Жамбылда не жаңалық?
Жаңа заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттырады
- author «Ақ жол»
- 10 қаңтар, 2023
- 393
Жаңа заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттырады
Жақында Мәжіліс депутаттары «Денсаулық сақтау туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қабылдап, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін енгізу туралы мәселе көтерді. Бұл – соңғы кездері мәртебелері төмендеп кеткен денсаулық сақшыларының кәсіби жауапкершілігін арттырып, абырой-беделін жоғарылатуға жасалған 2022 жылдың басты жаңалығы болды. Медицина қызметкерлерінің жұмысы қашан да ауыр қауіп-қатерлермен байланысты. Кейде кәсіби қателіктерден өздері де көп зардап шегеді. Себебі заман ағымына сай адамдар өздерінің құқықтарын жоғары қоятын болды. Талап жоғарылаған сайын ізденістің өрісі де кеңейе түседі. Сол себепті медициналық қызмет көрсету сапасына деген сұраныс та артты. Мысалы, аллергиялық реакциялардың жиі кездесетін жағдайларында оларды бірден анықтау қиын. Басқа да осындай ауру белгілерінің ерекшелігі – дұрыс диагнозды өзгертеді немесе ғылыми жаңалықтарға байланысты медицинада кейде хаттамалар өзгеріп отыратындықтан, ем түрлері де жаңаланып кетеді.
Медициналық персоналға қатысты залал денсаулыққа, мүлікке және басқа жағдайда жеке адамға моральдық нұқсан келтіргені үшін санкциялар мен азаматтық және қылмыстық заңнамаға жатады. Көп жағдайда дәрігерге тағылатын айып, тіпті кейде қылмыстық істерге жалғасып кетіп жатады. Дегенмен көп жағдайда қылмыстық істердің 70 пайызы медициналық қызметкерлердің кінәсі жоқ болғаны үшін тоқтатылады. Себебі науқастың сараптау-талдау материалдары медициналық сараптамадан соң дәрігердің кінәсінен емес, пациенттің бойындағы жасырын аурулардың асқынуынан болғандығы анықталып жатады.
Кәсіби жауапкершілік жүйесі аясында медицина қызметкерлері дау-дамайды жан-жақты зерттеп, тәуелсіз сарапшылар арқылы сотқа дейін реттеуі керек және келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуі тиіс. Пациент келіспеген жағдайда медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесі деңгейінде қаралып, оның қорытындысы залалды өтеу үшін сақтандыру компаниясына жіберілуі керек. Науқастың туысы немесе өзі келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге құқығы бар. Медицина қызметкері тарапынан пациенттің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу қолданыстағы сақтандыру компаниялары арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл жағдайда сақтандырушы – ол жұмыс беруші, ал медициналық ұйым сақтандыру компаниясымен ұжымдық шарт жасасады.
Заң жобасында кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін құқықбұзушылықтарды ізгілендіру және қылмыстық кодекс бабының санкциялық шараларын төмендету жөніндегі нормалар көзделген. Мұндай жағдайда денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшерін және қамауға алу мерзімін азайту ұсынылады. Науқастың денсаулығына ауыр зиян келген немесе қайтыс болған кезде бас бостандығынан айыру – жаза мерзімдерін қайта қарау мен бас бостандығын шектеуге ауыстырылады.
Заң жобасы, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға және әлеуметтік қолдауға, түрлі марапаттар беруге, 2023 жылы жалақыны арттыруды жалғастыруға бағытталған. Жаңа тәсіл медициналық көмектің сапасын, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еліміздегі денсаулық сақтау рейтингіне халықаралық деңгейде әсер етеді.
Биылдан бастап медициналық ұйымдардың өздері жеке сақтандыру компанияларымен шарттар жасасатын болады. 2025 жылдан бастап ортақ негізде сақтандыру-медициналық ұйым және медицина қызметкері негізінде жұмыс істейді. Сақтандыру шарты медициналық оқиғалар бойынша барлық төлемдерді жабу үшін бір жылға жасалады. Осының барлығы медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне жасалып отырған қамқорлықтар.
Гүлмайра МОМБЕКОВА,
«Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді