театр фестивальдері өтті. Біздің театр осы фестивальдердің бірде-біреуіне қатыспады. Неге? Репертуардың жоқтығы ма, әлде ұсыныс берудің жоқтығы ма? Әлде біз білмейтін басқа бір жағдай бар ма? Міне, бүгінгі театрымыздың басты проблемасы осы. Біздің жастар өзіміздің қазанымызда бұрқылдап қайнап жатқанымен, оның қайнағанын көретін адам жоқ. Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай фестиваль өткізейік деген бастама көтердік. «Кешігіп қалдық» деген сылтаумен өтпей қалды. Ақтауда «Әбіш әлемі» деген фестиваль екі жылда бір рет өтеді, Рахымжан Отарбаевтікі жылда өтеді, Өскеменде Рүстем Есдәулет атындағы фестиваль өтіп жатыр. Неге сондай фестивальдер Жамбылда өтпейді? Шерхан Мұртазаның 20-ға жуық драмасы бар. Кем дегенде екі жылда бір рет өткізілсе, басқа жақтың театрлары келсе, актерлердың байланысы қайнап жатса өте оң іс болар еді. Оралхан Дәуіт: Иә, дұрыс айтасыз. Театр – ұлттың рухын көтеретін жер. Асанәлі Әшімов ағамыз «Eqemen Qazaqstan»-ға сұхбат бергенде «Бүгінгі жастардың деңгейі бірдей. Ең болмаса, ішінен біреуі суырылып шығуы керек қой. Жаңалық әкелгісі келмейді» деп айтыпты. Жамбылдың театрының жастары туралы не айтуға болады? Әбиірбек Тінәлі: Қай театр болсын, дарынды актерлер бар. Жастарымыз қуатты. Бірақ соны аша алмай жатқан сияқтымыз. Шынында режиссер мәселесі бізде өте маңызды. Сырттан шақыртылған режиссер спектакльді бір ай мерзім ішінде қояды. Кейбірі тіпті 10-15 күнде бітіріп жатады. Міне, актерлардың образын ашу мәселесіне осылайша атүсті қарайды. Әр актерға жеке көңіл бөліп жұмыс істемейді. Асығыс. Үйретпейді. Өзі актер болмай, қандай режиссер шығады? Асқарбек Сейілхан: Мен осы қазіргі жас актерларға жаным ашиды. Нағыз өздерін көрсететін уақыт, алайда, таланттары босқа кетіп жатыр. Сол жастар арқылы театрдың дәрежесін, репертуарды көтертіп алу керек, театрды жаңарту керек. Сол баяғы «Серілер», «Қыз Жібек», «Сыған серенадасы» – соларды қайталап қоя береміз. Құрманғазы Демеш: Негізі драматургтың да еңбегі, рөлі зор. Мысалы, қайбір кезде Шерхан атамыздың «Домалақ Ана» шығармасын сахнаға шығаруға көркемдік кеңес жол бермей қойды. «Мынаның бояуы әлі қанбаған» деген қорытынды шығарды. Бірақ оны Қарағандының театры қойып жіберді. Бізге сапаға жұмыс істейтін адал көркемдік кеңес ауадай қажет. Әбиірбек Тінәлі: Иә, шынында біздің жастар өз қазанымызда ғана қайнап жатыр. Осыдан барып өзімізді өзіміз мақтаймыз. Фестивальдарға бармаймыз. Сыншылардың сынын естімейміз. Ең болмаған сол сыншыларды өзіміз шақырып, өнерімізді көрсетіп, қай тұстарын түзеу керектігін сұрастырып алуға болады ғой. Құрманғазы Демеш: Тағы бір айтары өнер фестивальдарында ынталандыру деген сыйлықтар бар. Театрды құртатын осындай сыйлық, дипломдар. Диплом сені мадақтау емес, сорлату сияқты боп көрінеді. Ал біз диплом алып келіп, оны дардай қыламыз. Оралхан Дәуіт: «Өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды». Елдің елдігін танытатын үлкен саланың бірі – өнер мен мәдениет. Бүгінгі бас қосуымыз өткен күндерге деген сағыныштан, бүгінде ортамызда жүрген өнер иелеріне деген сүйіспеншіліктен және театр өнеріне деген құрметтен туындағаны анық.
Ендеше әдемі әзілдей білейік, орынды қалжыңдай білейік. Және сол қалжыңды көтере білейік, ағайын.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді