- Advertisement -

Аялдамаға ыңғайлы орындықтар орнату қиын ба?

45

- Advertisement -

Қай заманда, қай қоғамда болмасын, кез келген мемлекеттің басты байлығы адам болғандықтан, дүниедегі мүмкін нәрселердің барлығы ең алдымен сол адамдардың игілігі үшін жасалуы тиіс. Мәселен, дамыған елдерде солай қалыптасқан, не жасалса да бірінші кезекте ел тұрғындарына жайлы, ыңғайлы, қолжетімді болуы қарастырылады. Ал бізде, өкінішке қарай, кей жағдайда адамдардың игілігі кейінгі кезекке ысырылып, бір игі іс қолға алынғанда әуелі бөлінген қаражатты жылдам игеру, әйтеуір жоспарды қалай болғанда да орындау керек деген қыңыр түсінік алдыңғы орынға шығып кететіні жасырын емес. Соның бір мысалы ретінде, облыс орталығындағы кейбір автобус аялдамаларының қазіргі келбетін айтуға болады.

Тараз қаласында бүгінде 629 аялдама бар екен. Жыл сайын осы аялдамаларды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын қаланың шағынаудандарында бірқатар автобус аялдамасы жаңаланды. Жаңарғаны жақсы әрине, егер ол талапқа сай, заманауи үлгіде болса, тұрғындарға ыңғайсыздық, жайсыздық тудырмаса! Десек те, олардың бүгінгі жай-күйіне тұрғындардың көңілі толмайтыны да рас. Енді сол аялдамалардан тұрғындар «не жамандық көрді» десеңіз, айтайық. Мәселен, тараздықтарды осыдан бірнеше жыл бұрын шағынаудандарда соғылған аялдамалардың сапасының сын көтермейтіні қынжылтады. Біріншіден, автобус аялдамаларының түгел темірден ғана тұрғызылғаны, тіпті адам отыратын орындықтарының өзі де. «Бұрындары осындай темір орындықтар теміржол бекеттерінің ішіндегі күту залдарында жиі кездесетін әрі ол жолаушылардың наразылығын тудыратынын білетінбіз. Енді далада, ауа райының ыстық-суығын есепке алмастан аялдамаларға темір орындықтар қойғанды да көзіміз көрді», – дейді наразы тараздықтар.

Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне аталған аялдамалар туралы мәлімет алу үшін бас сұққан едік. Қажетті ақпаратқа қолымыз оңайлықпен жетпейтінін мекемеге кіргеннен-ақ, қызметкерлерінің бір-біріне сілтеп жолатпағанынан-ақ түсінгендей болдық. Әрине, асықпай, мекеменің тәртібімен басшының атына хат жазып, оны портал арқылы тиісті мекенжайға жолдап, қажетті уақытты шыдамдылықпен күтсек, жауап та болар еді- ау.

Бірақ біздің көздегеніміз, аялдамалардағы сол темір орындықтарды соғуға қай әкімнің «ақылымен» тапсырыс берілгенін, оны жүзеге асырған мердігер кім екенін анықтап, оларды жауапқа тарту емес, әрине.

Дегенмен тұрғындардың жайлылығы үшін жасалуы тиіс орындықтардың неліктен темірден соғылғаны, біліп тұрсақ та, қызықтырмай қоймады. Аталған бөлімнің коммуналдық шаруашылықты шұғыл басқару секторының меңгерушісін жұмыс орнынан таппаған соң, сондағы мамандардан сұрадық.

Жазбаша жауап беруден жалтарған жас жігіттердің ауызша айтарлары аз болмай шықты.

«Оған тұрғындардың өзі кінәлі. Ағаштан жасаса, қиратып тастайды. Содан темірден жасауға мәжбүр боламыз да…» деп, әдеттегідей ойланбастан кінәні халыққа арта салды.
Соңғы күндері облыс орталығында қатты аяз қысып тұр.

Қаладағы «Талас» шағынауданындағы орындығы темірден жасалған аялдамада мұздай орындыққа тізе бүкпестен қоғамдық көлік тосып тұрған бір-екі тұрғынды сөзге тарттық. «Бізде не жасалса да халықтың қамы үшін емес, есеп үшін жасалатын болды ғой!», деп гүр ете қалған егде жастағы ер азамат өзін Григорий Игнатьевич деп таныстырды.

Зейнетке шыққанға дейін қалааралық автобус жүргізушісі болған өзге ұлт өкілінің Балқаш қаласынан көшіп келгеніне оншақты жыл болыпты. Қазіргі жағдайды сонау кеңес заманымен салыстырып, сол кездегі сапаның мықтылығын мысалға келтіре тұрып айтарын жеткізген тұрғын: «Қазір сапа емес, санға жұмыс істеп, жоспар қуып кеткен уақытта өмір сүріп жатырмыз ғой. Әйтпесе, мынадай аялдамаға ит байласаң тұрмайды емес пе?», деп басын шайқаған күйі күткен көлігіне мініп кетті.

Оның пікірін аялдамада тұрған басқалар да жалғай жөнелді.

– Мен 2004 жылдан бері қаланың 11-ші шағынауданында тұрамын. Мына өзіңіз көріп тұрғандай, темірден қалқайтып тұрғызылған аядай аялдама тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып келеді. Осыдан бес жылдай бұрынғысы әлдеқайда тәуір еді, екі жерден ағаштан орындығы қойылған, жан- жағы қоршалған болатын. Соны бұзып, мына Қожанасырдың жыртық шапанындай болған, жел уілдегенде тығыларға тесік таппайтын аялдаманы қалқайтып қойды. Бұл қыста да, жазда да, қарда да, жаңбырда да ешкімге пана болып жарытпайды. Тек қоғамдық көліктер тоқтау үшін ғана тұрғызылған сияқты. Ал мына орындықтарды темірден қойғанын адамдарды қорлағандық деп түсінемін. Қаладағы қоғамдық көліктердің жүру кестесінің жайы айтпаса да белгілі, кейбірін ұзақ күтуге тура келеді. Сондай кезде тізе бүге алмай қор боласың ғой, шіркін. Темір орындық болса жазда ыстық, қыста мұздай болып қарып кетеді. Сөйтесің де осындай жобаны кімнің ойлап тапқанына таңғаласың. Оның басы-қасында жүргендер біз сияқты автобус күтпейтін, бел-аяғы ауырмайтындар шығар, бәлкім?! Аялдамада адамдарға ыңғайлы орындықтар орнату қиын ба? Олардың тұрғындар үшін жайлылығын ойламай ма алдымен. Бүгінгідей минус 20- 25 градус аязда солардың өздерін осы темір орындықтарға отырғызып қойса, қалай болар еді, – деді

«Қазфосфат» ЖШС-ында оператор болып жұмыс істейтін Дәметкен Көшекова.

Қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің коммуналдық шаруашылықты шұғыл басқару секторы мамандарының айтуынша, аталған аялдамалар жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жасалған. Бірақ қай жылы, қай әкімнің тұсында, қандай мердігерлер айналысқаны туралы мәліметті бере алмады. Ал сектор меңгерушісі Мұрат Кәрібаевты жолықтырудың сәті түспеді. Дегенмен мамандардың сөздеріне сенсек, қазіргі кезде темір орындықтарды ағаштан жасалған орындықтарға ауыстыруға бюджеттік өтінімдер беріле бастапты.

Сөзімізді түйіндесек, облыс орталығына соңғы жылдары басшы тұрақтамай, олардың жиі-жиі ауысып жатқаны жасырын емес. Қала тұрғындары қазіргі қала әкімі Бақытжан Орынбековтің жұмысқа кірісе сала біраз шаруаларды қолға алып жатқанынан да жақсы хабардар. Ендеше, жоғарыда айтылған темірмен құрсауланған аялдамаларды қайта жаңғырту қолға алынып, тұрғындардың талап-тілегі ескерілсе екен дейміз.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support