«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақ тұрғындары жарықсыз, жылусыз қалмайды

Аймақ тұрғындары жарықсыз, жылусыз қалмайды
ашық дереккөз
Аймақ тұрғындары жарықсыз, жылусыз қалмайды
Жылыту маусымының барысы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңес отырысында жан-жақты қаралды. Облыс әкімі жиында әуелі Сарысу мен Талас аудандарында қатты дауыл салдарынан орын алған төтенше жағдай кезінде бүлінген нысандардың және электр бағандары мен желілерінің қайта қалпына келтірілуі, сондай-ақ аудандағы жылыту маусымының қалай өткізіліп жатқанын сұрады. Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің айтуынша, электр желілеріне зақым келген 25 елді мекеннің 24-іне бүгінгі таңда жарық берілген. Сондай-ақ Жаңатас қаласында жылу қазандығы қайта іске қосылған. Қазандыққа қажетті 1840 тонна мазут жеткізілген. Алдағы айларға 2000 тонна мазут алу жоспарлануда. Талас ауданында да жағдай тұрақты екен. Ол туралы аталған ауданның әкімі Нұрбол Жүнісбеков айтып өтті. Жылыту маусымының жалпы барысы туралы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, жылыту маусымының аяқталуына 80 күн қалыпты. «Болжам бойынша ауа райы алдағы апталарда қатты суытады деп күтілуде. Түнде ауа температурасы 25 градусқа дейін төмендемек. Жекелеген күндері жел тұрып, боран тұрады деген болжам бар», деді ол. Облыс бойынша 9 негізгі жылу энергетика кәсіпорны және 565 автономды қазандық жұмыс істеуде. Қазіргі таңда отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде, диспетчерлік-апаттық қызметтері тәулік бойы өз жұмысын атқаруда. – Ауа райының қолайсыздығына байланысты жылыту маусымы кезеңінде бірқатар мәселелер туындады. Ағымдағы жылғы 3 қаңтар күні орын алған қатты желдің салдарынан Сарысу, Талас аудандарында жоғарғы және төменгі кернеулі электр желілерінің зақымдануы жылу жүйесіне кері әсерін тигізді. Ол күндері желдің екпіні секундына 38-42 метр аралығында болды. Нәтижесінде, «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 110 кВ және 6-10 кВ электр желілерінде 659 дана бағана, 659 траверс, 140,7 шақырым электр сымдары, 4 410 дана аспалы шыны изоляторлары зақымданды. «KEGOC» АҚ-ның 220 кВ электр желілерінде 7 дана бағана, 25 шақырым электр сымдарына зақым келді. Орын алған апатты жағдайдың салдарынан Сарысу және Талас аудандарында электр, жылу, ауыз су беру тоқтатылды. Орын алған техногендік ақаулардың салдарын жою мақсатында аудан әкімдіктерінің қаулысымен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Келтірілген залалдарды жою үшін 27 бригада құрылып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Жаңатас пен Қаратау қалаларында қазандықтар іске қосылып, жылу қайта берілді, – деді басқарма басшысы. Төтенше жағдай жарияланған аудандарда бірқатар әлеуметтік нысандардың қазандығы дизельдік генераторлар арқылы жұмыс істеп тұрғаны айтылды. Әрине, жылу беретін жылу орталықтарында мәселелер бар. Өйткені олардағы құрал-жабдықтың тозу пайызы жоғары. Басқарма басшысы жылуға қатысты бірде-бір мәселені назардан қалдырмай баяндап шықты. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов алда әлеуметтік нысандардың қазандығына балама көзі ретінде дизельдік генераторлар алып орнату қажет екенін, оның орындалуын аудан әкімдері мен жауапты басқармаларға тапсырды. Сондай-ақ алда күннің суытатынын айтып, жылу желілерінде ақау болмайды ма деп сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, қазандықтарда 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылған. Мәселе жел тұрған кезде кейбір елді мекендерде жарық сөніп қалған кезде жылу қазандықтарының тоқтап қалу қаупінің барын айтты. Ондағы жылу жүйесінің қатып қалмауы үшін тиісті шаралар қолға алынғанын жеткізді. Жалпы, аймақ тұрғындары жарықсыз, жылусыз қалмайды деп сендірді. Аймақ басшысы бірқатар монополист компания басшыларын орнынан тұрғызып, олардың жұмысына сын айтып, ескерту жасады. Сондай-ақ облыс әкімдігінің білім, денсаулық, мәдениет және спорт басқармаларының басшылары мен басқа да мекемелерде жылыту маусымының өту барысымен танысты. Бұдан кейін күн тәртібіне қойылған көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Ол туралы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков баяндады. Сонымен қатар аймақ тұрғындарымен әлеуметтік желіде кері байланыс орнату аясында жүргізілген жұмыс барысы аппарат кеңесінде қаралды. Облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбеков, облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы және Жамбыл облысының бірыңғай диспетчерлік қызметінің басшысы Бақкелді Тұрсынбек хабарлама жасап, нақты дәлелдер келтіре отырып, қала, аудан әкімдері мен басқармалардың өткен жылы атқарған жұмысына баға берілді. Көп сын-ескертпе Тараз қаласына қатысты болғандықтан шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков өз пікірін, ұстанымын жеткізді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жиын барысында айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығаруды басшылыққа алып, жұмыс істеуді қала, аудан әкімдері мен басқарма және бірқатар мекеме басшыларына тапсырды.  

 Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар